Қолы ашықтың – жолы ашық

0 241

«Қолы ашықтың – жолы ашық» дейді қазақ. Таластық кәсіпкер Досан Рымтаев жомарттық жасап, жақсы аттансам дейтін жан емес. Аның болмысы осы. Қолында бар дүниені өзгемен бөліскісі келіп тұратын пейілі оны жұртшылық арасында атымтай жомарт атандырды. Иелігіндегі қараусыз қалған қонақ үй ғимаратын аудан әкімдігіне тегін тарту етуіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Жомарт түлек» жобасы арқау болғаны анық.
Жалпы бұл жоба туған жерден түлеп ұшқан, түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген түлектердің өмір жолын жас ұрпаққа үлгі етуді, сонымен қатар атымтай жомарттардың атсалысуымен туған жердің әлеуметтік мәселелерін шешуді және елді мекендерді гүлдендіруді көздейді. Осындай аптал азаматтардың аталы іс тындыруына себеп болған «Жомарт түлек-2021» форумы Қаратау қаласында да асқан ыждаһаттылықпен ұйымдастырылды.
Форум барысында ауданның дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегін айрықша атап өткен аудан әкімі Қанатбек Мәдібек олардың еселі еңбегін ел жадынан өшірмейтінін тілге тиек етті. Жиында жазушы, журналист, облыстағы мемлекеттік архив директоры Көсемәлі Сәттібайұлы сөз алып, туған жерін көркейтуге қолдау танытып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
– Әр азамат өз қал-қадіріне қарай ізігілік жасауға ұмтылады. Ақын, жазушы, суретші сынды шығармашылық адамдары елдің есінде қалатын, өлмес туындылар сыйласа, кәсіпкерлер жұртқа материалдық тұрғыдан көмек қолын созып, демеушілік танытады. ліміз көркейіп, өңір өркендеуі үшін қолы ашық азаматтар қоғамға қай кезде де керек, – деді ол.
Сонымен қатар ол аудан әкіміне «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген мақалды алға тарта отырып, Қаратау қаласының қақ ортасында қараусыз тұрған ғимаратты халық кәдесіне жаратуды қолға алалатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде белгілі кәсіпкер, ауданның Құрметті азаматы Досан Рымтаев өзі басқаратын серіктестік меншігіндегі бұрынғы «Қаратау» қонақ үйін халықтың игілігі үшін тарту етіп отырғанын сөз етті.
– Осы ғимаратты жақында бір азаматтар 60 миллион теңгеге сатыңыз деп сұрағанда бермей қойып едім. Көсемәлі ағамыз орынды мәселе көтерген соң, аудан үшін аянып қалмайын деп, құны қымбат қонақ үйді мемлекет меншігіне беруді жөн санадым. Жергілікті әкімдікке аталған ғимаратты тегін тарту етемін. Тіпті, жөндеу жұмыстарына да атсалысамын», – деді кәсіпкер.
Еске сала кетейік, жобаның басты мақсаты – түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген елімізге белгілі түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал жам­былдықтарды туған өлкесінің әлеу­меттік мәселелерін шешуге атса­лысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу және әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.