Құлыбаев басқаратын комитетке тықыр таянды

0 480

Миллиардер Тимур Құлыбаев басқаратын Ұлттық олимпиада комитеті (ҰОК) 2018 жылдан бастап бюджеттен спортқа бөлінетін қаржыны толық игеріп келген еді. Ал мәдениет және спорт министрлігінің спорт комитеті мемлекеттік қаржыны ҰОК-қа аударып, тапсырыс беруші рөлін атқарған. Енді сәуірден бастап спорт комитеті мен ҰОК келісім-шартты үзбек. Бұл туралы Азаттық сайты жазды.

«800 МЛН ТЕҢГЕ АЛДЫН АЛА ТӨЛЕМ ЖІБЕРДІК»

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты спорт комитеті экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев басқаратын ҰОК-пен спортқа бөлінетін бюджетті игеру бойынша келісім-шартты мерзімінен бұрын үзіп, спортқа бөлінетін қаржыны басқаруды қайтарып алмақ.

Пекин олимпиадасынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісінің қолына спорт комитетінің ҰОК-қа жолдаған ресми хатының көшірмесі түсті.

Мәдениет және спорт министрлігі спорт комитетінің 28 қаңтарда ҰОК-ке жолдаған ресми хатында екі тарап келісім-шартты 1 сәуірден бастап үзетіні айтылған. Хат 28 қаңтарда жолданса да, бұл ақпарат осыған дейін жарияланбай келген еді.

Хатта Ұлттық олимпиада комитетімен келісім-шартты үзу Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «тапсырмасы» екені жазылған.

«Келісім-шарт үзілетін уақытқа дейін еңбекақы төлеу, келісім-шарт бойынша төлемдер, кеңсе мен қойманы жалға алуға қаржы, банк қызметтері, федерацияларының қызметіне кеткен қаржы, шетелге шығу шығыны төленеді. Қазірге дейін комитет келісім-шартқа сай [ҰОК-ке] 800 млн теңге алдын ала төлем жіберді. Қалған шығынды атқарылған жұмыс актісін жіберген соң беріледі» деп жазылған спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев қол қойған хатта.

Миллиардер Құлыбаев басқаратын Ұлттық олимпиада комитеті 1 сәуірден бастап мемлекеттен спортқа бөлінетін қаржыны басқармайды.

ҰОК спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов Азаттыққа «спорт комитетінен келген ұсыныс бойынша» екі тарап арасындағы келісім-шарт үзілетінін растады.

Спорт журналисі Рауан Оқас спорт комитетінің спортты басқаруды ҰОК-тан алуын спорттағы төмен нәтижемен байланыстырады және Құлыбаевтың ықпалын әлсірету үшін жасалған қадам болуы мүмкін деп топшылайды.

– ҰОК тізгінін Құлыбаев алған соң бұл ұйым қатты күшейді. Спортқа байланысты көп нәрсені шешетін ұйымға айналған. Спорт және мәдениет министрлігінің спорт комитеті ҰОК көлеңкесінде қалып кеткендей болды. Спорт комитеті пен ҰОК арасындағы келісім-шарттың үзілуіне спорт жарыстарындағы төмен нәтижелер де себеп болуы мүмкін. Бұл қаңтар оқиғаларынан кейінгі Назарбаев маңындағылардың ықпалын әлсіретудегі қадамның бірі деп те ойлаймын. Бірақ бұл сала қайта спорт комитетіне өткенімен, дамып кетеді дей алмаймын. Қазақстан спортын дамыту үшін жүйелі, кешенді өзгерістер керек. Балалар спорты мен бұқаралық спорт дамымай нәтиже жақсармайды, – дейді ол.

Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан соң экс-президент Назарбаевтың айналасындағы адамдар мен күйеубалалары қызметтен шеттетіле бастаған я белгілі бір саладағы ықпалынан айырылған. Мәселен, Құлыбаев «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы төрағалығынан кеткен.

ҰОК СПОРТҚА БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫНЫ ҚАЛАЙ БАСҚАРЫП КЕЛДІ?

Миллиардер Құлыбаев ҰОК-тың президенті болып 2015 жылы сайланған. Ал 2018 жылдан бастап елде спортты қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізіліп, бюджеттен спортқа бөлінетін ақшаны игеру, спортшыларды дайындау, жарысқа жіберу толығымен ҰОК пен спорт федерацияларына берілген. Яғни, төрт жылдан бері спорттың бюджеті мен спортшылардың жарысқа қатысуына кететін қаржы Құлыбаев басқаратын ҰОК қолында еді.

Ал 2018 жылдан бері мәдениет және спорт министрлігінің спорт комитеті ҰОК-ке «тапсырыс беруші» рөлінде болған.

Спортқа бөлінетін қаржыны қолға алған соң ҰОК «олимпиадалық спорт түрлерінің барлығына әділ түрде қаржы бөлетінін», «ғылым мен спортты қатар дамытатынын», «спорттағы жемқорлықты жоятынын», «спортшылардың жоғарғы нәтиже көрсетуі үшін барлық жағдайды жасайтынын» айтқан еді.

Бірақ спортқа бөлінетін бюджет қаржысы ҰОК-қа өткелі Қазақстанның халықаралық жарыстардағы нәтижесі күрт төмендеп кеткені байқалады.

Мәселен, 2018 жылы тамызда Джакартада (Индонезия) өткен жазғы Азия ойындарында Қазақстан жалпы есепте 9-орын алып (15 алтын), құрлықтағы спорты мықты бес елдің санатынан шығып қалған.

Ел спортшылары 1998 жылдан бері жазғы Азия ойындарында жалпы есепте көбіне Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореядан кейін 4-орынды иеленіп келген. Мысалы, 2014 жылы Инчхондағы (Оңтүстік Корея) Азия ойындарында 28 алтынмен төртінші болған еді.

Ал 2021 жылы жазда Токиода өткен жазғы олимпиада ойындарында да Қазақстан тарихындағы ең төмен нәтиже көрсетіп, алтын медальсыз қалды. Спортшылар сегіз қоламен жалпы есепте 81-орын алды. Ел спортшылары 1996 жылдан бергі жазғы олимпиадада кемі бір алтын медаль алатын еді.

Джакарта мен Токиодағы сәтсіздіктен кейін де сарапшылар Қазақстан спорт жүйесіне түбегейлі өзгеріс керегін, бюджет дұрыс жұмсалмайтынын; ізбазарлар жоғын, балалар спорты дамымағанын, халықтың спортпен айналысуға мүмкіндігі аз екенін айтып, сынаған.

Ал қазір Пекинде өтіп жатқан қысқы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы әзірге медаль алған жоқ. Негізгі медальға үмітті спортшылардың бәрі жүлдесіз қалды. Сарапшылар олимпиадада жүлде алатындай спортшы қалмады деп санайды.

ҰОК ӨКІЛІ НЕ ДЕЙДІ?

ҰОК спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов келісім-шарттың үзілгені «ҰОК спорт бойынша міндетін орындай алмады дегенді білдірмейді» дейді. Ол спортты ҰОК басқарған тұста жаттығу сапасы жақсарғанын, қаржыландыру ашық болғанын алға тартады.

– Келісім-шартқа қол қойылғаннан бастап бірнеше маңызды, бұрын қолға алынбаған салаларда қарқынды жұмыс істелді. ҰОК өз тарапынан елімізде спорттық медицина әлсіреп қалғандықтан осы салаға ерекше көңіл бөлді. Алматы облысы, Нұр-Сұлтан және Түркістан қалаларында спорттық медицина орталықтарын ашты. Қазіргі деңгейге сай медициналық құрал-жабдықтармен жасақталып, спорттық медицина мамандарының тәжірибесін арттыруға атсалысты. Спорт ғылымына көңіл бөлді, – дейді ол.

ҰОК өкілі Азаттықтың «екі тараптың келісім-шартты үзуге не себеп болды?» деген сауалына «министрліктен білу керек деп ойлаймын» деп жауап берді.

Азаттық ҰОК пен спорт комитеті арасындағы келісім-шарттың үзілгеніне не себеп болғаны жайлы спорт комитетінің баспасөз қызметі сауал жолдады. Жауап әзірге келген жоқ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.