Шақпақатада шарапаты мол іс жасалды

0 176

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Жомарт түлек» жобасы аз уақытта-ақ жемісін беріп үлгерді. Мәні бөлек, маңызы зор жоба облысымыздың әрбір аймағында өскелең ұрпаққа үлгі болар ілкімді істердің атқарылуына ұйытқы болуда. Он жылдық, жиырма жылдық түлектер туған жерлеріне жоба аясында мүмкіндіктеріне қарай тарту жасауда. Нәтижесінде көптеген елді мекендер еңсе тіктеп, ажары ашылып, келбеті көріктене түсуде.

Жуырда Жуалы ауданы қарасты Шақпақата ауылының түлектері де игі іс жасап, ауылдастарының алғысын арқалады. «Адамның кіндік тамған жерге, маңдайының тері де таму керек» екенін ойлаған №4 Құрманбек Сағындықов атындағы мектептің 2011 жылғы түлектері меткеп бітрігендеріне он жыл толуына орай ауылдарына сыйлық жасады. Яғни аталған мектептің он жылдық түлектері «I LOVE SHAQPAQ ATA» (Мен Шақпақатаны сүйемін) мағынасында инсталляциясын орнатып, ауылды ажарландыра түсті.

– Бүгінгі таңда сыныптастарымыз Қазақстанның әр аймағында қызмет атқарып жүрсе де, біз үшін кіндік қанымызды жуған туған жеріміздің орны бөлек. Шатпақата да балалық бал күндеріміз өтті. Алақандай ғана ауылда өсіп, есейіп, үлкен өмірге қадам бастық. Шалалығымыз да, балалығымыз та туған жер төсінде қалды. Сондықтан да №4 Құрманбек Сағындықов атындағы мектепті бітіргенімізге он жыл толуына орай ауылға сый жасағанды жөн көрдік.

Әрине ұзай қалсақ сағынатын, қасиеті мен киесі өзіне қарай еріксіз тартып тұратын ауылымызға, алтын ұя мектебімізге қандай сый жасасақ та аздық ететіні анық.

Менің ойымша ұлттық патриотизм туған өлкеге сүйіспеншіліктен басталады. Қалалық болып жүргендердің қай-қайсысы да осы шағын мекендердің топырағы сыйлаған сарқылмас қуаттың күшімен азаматтық болмысын қалыптастырып, өмірлік мақсатын орындап келеді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп тереңнен қозғағаны да сондықтан. Ал ауыл түлесе –қазақ түлейді. Өйткені ауыл мен қазақ ажырамас ұғымдар,–дейді №4 Құрманбек Сағындықов атындағы мектептің он жылдық түлегі.

Осылайша аймақ басшысы Бердібек Машбекұлының жарқын жобасының ықпалымен туған жерге өлім-жітімге бата жасау үшін ғана емес, туған жерін түлетуді мақсат еткен түлектердің көбейгені қуантады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.