«Шенеунік пе, бизнесмен бе?»: Назарбаевтың жалғыз өзі бірнеше қорға иелік етуде

0 1 095

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев жалғыз өзі иелік ететін бірнеше қор бар. Бұл туралы журналист Мият Кәшібай телеграм каналында жазды.
1. «Қазақстан республикасы тұңғыш президенті — елбасының қоры» деп аталады. 2000 жылы құрылған. Жиырма жыл жұмыс істеді.
Осы уақыт аралығында төлеген салығына қарап, аса ауқымды қор болды деуге негіз бар. Мысалы, 2016 жылы 5,7 млрд теңге, 2018 жылы 8,6 млрд теңге салық төлеген.

Қор қалай пайда тапқанын анықтай алмадым. Өйткені 2020 жыл бұл қор ресми түрде жұмысын тоқтатты. Ал егов ресми тіркеуден алынып тасталған заңды тұлғаның қандай компанияларға иелік еткенін көрсетпейді.

2. «Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қоры» деп аталады. Жоғарыдағы қордың орнын басқан ұйым деуге болады. Бұл қордың жалғыз құрылтайшысы бар. Ол – Нұрсұлтан Назарбаев.
2010 жылы тіркелген. 2014 жылға дейін бір тиын салық төлеген жоқ. Сірә, ресми тіркелген соң төрт жыл бойы жұмыс істемеген болса керек. Қор 2015-тен бастап қазынаға салық құя бастады. Cол жылы 6,5 млн, 2016 жылы 143,6 млн, 2017 жылы 333 мың теңге, 2018 жылы 0 теңге, 2019 жылы 50 мың теңге салық төлеген. Ал 2020 жылы тарихындағы ең көп салық, 12 млрд, 805 млн теңге салық төлепті. Биыл да төлеген салығы миллиардқа жуықтап қалды.

Қорға ақша қайдан келіп жатыр? Назарбаев осы қор арқылы «Астана» телеарнасына, Kazakhstan Today ақпарат агенттігіне, Haileybury Astana School коммерциялық емес акционерлік қоғамына, ROYAL CITY BUILD тұрғын үй-құрылыс кооперативіне және т.б алты қор мен ұйымға иелік етіп отыр.

3. «Демеу» жеке қоры. 2013 жылы құрылған. Сол кезден бастап жалғыз құрылтайшысы — Назарбаевтың өзі.
Бұл қор да түрлі компанияларға иелік етеді. Олар: Демалыс және ойын-сауық ұйымдастырумен айналысатын Vega Dom компаниясы, ROYAL CITY BUILD тұрғын үй-құрылыс кооперативі, Burabay Park қонақ үйі және Turion Investment Group компаниясы.

Бір қызығы, қонақ үй бинесімен айналысатын Turion Investment Group компаниясының құрылтайшысы Назарбаевтың «Демеу» қоры ғана емес. Одан бөлек, бұл компания құрылтайшылараның қатарында шетелдік «Аль Джасра Глобал Риэл Эстейт» және Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның Mercury Properties компаниясы бар. Демек, Динара Құлыбаева мен Нұрсұлтан Назарбаев серіктес.

Айтпақшы, Назарбаевтың бұл қоры тендерге де қатысып тұрады. Мәселен, 2018 жылы «ҚР президенті іс басқармасының автошаруашылығы» деп аталатын мемлекетік кәсіпорын «Демеу» қорынан 43,2 млн теңгеге қара түсті автокөлік сатып алды. Бір дана.

4. Назарбаев қоры. 2009 жылы құрылған. Жалғыз құрылтайшысы – Н.Назарбаев. Бұл қор — Алматы қаласында тіркелген Pioneer Capital Invest компаниясының құрылтайшысы.
Егов мәліметінше, бұл компанияның қызмет түрі: Басқа топтамаларға енгізілмеген сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандырудан басқа, қаржылық көрсетілетін қызметтердің басқа да түрлері.
Pioneer Capital Invest 2017 жылы құрылған. Бес жыл ішінде қанша пайда тапқаны белгісіз. Бірақ құрылған сәтінен бастап 2 млрд теңгеге жуық салық төлегеніне қарағанда, бұл да ірі компания екенін аңғару қиын емес.

5. Ресми атауы: «Елбасы Қоры» жеке қоры. Жалғыз құрылтайшысы — жоғарыдағы кейіпкер. Бірақ бұл әлі сәби қор. Биыл наурызда құрылған. Соған қарамастан, алты компанияның құрылтайшысы. Биыл 60 млн теңге жуық салық төлепті. Болашағынан үмітім зор) Әлі талай отелдер мен ірі компаниялардың құрылтайшысы атанарына сенімдімін)

P.S. Президент туралы заң бойынша да, Мемлекеттік қызмет туралы заң бойынша да елде шенеуніктерге бизнеспен айналысуға рұқсат жоқ. Бірақ Назарбаев бәрін айналып өтеді.
Конституциямыздағы «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» деген бап Назарбаевқа жүрмейді. Өйткені оның өз заңы бар. 2000 жылы өзі шығарған «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті — елбасы туралы» деп аталатын заңның үшінші бабы оны бәрінен арашалап алады.

Ескерту: Бұл материалды 2021 жылы 2 желтоқсанда Facebook-тағы парақшамда жариялағам. Авторы өзім.Ол кезде Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы деген лауазымы арқылы биліктің бір тармағын өз қолында ұстап отырған шенеунік еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.