Суға шомылу сақтықты қажет етеді

0 216

Жаз айларының басталғанына да біршама уақыт өтті. Жаздың ыстық күнінде адамдар өзендер мен көлдерге асығады. Салқын суға шомылу, ыстық құмға жату, көл немесе өзен жағасында серуендеу керемет-ақ. Мұндай демалыс кезінде су тек жанға рахат сыйлап қоймайды, сонымен бірге, ол үлкен қауіп төндіретінін әрдайым есте ұстау керек. Тіпті, тыныш су беті, айқын қауіпсіздікке қарамастан, қауіп-қатерге толы.

Көбіне жас жеткіншектердің суға шомыла алмауы, олардың суда қауіпсіздік ережелерін орындамауы орны толмас қайғы мен өкінішке әкеліп жатады. Біз көбінесе балаларды өз еркімен жіберіп қоямыз. Баланы еркін ұстау керек деген қағиданы ұстанып алғанымызбен қауіпсіздік шарасын естен шығарып аламыз. Суға шомылу маусымының басталуына байланысты суда қаза болудың алдын алу үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел — құтқару жасағының құтқарушыларымен облыстың су айдындарында алдын алу іс-шаралары жүргізілуде. Атап айтқанда, Талас ауданының Қаратау қаласындағы Жартас көлінде балаларды жүзуге үйрету бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралар барысында алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсету тәсілдері, сондай-ақ суға батқандарды құтқару әдістері көрсетілді. Сондай-ақ, суда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері бойынша профилактикалық сабақтар өткізілді. Тараз қаласының № 46 орта мектебінде және Талас ауданы Қаратау қаласының А.Байтұрсынов атындағы гимназиясында педагогтер мен жоғары сынып оқушылары арасында суда адамдардың қаза болуына жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сабақтарды өткізуге мектеп қызметкерлері, ата-аналар және осы білім беру мекемелерінің оқушылары қатысты. Іс-шаралар барысында жадынамалар мен буклеттер таратылды.

Қазақта: «От пен суға батырлық жүрмейді», — деген тәмсіл бар. Жастық жігерге салынып, суға шомылуда көзсіз ерлікке жол беруге болмайды. Дене қызып тұрып, бірден салқын суға секіруге де тыйым салынған. Алдымен денені суға үйретіп алу керек. Ол үшін аяққа, бет, құлақ және басқа, қол мен иыққа су тигізіп, денені қалыпты жағдайға келтіру керек. Бірден секіріп кеткен жағдайда аяқ-қолдың тартылуы суға батып кетуге әкеледі. Одан кейін жүзу білмеген жағдайда жағалаудан алыстамаған жөн.

Мамандар осындай ескертпелерді ұсынады. Бұл ережелерді ата-ана мен балалар естен шығармағаны абзал. Төтенше жағдай қызметкерлері жазғы демалыста абай болуға шақырады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.