Семинарлар, форумдар, конференциялар… Трұмов 35 млн теңгені қайда жұмсайды?

0 355

Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы биыл 35 016 000 теңгеге конференциялар, семинарлар, форумдар басқа да түрлі шаралар өткізуге тапсырыс берген. Пандемия әлі аяқталған жоқ. Мұндай жағдайда түрлі жиындар өткізу, бюджет қаржысын шығындау қаншалықты тиімді?

Тақырыпқа орай: Трұмов Түпқараған ауданына тығылып барған ба?

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Nege.kz порталының сұрағына жауап берді.

«Ол жағдайдан хабарым бар. Республикалық бюджеттен Денсаулық сақтау саласындағы салауатты өмір салтын қалыптастыру, насихаттау, халыққа түсіндіру бағытында және Денсаулық сақтау саласын дамытуға байланысты 2020-2025 жылдарға арналған арнайы мемлекеттік бағдарламаны түсіндіру бағытында осындай тиісті қаражат бөлінген», – деді облыс әкімі. 

Серікбай Трұмов конкурс өткізіліп, арнайы мердігердің таңдалғанын атап өтті. Сол себепті бұл жұмыстар міндетті түрде жүргізілмек. Республикалық бюджеттен бөлінген былтырғы қаражат игерілмеген.

«Елге, халыққа тиісті бағдарламаны, мемлекеттік қызметті көрсетуіміз керек. Өткен жылы Республикалық бюджеттен 100 млн-ның үстінде қаражат бөлінген. Өкінішке қарай, өткен жылы пандемияның кезінде бұл қаражат игерілмеді. Сол себепті оны Республикалық бюджетке қайтарып бердік. Сондықтан биыл 35 млн теңге қаражатты игеріп, тиісті жұмыстарды жүргізуіміз керек», – деді Трұмов.

Алайда облыс әкімі қандай іс-шаралар өткізілетінін жіліктеп берген жоқ. Сондай-ақ пандемия жағдайында форумдар мен семинарлар өткізудің қаншалықты тиімді екенін де айтпады.

Бір атап өтетін мәселе – С.Трұмов орыс тілінде қойылған сұрақтарға қазақша жауап берді. Өңірдегі әріптестеріміздің айтуынша, облыс әкімі орысша қойылған сұрақтарға бұрыннан қазақша жауап береді және оған орыс тілді әріптестеріміз ренжімейді екен.

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.