Құрылыс қарқынын бәсеңдетуге болмайды

0 6

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын кезекті рет аралап шықты.

«Анаға тағзым» орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Орталық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынуда. Мердігер мекеме – «Елім-Строй» ЖШС. Ғимараттың алдына аналардың құрметіне ескерткіш орнатылады. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша үш қабатты ғимараттың барлық залы, дәлізі ұлттық стильде безендірілген. Мұнда жас және көп балалы аналар үшін түрлі курстар, «Мирас» экспозициялық залы ашылады. Онда ұлттық салт-дәстүрлер барынша насихататалатын болады. «Береке» аспаздық студиясы, «Бойтұмар» дизайн студиясы, «Алқа» аналар даңқы галереясы, «Қазына» ұлттық аспаптар кабинеті, «Сырғалым» қыздар клубы, «Жан дауа» кабинеті, психологиялық көмек көрсетілетін «Ерке сылқым» хореография мектебі ашылады. «Анаға тағзым» орталығы алғашқы келушілерін қыркүйек айының соңында қабылдайды.

Осы айдың соңында «Тараз Строй 2004» ЖШС үстел теннисімен және көркем гимнастикамен айналысуға арналған спорт кешенін пайдалануға бермекші. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі үлкен залдың жалпы сыйымдылығы-600 адамға арналған.

Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбденов кешен халықаралық стандарттарға сәйкес салынып жатқанын атап өтті.

Облыс әкімі мердігерге нысанға іргелес аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Өңір басшысы Оқушылар сарайының құрылысымен де танысты. Құрылысшылар Тараз қаласының мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының ғимаратын жөндеуге кіріскен болатын. Орталық директоры Татьяна Грабийчук қазір сабақтар онлайн форматта өткізіліп жатқанын атап өтті.

Облыс әкімі құрылысшылар санын арттыруды тапсырды.

Бердібек Сапарбаев Бейбітшілік көшесінде салынып жатқан көпқабатты үйде болды. Үш қабатты үйде барлығы 24 пәтер бар. Мердігер мекеме — «Ғимарат строй Com» ЖШС.

Мұнан соң өңір басшысы Байзақ ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысымен де танысып, Қайнар ауылындағы әрбір үйде жеке-жеке болды. Содан кейін Бердібек Сапарбаев жедел штаб отырысын өткізіп, онда зардап шеккендерге жөндеу және әлеуметтік көмек көрсету бойынша ағымдағы мәселелерді талқылады. Кеңес қорытындысы бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.