Құрылыс барысы – назарда

0 540

Өңір басшысы облыс орталығында салынып жатқан бірнеше құрылыс нысандарына барды. Алдымен Қайрат Рысқұлбеков саябағының маңынан салынып жатқан «Анаға тағзым» орталығында болды. Жалпы құны 560 миллион теңгені құрайтын бұл орталық толығымен демеушілердің қолдауымен жүзеге асуда. Құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған бүгінде.  Алдағы қыркүйек айында толығымен аяқталмақ.

Бұдан әрі облыс басшысы Төле би даңғылының бойындағы Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының құрылысымен танысты. Мердігері «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын былтырғы шілдеде бастаған. Жоспар бойынша бұл нысан да алдағы қыркүйекте аяқталуы тиіс. Десек те мұндағы құрылыстың қарқыны көңіл көншітпейді. Себебі құрылыс жұмыстары бірінші қабаттан аспай, тоқтап қалған. Себебі бетон плиталар уақытылы жеткізілмепті. Сол секілді №2 мектептің құрылысы да өткен жылы басталған. Мердігері «Талас құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдері мұндағы жұмыс 75-80 пайыз аяқталғанын жеткізгенімен облыс басшысы мектептің жобасына көңілі толған жоқ. Себебі мектепті кейбір бөлмелері өте тар, тіпті асханасының өзі ыңғайсыз орналасқан. Сол секілді жоғарғы қабаттарындағы жарық, жылу жүйелері дәліздің төбесімен жүргізілген. Өз кезегінде бұл дәлізге қолайсыздық тудырып тұр. Бердібек Сапарбаев бірқатар жауаптыларды сынға алып, жобаны тиянақты жасауды тапсырды.

Ал №22 орта мектептің құрылысы қарқынды. Нысанның құрылысын Жобаның құны 1 миллиард 376,6 миллион теңгені құрап отыр. Былтыр басталған мектеп құрлысын мердігер алдағы қараша айында тапсырмақ.

Сапар соңында Бердібек Машбекұлы «Шалғай Қарасу» алқабында жаңадан салынып жатқан зәулім мектептің құрылыс жұмысымен де танысып шықты. Жасыратыны жоқ алқап тұрғындары осы уақытқа дейін мектеп мәселесін талай мәрте көтерген болатын. Мұндағы оқушылар қысы-жазы қала мектептеріне қашықтан қатынап оқитын. Енді бұл мәселе де түбегейлі шешімін табатын болды. Десек те мұндағы құрылыстың қарқыны да мәз емес. Екі жылға жоспарланған нысан құрылысына 2 миллиард теңге бөлінген. «ТемірСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 600 орынға арналған жаңа мектептің тек жартысын енді ғана аяқтап үлгерген. Жұмыстың не себепті кестеден кешігіп келе жатқанын сұраған өңір басшысына серіктестік өкілдері де сенімді  жауап бере алмады. Серіктестік басшылығы уақытында аяқтаймыз деп айтқанымен нысанға электр желілерін тарту мәселесі шешілмеген де.

Бердібек Машбекұлы аталмыш мектепті бақылауға алып, құрылыс қарқынын арттыруды жауаптыларға тапсырды. Одан кейін облыс басшысы жаңа мектептің маңайында асарлатып салынып жатқан жеке үйлермен де танысып шықты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.