Шуда шешімін күткен мәселе көп

0 640

Жуырда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Шу ауданына барып, егістік алқаптарын аралап, шаруалардың жай-күйіне қанығып, бірқатар әлеуметтік нысандарға да арнайы ат басын бұрды.

Бердібек Машбекұлының ауданға жұмыс сапары берекесі тасыған, шаруасы шалқыған Ақсу ауылынан басталды. Аталмыш елді мекендегі атымтай жомарт азаматтардың демеушілігімен салынған соғыс ардагері Әшімқұл Тілеужанов атындағы саябақты көріп, игі істің басы-қасында болған азаматтарға алғысын жеткізді. Айта кету керек, ауыл тұрғындарының бір мезгіл сейіл құрып, тынығуына арналған демалыс орнының құрылысын майдангердің артында қалған ұрпақтары 47 миллион теңгеге жүргізіпті. Қазіргі таңда саябақ ауылдың ажарын ашып, алыстан менмұндалап тұр.

Ал соғыс ардагері, өмірін білім саласына арнаған ұстаз Әшімқұл Тілеужановтың ұлы Болат Тілеужан туған жерлері Ақсудың ажарын ашу үшін қолдан келген көмектің барлығын жасап жатқанын тілге тиек етті.

Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы аудандағы «Қызылша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігімен де танысты. Серіктестік ағымдағы жылы 1122 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын орнатып, су тапшылығынан құтылып отыр. Жалпы аталған серіктестіктің жер көлемі 3819 гектарды құрайды екен. Өздеріне тиесілі егістік алқабына жүгері, қызылша, картоп егіп, егін шаруашылығын дамытып отыр. Ал серіктестіктің бас директоры Мұқаш Үсембаев өз кезегінде шаруашылықтың қазіргі жай-күйін баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Тірлігі тиянақты, келешегі кемел серіктестіктің жұмысына аймақ басшысы оң бағасын беріп, агросаланың серпінді дамуына үлес қосып жатқан шаруаларды қолдау жұмыстары жалғаса беретінін тілге тиек етті.

Бұдан кейін аймақ басшысы сыйымдылығы 620 миллион текше метрді құрайтын «Тасөткел» су қоймасына барып, вегетация кезеңінің барысымен танысты.

Келесі кезекте аудандағы құрылысы жүргізіліп жатқан білім нысандарын аралап, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Мәселен Төле ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің жанынан бой көтеріп жатқан қосымша ғимараттың жобасы алғашында дұрыс болмағандықтан құрылыс жұмыстары жоспардан кешігіп келеді екен. Жағдайды өз көзімен көріп, мәселенің мәнісін тыңдаған Бердібек Сапарбаев мердігер компанияға жоспарлы жұмыстарды уақытында аяқтауды және сапасына мән беруді тапсырды. Сол секілді әл-Фараби атындағы орта мектептің құрылысы да бекітілген кестеден кешігіп келеді. Аймақ басшысы мердігер компания –«Сұңқар-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысына, облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевқа білім нысанының құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды баса айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.