Шу ауданында 96 жастағы кейуана екпе салдырды

0 29

Екпе салдыру – індеттің жаппай таралуына тосқауыл қойып, ел тұрғындарының қалыпты өмірге көшуіне ықпал етеді. Ал коронавирустың екпіні енді ғана басылып, ауру көрсеткіші едәуір төмендей бастағанда Нұр-Сұлтан қаласында ковидтің «Үнді» штамы анықталып, ел арасындағы үрей одан әрі үдей түсті. Әуелгіде екпе салдыруға енжар қарап келген жұртшылық осындай үрейлі хабардан соң жаппай вакцина салдыра бастады. Бұдан бөлек, жақындары үшін алаңдаушылық білдіріп, ерікті түрде екпе салдырып жатқандар да жетерлік.

Мәселен Шу ауданына қарасты Жаңа жол ауылының 96 жастағы тұрғыны Ифрат Халяпова 12 мамыр күні «Спутник-V» вакцинасының алғашқы дозасын салдырыпты. Жасы жүзге таяп қалса да жеке басының ғана емес, туыстарының да саулығына алаңдаған кейуана үстіміздегі аптаның дүйсенбісінде екпенің екінші дозасын қабылдады. Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның учаскелік медбикесі Гүлмира Алиеваның айтуынша, Ифрат Нуруллақызының жағдайы бірқалыпты. «Алғашқыда тұрғындар вакцина салдыру үшін аудан орталығына баруға мәжбүр болатын. Сәуір айынан бастап ауыл тұрғындарына жергілікті жерде сала бастадық. Тұтастай алғанда ауылда 2910 адам тұратын болса, оның 1341-і вакцина салдыруы тиіс. Бүгінгі таңда 572 тұрғын ерікті түрде екпе салдырды. Олардың қатарында Ифрат Халяпова да бар. Өзінің ғана емес, немере-шөберелерінің де денсаулығына алаңдап, екпе салдырған апамыздың бұл әрекеті Жаңа жол ауылының ғана емес, тұтас өңіріміздің тұрғындарына үлгі болуы керек деп ойлаймын. И.Халяпова бұған дейін денсаулығына байланысты шағымданған емес. Екпе салдырмас бұрын әжейдің денсаулығының дұрыстығына әбден көз жеткізіп, қажеті шаралардың барлығын жасадық. Күнделікті хәл-жағдайын біліп тұрамыз» — дейді медбике.

Ашаршылық жылдарындағы ауыр азапты көзбен көрген Ифрат Нуруллақызы Ұлы Отан соғысы кезінде де тылда еңбек етіп, жеңісті жақындатуға айрықша үлес қосқандардың бірегейі. Сондай-ақ бұрнағы жылдары қант қызылшасымен аты шыққан Шу ауданының беделді қызылшашыларының бірі болған. Балтамырдың бабын тауып, құрметке де бөленген. Бүгінгі таңда 6 баласынан өрбіген 13 немере-шөберелерінің ортасында шаттыққа толы күн кешіп отырған әжеміз аурудан айығудың жалғыз жолы — екпе салдыру екенін айтады. «Мен екпені өзім үшін салдырған жоқпын. Артымнан ерген ұл-қыздарым мен немере-шөберелерімнің денсаулығына алаңдадым. Бұл індеттен жапа шеккендерді көзімізбен көрдік. Жақыныңнан айырылудың қаншалықты ауыр екенін жақсы білемін. Сондықтан кеш болмай тұрғанда вакцина салдырып, кеселдің жолын ертерек кесу керек» — дейді И.Халяпова.

Расымен де, шулық кейуананың бұл ісі көпке үлгі болуы тиіс. Ең алдымен, екпе салдырмас үшін түрлі сылтау ойлап тауып жүргендер үлгі алса дейміз. Жалпы шалғайдағы Шу ауданында 100 мыңнан аса тұрғын бар болса, оның 49271 тұрғынына вакцина салдыру жоспарланған. Маусым айын есептегенде барлығы 13369 адам вакцина қабылдапты. Әзірге жоспар 27,1 пайызға ғана орындалып отыр. Дегенмен соңғы күндері екпе салдыруға ниетті тұрғындар саны едәуір арта түскен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.