Шулықтарға жер телімі берілуде

0 552

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында: «Нұрлы жер» бағдарламасы аясын­да жеке тұрғын үй салу ісі баяу жүріп жатыр. Мұның басты себебі – үй салынатын аумақты дайындау ісінің қарқыны төмен. Өйткені заң бойынша су және электр желілері жүргізілген аумақтан ғана жер беріледі. Жер үй тек баспана ғана емес, сондай-ақ табысы аз, әсіресе көпбалалы отбасылардың экономикалық тірегі де бола алады. Үкімет пен әкімдіктер әлеуметтік жер үйлер салынатын учаскелерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісін жеделдетуі қажет. Бұл ретте, мемлекет-жекеменшік әріптестігін де қолданған жөн»,–деп Үкімет пен жергілікті атқарушы органға нақты тапсырмалар жүктеді.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сай халықты қолжетімді баспанамен қамту жұмыстары қарқын алуда. Мәселен жыл аяғына дейін облыста 2902 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілмек.

Шағын қалаларда да тұрғындарды тұрғын үймен, жермен қамтамасыз ету кейінгі жылдары мемлекеттік қолдаудың ықпалында айрықша қарқын алды. Әрбір ауданда облыс әкімінің тапсырмасына аясында жұмыстар жоспар-жоспарымен жүргізілуде. Атап өтер болсақ, Шу ауданында жер кезегінде тұрған азаматтарға жер беріп, жаңа тұрғын алқаптарға инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жандана түскен. Жалпы аудан бойынша тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 5906 азамат (Шу қаласында — 4082, Төле би ауылында -1534, Алға ауылында- 290) тіркелген. Бүгінде Алға ауылында 25 гектар тұрғын алқапты электр желісімен және ауызсумен қамту жұмыстары аяқталып, кезектегі 220 азаматқа жер учаскелерін үлестіру жұмыстары ұйымдастырылуда.

Сол секілді Төле би ауылындағы 147,73 гектар тұрғын алқапқа электр желісі жүргізіліп, сумен қамтамасыз етуге 688,0 миллион теңге қаражат бөлініп, мердігермен келісімшарт жасалған. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Биылғы жылдың соңына дейін Төле би ауылынан кезектегі 859 азаматқа жер телімін беру жоспарланып отыр.

Шу қаласындағы 258,7 гектар тұрғын алқапқа электр желісі жүргізілсе, көше жолдарын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ауызсу құбырын жүргізуге бюджеттік өтінім берілген. Жобалық-сметалық құны-981,6 миллион теңге.

Осылайша аудан халқының саны жыл санап өсіп, тұрғын үйге және жерге деген кезек саны күн санап артып жатқан уақытта салаға алабөтен мән беріліп, қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқаны қуантады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.