Суда жүзуден жүйрік атанды

0 20

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлініп жатқандығының нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жандар өздерін сан қырынан танытып, тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз баянды, келешегіміз кемел болуы үшін қал-қадірінің жеткенінше аянып қалып жатқан жоқ.

Мәселен, соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спортқа бет бұрушылардың қатары жыл санап өсіп, жүзден жүйрік шыққандары әлемдік ареналарда ел абыройын асқақтатып жүр. Бірнеше жыл бұрын Рио төрінде өткен Паралимпиада ойындарында суда жүзу спорты бойынша алтыннан алқа тағынып қана қоймай, әлемдік рекордты жаңартқан Зульфия Габидуллинаның жарқын жеңісі осы сөзіміздің айқын айғағы.

Міне осындай спортты серік еткен мүмкіндігі шектеулі болса да мүддесі биік жандар жуырда Тараз қаласында бас қосты. Ағымдағы жылдың 3-5 маусым күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында пара жүзуден жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ел біріншілігінде Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарынан барлығы 45 спортшы бақтарын сынады.

Чемпионатта Жамбыл облысының атынан дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубынан 11 спортшы қатысып, жарыс қорытындысы бойынша 5 алтын, 3 күміс және 4 қола медальға қол жеткізді.

Атап өтер болсақ, көру қабілеті төмен спортшылар арасында Айбек Искра 50 метр шалқалап жүзу мен баттерфляй әдісі бойынша жүзуден жеңімпаз атанса, 50 метр еркін жүзуде екінші орынды иеленді. Сондай-ақ, тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар сапында Полина Скорожевская 50 метр қашықтыққа брасс әдісімен жүзуде алтынан алқа тағынса, Сауле Садықова 50 метр шалқалап жүзуде командаласының нәтижесін қайталады, ал 100 метр еркін жүзуде екінші орын иеленсе, 50 еркін жүзуде үшінші тұғырдан көрінді.

Сонымен қатар, Жанат Нышанали 100 метр еркін жүзуде жеңімпаз атанып, 50 метр еркін жүзуде үшінші орынды иеленді. Облыс құрамасы сапында Құдабай Қуаныш 100 метр еркін жүзуде үшінші орын, Анель Амангельдиева 50 шалқалап жүзуде күміс жүлде, Әлібек Диас 50 шалқалап жүзуде қола жүлдеге ие болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.