Семейде автобус жүргізушілері тағы да наразылыққа шықты

0 221

Семейде автобус жүргізушілері наразылыққа шықты. Нәтижесінде қала тұрғындары қоғамдық көліксіз қалды.

 

Автобус жүргізушілері әкімдіктен тасымалдаушыға уәде еткен мемлекеттік субсидияны шұғыл түрде төлеуді талап етті.

«Бұл жұмысшыларға зейнетақы жарнасын аудару үшін жұмсалатын қаржы», — дейді ереуілшілер.

Жасыл автобус жүргізушілерінің бұл жолғы ереуілі аптаның ортасымен тұспа-тұс келді. Мұндағы мақсат – өздерінің көптен шешімін таппай келе жатқан түйткілдеріне қоғам назарын аудару. Өйткені жергілікті әкімдік автопаркті 170 автобус сатып алуға алған несиесін өтемегені үшін банкрот деп жариялаған еді. Дегенмен, жолаушы тасымалдаушы кәсіпорын бұған қарамастан өз жұмысын жалғастыра берді.

Қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлар субсидия бөлінуін және зейнетақы жарнасының аударылуын талап етіп, жұмысқа шықпай қойды. Ал оның кесірі қарапайым қала тұрғындарына тиіп жатыр.

“Мінеки бағанадан бері жарты сағаттан артық остановкада тұрдық Нахаловкада. 9-автобус келіп, әйтеуір отырдық. Бірақ ол автобус жеткеннен кейін мына жерде де автобустар, халықтың бәрі шулап жатыр. Автобустар жүрмей жатыр — мұның себебі неде деп. Ана бір жасыл автобустар жүрді, оларды алып тастапты. Енді кішкене автобустар, бұрынғы автобустар жүріп жатыр. Оның өзі аз, кейбіреуі тоқтап қалады”, – дейді тұрғындар.


“Не такси алмайды. Такси деген мың теңге сұрайды. Жол жағын шешсе болар еді сол, автобус жағын. Соны айтамын, соны сұраймыз енді”, – дейді тағы бір тұрғын.

Ал облыс әкімінің орынбасары бұл кәсіпорынның келісім-шарт негізінде жұмыс істейтінін алға тартып, ешқандай шара қабылдай алмайтынын жеткізді.

“Сіздер жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындарда келісім-шарт негізінде жұмыс істейсіздер. Сол құжат бойынша оларды сотқа берулеріңізге болады. Өз тараптарыңыздан мұның бірі де жасалмады. Сондықтан мен ешқандай да кедергі көріп тұрған жоқпын. Автобустарды тоқтатып тастағандарыңыз дұрыс емес”, – дейді  облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов.

«Semey Bus» кәсіпорнының қордаланып қалған қарызы 120 миллион теңгеге жеткен.

stan.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.