Қолда бар вакцинаның қоры қанша?

0 258

Жамбыл облысы 18 шілдеден бастап «қызыл аймаққа» қайта кірді. Өйткені, індет өрши түсті.   Осыған орай денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев арнайы брифинг өткізіп, жағдайды мәлім етті.

Облыс бойынша бүгінге дейін 11563 адам коронавирус инвекциясын жұқтырған. Оның ішінде, пневмониямен 5624 адам ауырған. Өлім көрсеткіші 85 адамды құрап отыр. Ал, 26-шілде күні инфекциялық стационарға 1750 адам түсті. Бұл дайындалған төсек орынның 54 пайызы. Ал жансақтау бөлімінде 110 науқас жатыр. Тәулік бойы 700-ге жуық шақырту түсіп жатса, облыс бойынша 159 мобильдік топ жұмыс істеуде. Жедел жәрдем қызметін шақырту 123-ке артып, 2406-ы құрап отыр. Жағдайдың қиындауына орай, қосымша 1540 инфекциялық және 188 реанимациялық төсек орны дайындалуда. Аймақта былтырғы қауырт жағдай қайта тіркелмес үшін дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры да сақталған.

Вакцинацияға келер болсақ, өңір бойынша 18 жастан асқан 582000 тұрғынға екпе салу жоспарланса, 274683 адам екпе алып, жоспарлы меженің 47,2 пайызы орындалды. Жалпы өсіммен 274 683 азамат 1-ші компонентімен, оның ішінде 5 000 адамға отандық, 222 780 адамға «Спутник V», 29 911 адамға «Hayat-Vax» және 16 992 тұрғынға «CoronaVac» вакцинасы салынған. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы өңірге ресейлік вакцинаның көп дозасы келгендіктен екпе алғандардан түрлі белгілері байқалып жатқанын айтады. Алайда облыстың бас дәрігері кез келген вакцинаның өзіндік әсері болатындығын алға тартты. Ал, «QazVac»-тың Жамбыл облысына 5000 мың адамға ғана шақталған дозасы келген. Сол себепті бітіп қалып отыр. Сондай-ақ жамбылға франциялық «Pfizer» компаниясының вакцинасы жеткізіледі деп жоспарлануда. Ол екпені 12 жастан жоғары балаларға да салуға болады. Баларға екпе салуға себеп болған жағдай коронавирус індетінің жаңа штаммымен облыста 53 баланың тіркелуі. Науқас балалардың біреуінің жағдайы нашар.

Басқарма басшысы атап өткен тағы бір жағдай, коранавируске қарсы вакцина салдырғандардың өзі де індет жұқтыруда екен. Мәселен облыста індетке қарсы екпе салдырған 84 адам ауырып, ауруханаға түскен. Мұндай жағдайда «Екпе салдырмай індеттен сақтанудың жолы бар ма?» деген орынды сұрақ туады. Мамандардың айтуынша, бұл мүмкін көрінеді.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың сөзіне сүйенсек, індетпен бұған дейін қатты ауырған адамның бойында кеселге деген иммунитет қалыптасады екен. Әрине бұл 100 пайыздық байлам емес. Сондықтан дер кезінде екпе салдырсаңыз жақындарыңыз бен өзіңіздің өміріңізді қорғайтыныңызды ұмытпағайсыздар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.