Шуда қант зауыты салынады

0 4

Сәрсенбі күні ауданымызға облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев жұмыс сапарымен келіп, бірқатар өндірістік нысандарды аралады. Ол ең әуелі Тасөткел су қоймасының маңында орналасқан «Компания А&Т — Энерго» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

Айта кету керек, еліміздегі, оның ішінде өңіріміздегі өндіріс ошақтары мен халық саны артқан сайын электр энергиясына деген қажеттіліктің де артатыны түсінікті. Осыған байланысты экономикасы алшаң басқан алпауыт мемлекеттер қуат өндірудің халыққа қолайлы, әрі тиімді түрін ойлап табуды көздейді. Бұл елдердің қатарына біздің елді де енгізуге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында дәл осы энергия өндіру саласына айрықша тоқталып өткен болатын. Президент өз сөзінде: «Оңтүстік өңірде 1000 мегаватт энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Алматы қаласы мен Алматы облысындағы кабель желілері жаңғыртылуға тиіс. Бұл жобаларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі бір триллион теңгеден асады. Біз стратегиялық инвесторларымызбен бірлесіп, еліміздің түрлі өңірінде шамамен 2400 мегаваттық жаңғыртылатын қуат көзін іске қосамыз. Еліміздегі экология мәселесі басты назарда болуға тиіс. Әсіресе, ауаның тазалығы айрықша маңызды» — деген болатын.

Кейінгі жылдары біздің өңірдегі энергия өндіру саласында да соны серпін байқалып келеді. Ауданымызда балама- лы энергия көздерін пайдалану бойынша бірнеше электр стансалары жұмыс істеуде. Соның бірегейі ретінде облыс әкімінің орынбасары ат басын бұрған — «Компания А&Т — Энерго» ЖШС.

Алғаш рет 2013 жылы аудан аумағында құрылған серіктестік судан энергия өндіреді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша станция 560 395 706 теңгенің энергиясын, ал 2019 жылы 463 589 587 теңгенің қуатын өндіріпті. Мекеме басшылары бұл жетістікке тоқмейілсіп отырған жоқ. «Компания А&Т-Энерго» ЖШС өткен жылы су электр станциясының екінші жобасын жүзеге асыр- ды. Аталмыш серіктестіктің бұған дейін де жұмыс істеп тұрған су электр станциясы сағатына 2,2 МВт электр энергиясын өндіреді. Бұл станциядан өндірілген электр энергиясын Қордай мен Шу аудандарының тұрғындары тұтынады екен. «Компания А&Т-Энерго» ЖШС-нің кезекші электригі Қуаныш Толқымбековтың айтуынша, су электр станциясының екінші жобасы сағатына 0,9 мегаватт электр энергиясын өндіріп жатқан көрінеді. «Станцияда күніне 20 мегават қуат өндіріледі. Жалпы станция сағатына 9,2 мегаватт қуат өндіруге қауқарлы. Дегенмен қазіргі кездегі судың тапшылығына байланысты бірінші су электр станциямыз жұмыс істемей тұр. Қыс пен көктем айларында су мол болғандықтан тиісінше өндірілетін электр энергиясы да көп болады. Ал бұл жерден өндірілген электр энергиясы Шу мен Қордай аудандарына беріледі» — дейді ол.

Су электр станциясының жұмысына оң бағасын берген Алмас Өскенбайұлы бұдан әрі Шу қаласындағы Макарон цехында болып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұрнағы жылдары «Элнур Адил Групп» ЖШС бірегей жобаны қолға алған болатын. Алайда, елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты мұндағы құрылыс жұмыстары сәл саябырсып қалған еді. Десе де, ағымдағы жылы серіктестік макарон цехы, диірмен, элеватор және қойма нысандарының құрылысын бастап, бүгінде біршама жұмысты аяқтап үлгерген. Жобалық құны 3,5 миллион АҚШ долларын құрайтын жобаға Шу қаласынан екі гектарға жуық жер бөлініп берілген. Жоспар бойынша мұндағы диірмен тәулігіне 120 тонна, макарон цехы 22 тонна өнім өндіріп, айына 7000 тонна бидай сатуы тиіс. Ал бүгінгі таңда макарон цехына қажетті құрал-жабдықтар орнатылуда. Нысанның электр жүйесін жүргізу жұмыстары 90 пайызға аяқталыпты. Сәтін салса, цех үстіміздегі жылдың соңына дейін іске қосылуы тиіс.
Облыс әкімінің орынбасары аудандағы жұмыс сапары барысында «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында болып, мұнда жүзеге асқалы жатқан жобалардың жетекшілерімен онлайн басқосу өткізді. Айта кету керек, Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына орай қолға алынған «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында бастапқы кезде бұрын-соңды елімізде мүлдем өндірілмеген немесе аз көлемде ғана өндірілген әрі шетелдік және отандық инновация мен ғылыми-техникалық ізденістердің нәтижесінде өмірге келген экономикалық тиімділігі аса жоғары, экологиялық таза өнім түрлері шығарылады деп жоспарланған. Олардың қатарында егіншілікке жарамды жерлерді арамшөптен арылтудағы тиімділігі мен экологиялық залалсыздығына байланысты Америка мен Еуразия құрлығындағы ірі агроқұрылымдардың тарапынан үлкен қолдауға ие болған глифосат өнімі «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының» басты өнімдерінің бірі болады деп күтілген. Аталған жобалардың екіншісі жүзеге асып, кейінгі жылдары дайын өнімдерін өзге өңірлерге сата бастады. Ал өзге жобалар сол бойы жүзеге аспай қалды. Үстіміздегі жылдың басында ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы экономикалық аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтындығын жеткізген болатын. Өңір басшысы өз сөзінде: «Шу ауданында орналасқан «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағындағы жұмыстар әлі күнге дейін «Баяғы жартас, сол жартастың» күйін кешіп тұр. Бүгінгі күнге дейін 12 инвестициялық жоба жүзеге асуы керек болған. Өкінішке орай, қазіргі таңда тыңайтқыш шығаруға арналған бір ғана кәсіпорын іске қосылды. Оның өзі тиісті деңгейде жұмыс істемей тұр. Сондай-ақ, қант зауытының да құрылысы былтыр басталуы тиіс еді. Дегенмен, мердігерлер уәдесінде тұра алмады. Бір айта кететін жәйт, экономикалық аймақтағы басқарушы компания жеті жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанымен, мұндағы жұмыстарды өз деңгейінде үйлестіре алмай отыр. Компанияда қызмет ететін жұмысшылардың жалақысына бір жылдың өзінде жарты миллиардтың төңірегінде қаржы жұмсалады. Алайда, ешқандай нәтиже жоқ», — деп, мұндағы жұмыстарды сын тезіне алған еді. Осыған байланысты жергілікті билік экономикалық аймаққа тек химия бағытындағы емес, бұдан өзге де кәсіпорындарды орналастыруды қолға алған. Нәтижесінде, қазіргі кезде мұнда 9 жоба тіркеліп отыр. «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Мукамбеткалиевтың сөзіне сенсек, бүгінде бірнеше жоба іс жүзінде жүзеге асып жатыр екен.
– Бүгінгі таңда 20 инфрақұрылымдық нысанның 16-сы пайдалануға берілді. Бұл нысандардың барлығы арнайы экономикалық аймаққа кіретін инвесторлардың қолайлы жұмыс істеуі үшін жасалып отыр. Оның ішінде газ, су, электр энергиясы және теміржол торабы сынды қажетті нысандар толығымен дайын. Ал жобаларға келер болсақ, қазіргі кезде тіркелген 9 жобаның біреуі жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, қант зауытының құрылыс жұмыстары басталып, оған 100-ге жуық жұмысшы жұмылдырылды. Сонымен қатар, керамикалық ыдыс шығаратын зауыттың да құрылысы келесі жылы басталмақ. Қазіргі кезде барлық құжаттары тексеруден өтіп, арнайы жер бөлініп берілді, — дейді Қайрат Кенжебекұлы.
Басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев арнайы экономикалық аймақтағы жобаларды әлі де болса пысықтап, олардың нақты жұмыс істейтіндігіне көз жеткізу керектігін жеткізді. «Жобаларды іріктеуде шикілік көп. Қазіргі кезде тіркелген жобалардың басым бөлігінің болашағы жоқ. Сондай-ақ мерзімінен кешігіп жатқан жобаларды тереңірек зерделеп, кешігу себебін анықтау қажет. Оған қоса, кейбір жобалардың жүзеге асуына олардың қаржылық ахуалы қолбайлау болып отыр. Арнайы экономикалық аймақтың басшылығы осындай түйткілдерді ескере келіп, тек болашағы бар жобаларды ғана тіркеуді қолға алуы тиіс» — деді Алмас Өскенбайұлы.
Жоғарыда аталған барлық жобалардың жүйелі жұмыс істеуінің нәтижесінде бюджетке түсетін салық өсімі еселеніп, жаңа жұмыс орындары ашылып, сондай-ақ өнеркәсіп пен құрылыс нысандарының қатары артады. Бұның бәрі аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз. Облыс әкімінің орынбасары аудандағы жұмыс сапарының соңында аудан активімен жиын өткізіп, Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға жергілікті жердегі азаматтар да мейлінше атсалысу керектігін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.