Қызылордада 17 адам суға кеткен

0 313

Қызылордада ауа райы 40-42 градусты көрсетіп тұр. Дәл осы уақытта «бой сергітіп алайын» деп салқын суға күмп беретіндер кө­бейеді. Бірақ кім-кімнің де сақтық шарасына құлақ асып, ережені елеп жатқаны шамалы. Соның салдарынан биыл суға батып, қаза тапқандардың көрсеткіші көбейді.

Жаз басталмай жатып Қызылордада бір күнде екі оқушы суға батып кетті. Олардың денесін құтқарушылар жаздың басталуымен тұспа-тұс келетін балалар мерекесінде тапты. Облыстық өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепованың айтуынша, 112 нөміріне хабарлама сол күні түс әлетінде түскен. Мамандар оқиға орнына дереу жеткені­мен кеш еді. Оқиғаға куәгер балықшы балалардың бірін жағаға алып шыққан екен. Алайда өміріне араша түсе алмаған. Құтқару қызметіне содан кейін ғана қоңырау соғыпты. Ажал құшқан екі оқу­шы да қала іргесіндегі Тасбөгет кентінің 13 жастағы тұрғындары болып шықты. Екіншісін іздеуге құтқарушылар көп уақыт жұмсады. Тек түн жарымында судан мәйітін алып шықты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлім­дер комитетінің мәліметінше, биыл 5 айда еліміздің су айдындарында 34 бала қайтыс болған. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегіден 67 пайызға артық. «Қай­ғылы оқиғаның басты себебі – ата-ана­лар­дың баласын қараусыз қалдыруы, бала­лардың тыйым салынған жерлерде шомылуы», – дейді комитет төрағасы Бауыржан Сыздықов.

Қызылорда облыстық өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің мәліметі де көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері құтқарушылар судан 17 адамның денесін алып шықты. Соның 11-і – үкілеп үміт артып отырған балалар. Таяуда ғана қалаға қарасты Тасбөгет кентінде қайғылы оқиға болған еді. Белгілісі, 14 жастағы жасөспірім каналда, белгіленбеген орында шомылған.

Аймақтың арнайы орындары 1 мау­сым­нан бері адам қабылдай бастады. Ал шомылуға тыйым салынған аумақтарда 133 ескертпе тақтайшасы орнатылды. Бірақ ол кейбіреудің жолына кедергі емес сияқты. «Өкінішті жағдайлар көбіне суға түсу кезінде балаларды қараусыз қалдыру, қауіпті немесе тыйым салынған аумақта әрі мас күйінде шомылу салдарынан тіркеледі. Сондықтан тұрғындарды қауіпсіздік талабын сақтауға шақырамыз. Баланы көзден таса қылмаңыздар», – дейді Қызылорда облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин.

ОҚУШЫНЫҢ ӨМІРІН ҚИҒАН «ҚЫЛКӨПІР»

Ендігі оқиғаны тарқатсақ, оқушылар алтын ұясымен қоштасқан күні кешкілік Қызылорда қаласына қарасты Қарауыл­төбе ауылының жұрты абыр-сабыр күйге түсті. 8 жастағы ұл бала «Байқадам» каналы­­ның үстімен өтетін көпірмен келе жатып суға құлап кеткен. «Қызылорда су шаруашылығы» өндірістік учаскесінің дерегінше, көпір адам жүруге арналмаған. Кезінде су өлшегіш құралдарына арнап салыныпты. Алайда ауыл сыртындағы үлкен көпірді алыссынған жұрт осы жерді қолай көреді екен. Керегін төтелеп тасиды. Екінші сыныпты енді бітірген бала сол күні 5 литрлік құтымен үйіне су әкелуге шыққан. Өткел үстінде аяғы тайып, ажал құшты. Ал денесін құтқару­шылар екі күн бойы іздеді.

Қызылорда көпір

– Қайтыс болған баланың туған әпкесімін. Ол – менен кейінгі қыздың ұлы. Суды каналдың арғы бетіне өтіп, сол маңдағы мейрамхана маңынан аламыз. Інім су тасып жүріп аяғы тайып кетті. Бұл жалпы жүргіншілерге арналған көпір емес. Мұнда 17 жылдан бері ауызсу жоқ. Газ жоқ, әлі күнге пеш жағады. Көріп келе жатқан күндері осы, – дейді ауыл тұрғыны Ақнұр Рыспанбетова.

Белгілі болғандай, Қарауылтөбе ауылдық округіне қарасты бұл маңда 7 отбасы тұрады. Үйлердің бәрі Казсушар мекемесіне тиесілі. Кезінде қызметтік баспана ретінде салынып, кейін тұр­ғындар осы маңда тұрақтап қалған. Әзір­ге үй маңына ауызсу тартылмағандықтан тұрғындар «қылкөпірдің» үстімен өтіп, каналдың арғы бетіндегі кәсіпкерлік нысандардың бірінен су тасып ішетін көрінеді.

– Бұл ауылда небәрі 7-8 үй тұрады. Үшеуінде ғана су бар. Қалғандары «Ме­реке» асханасындағы ауызсудан көпір арқылы өтіп алады. Бұл көпірді де кешегі қайғылы оқиғадан кейін барып жөндеді. Оған дейін көпірдің ортасында ойық болушы еді.  3-4 сынып оқитын балалар бес литрлеп таситын. Кейде ата-анасы қасында болады, олар жоқ кезде өздері тасиды. Қайғылы жағдай бірінші рет болып отыр. Бірақ адамдар суға түсіп кететін жағдайлар болып тұрады. Осы көпірге жөндеу жүргізіп, ауызсу мәселесі шешімін тапса игі, – дейді сол маңдағы май құю бекетінің қызметкері Жәнібек Әлібек.

Жауапты мамандар аталған мәселені шешуге ұсыныс берілгенін айтты. Жоға­ры­да айтып өткендей, бұл «қылкөпір» адам жүруге арналмаған. Десе де, канал­дың арғы бетіндегі ауызсуға апаратын бірден-бір төте жол осы болып тұр. Сон­дықтан тұрғындар ауызсу мәселесі ше­шіл­генше қалт-құлт еткен жалғыз аяқтық көпірді жөнге келтіріп беруін сұрап отыр.

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.