Шуда сақтық шаралары өз деңгейінде

0 370

Ағымдағы аптаның сәрсенбісінде аудандағы бірқатар сауда орындарына, дәріханаларға, орталық базарға мониторингтік бақылау жүргізілді.
Коронавирус пандемиясының ықтимал екінші толқыны ушығып кетпеуі үшін тұрғындардың бірқатар талаптарды қатаң сақтауына жіті мән берілді. Бақылауда аталған нысандарда арақашықтықтың сақталуы, әр тұтынушыдан бетперде тағуын талап ету керектігі, сатушының қауіпсіздік нормаларын бұлжытпай орындауы, нысанның кіреберісінде антисептиктің қойылуы, азық-түлік пен дәрі бағасының негізсіз өспеуі ескертілді.
Құрамында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев, аудан әкімдігі өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Болатжан Төлендиев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ертай Күншашов бар мониторингтік топ алдымен «Диас», «Астана», «Адия» сауда үйлеріне, «Жәнібек» дәріханасына бас сұқты. Бұрынғыдай емес, қоғамдық орындарда азаматтар бетперде тағуға дағдыланған, ара-тұра арасында селқостық танытқан жандарға ескерту жасалды. Бұдан бөлек, аталған нысандарда арақашықтық жолақтары өшіңкіреп қалған, оған қоса антисептиктер жаңартылмаған. Тексеріс тобы орын алған олқылықтардың тез арада орнын толтыруды қадап айтты.
Бұдан әрі мониторингтік топ құрамы орталық базарға қарай бет алды. Көліктен түсе сала көзге түскен, жол бойында ретсіз тұрған, санитарлық талаптарға мүлдем сай келмейтін жабайы сауда орындарының иелеріне жабық орынға ауысуға ескерту жасалды. Ескертуден кейін нәтиже шықпаса, хаттама толтырылып, айыппұл салынатынын жеткізді. Жолда кезіккен бетпердесіз азаматтарға да түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Айғаным АСҚАРБЕК

Leave A Reply

Your email address will not be published.