Сатушы да, сатып алушы да риза

0 19

Өткен сенбіде облыс орталығы Тараз қаласындағы «Grand bazaar» сауда кешенінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде Жамбыл, Талас, Қордай аудандары мен Тараз қаласы тауар өндірушілерінің сондай-ақ, «Алқаптан сөреге дейін» жобасына қатысушы жеке кәсіпкерлер мен тұрақтандыру қорының өнімдері ұсынылды.

Нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен бағада өткерілген тауарлардың көлемі 35,5 тонна болса, оның ішінде 4,6 тонна ет, 0,7 тонна шұжық өнімдері, 1,1 тонна сүт өнімдері, 1,0 мың дана жұмыртқа, 0,4 тонна кондитерлік өнімдер мен 1,0 тонна макарон өнімдері, 1,3 тонна балық, 1,0 тонна ұн, 0,9 тонна бал және 24,5 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.

Облыс орталығында өткен жәрмеңкеге келушілердің қарасы қалың болды. Әсіресе тұтынушылар тарапынан ет, сүт және көкөніс өнімдерінен бөлек «Алқаптан сөреге дейін» жобасына қатысушы жеке кәсіпкерлер мен тұрақтандыру қорының тауарларына деген сұраныс жоғары болып, тұрғындар сағаттап кезекте тұрды. Себебі, мұнда қант – 220 теңге, жұмыртқаның 1 данасы – 27 теңге, тұз – 37 теңге, өсімдік майының 5 литрі – 2800 теңгеден саудаланса, макарон өнімдері – 200 теңгеден сатылды.

Жәрмеңкеге Талас ауданы, Ақкөл ауылындағы «Ерлан» шаруа қожалығы сүт өнімдерін әкелсе, Жамбыл ауданындағы «Әділет» қожалығы сиыр етін жеткізіпті. Тұтынушылардың қызығушылығын тудырып қол жетімді бағада ұсынылған өнімдер лезде сатылып кетті.

– Мұндай жәрмеңкелер бізге өте ыңғайлы әрі тиімді. Мысалы, мен жұмыртқаның 10 данасын 270 теңгеге алсам, қантты 220 теңгеден сатып алдым. Басқа сауда дүкендеріне қарағанда мұндағы баға едәуір арзан. Сондықтан мұндай жәрмеңке жиі өткізілсе, біз тек қуанар едік, – дейді қала тұрғыны Асқар Утепов.

– Негізі жәрмеңкені жиі өткізу тауар өндірушіге де, тұтынушығы да өте тиімді. Ең алдымен, өзімізде өндірілген отандық әрі сапалы өнімді төмен бағада өткізудің және бағаны тұрақтандырудың ұтымды жолы осы,– деп атап өтті жәрмеңкеге арнайы келіп, тауарлардың сапасы мен қойылған бағалардың тұрақтылығын бақылаған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов.

Айта кету керек, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі маусым айының соңына дейін жалғасатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.