«Қазақты түгелдей қырып тастауға мүмкіндік болды»:Тарихшы-ғалым Қазақстандағы ашаршылықтың жаңа қырларын айтты

0 393

31 мамыр — Қазақстанда саяи қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Алайда осы күнді көбі еске алумен ғана шектеліп жүр. Зерттеушілер мен сарапшылар  Қазақстандағы ашаршылық ресми түрде геноцид деп танылуы тиіс деп бағалайды. Жақында үкіметте бұл мәселені саясиландырмау туралы пікір де айтылды. Осы орайда, ашаршылық тақырыбын жарты ғасырға жуық зерттеп жүрген тарихшы, ғалым Талас Омарбеков геноцид деген сөзге құмар болудың қажет екенін айтады. Еліміздегі екі ашаршылық пен оның негізгі себептері, ашаршылықты геноцид деп мойындату қажет пе, не үшін оны саясиландырудың қажеті жоқ және болашақ ұрпақ не істеуі керек екені жайлы тарихшы редакциямызға берген сұбатында айтып берді.

“Көкейімде миллиондаған қырылған адам тұр, олардың қалай өлгенін архивте отырып, оқыдым. Архивте ұзақ жылдар бойы отырдым. 5-6 жыл өткен соң бетперде тағып отыратын болдым. Өйткені 1926-30-жылдардың қағаздарын ашқан кезде бұрқ-бұрқ етіп шаңы шығатын. Осы шаңның бәрін жұтып, кешке таман тыныс ала алмайтындай жағдайға жеттім. Әбден тазаланып, жуынып, сүт ішіп, ертесіне архивке қайта барамын. Тарихшының жолы оңай жол емес..”

Біз мән бермей жүргенде, шетелдіктер жабылып зерттеді

Осы уақытқа дейін ашаршылыққа ресми түрде жоғарғы органдар аз көңіл бөлді. Кезінде елбасының 1991 жылы “Әділеттің Ақ жолы” кітабында ашаршылықтан 2 миллионнан астам адам қырылды деп алғаш рет айтылды. Одан кейін “Известия”, “Казахстанская Правда” газеті тілшілері 90-жылдардың басында елбасыдан ашаршылыққа байланысты сұхбат алған. 1997 жыл – Тарих жылы, 1998 жыл — Еске алу жылы болды, “Тарих толқынында” деген бағдарлама жасалды. Осылайша, ашаршылық тақырыбы тиіп-қашты айтылып жүрді.

Журналистер, жазушылар, ғалымдар айтып, жазып жатты. Алайда ресми орындардың өткір мәселелерге мән бермеуіне байланысты жүйелі түрде қолға алынбады. Жекелеген адамдар тақырыпты зерттедік, ешкім бізге гонорар берген жоқ. Тарих институттарына 30 жылда ашаршылық тақырыбында бірде-бір ғылыми жоба берілген жоқ. Халықтық, ұлттық қасірет, еске алуымыз, жеке күн ретінде қайғырып, қорытынды шығаруымыз керек деп жекелеген адамдардың айтқаны болмаса, мемлекеттік саясатта, үкімет басында отырған адамдар, Білім және Ғылым министрі тарапынан ашаршылыққа ғылыми жоба бөліңдер деген әңгіме болмады. Сондықтан зерттеулердің бәрі бытыраңқы, жекелеген адамдардың жазғандары төңірегінде топтасты. Ал енді мұны біз сондай мән бермей жүргенде, шетелдіктер жабылып зерттеді. Италиян Пьянчиолло, американдық Сара Кэмирон, одан бұрын Роберт Конквес, немістің Роберт Киндлер, Англияда Роьерт Оуэн ашаршылықты зерттеп, кітап жазып жатты. Келіп біздің архивте отырып жатты.

Қазақстан билік органдары 30 жыл бойы «ура»-лаумен өмір сүрді

Не себепті мемлекет ашаршылық тақырыбына мән берген жоқ? Мемлекеттік саясатта 1929-31 жылы шаруалар көтерілсі, Алашорда, ашаршылық сияқты тақырыптарды уақытша бір күндік тақырып деп қарастырды.

Халықтың қасіретін жүрегімен түсінетін басшы бізде табылмады. Соған қайғыратын, мемлекеттік жалауымызды бір күн түсіріп, еске алуға болар еді. Қазақ соншама рет қырылғанда, ең болмаса жылына бір рет қайғырып, жылап-сықтап, Құран оқып, құрбандарды еске алуымыз керек еді, мұндай күн бізде әлі де жоқ.

Қазақстан билік органдары 30 жыл бойы «ура»-лаумен өмір сүрдік, баяндамаларда тек жақсы жақты айттық. Жетістіктерді айттық.

Ашаршылықта біздің интеллигенцияның біраз бөлігі әдейі Сталин, компартия “қазақты қырыңдар!” деп осы қырғынды қасақана ұйымдастарды деп айтқанды жақсы көреді. Ал егер олай айтатын болсақ, бұл мәселенің тарихы жазылмай қалады. Мәскеуден «қазақты қырыңдар” деген бұйрық түскен соң, қырды” деп бір ауыз сөзден түсіндіре салу оп-оңай. Бас қатырудың, архив «қазудың», құжат қараудың қажеті де жоқ. Ешкімнің миына салмақ түспейді. Оның нәтижесінде орысты, Мәскеуді жек көретін боламыз. Тәрбиелік жағы сол, бұдан біз ештеңе ұтпаймыз. Тарих ашылмай қалады..  Ал шын мәнінде қалай?

Ашаршылықтың себептері 

Бұл өте күрделі мәселе. Астық салығы, cондай-ақ, ауыл шаруашылық өнімдеріне әртүрлі салық белгіленді. Тіпті жұмыртқаның жоспарлы салығы болды. Қазақстанның басшыларының Сталинге жазған хаты бар. “Жұмыртқадан жоспарды орындай алмаймыз, шамамыз келмей жатыр, тауықтар жұмыртқа тумайды” деп жазған. Ал енді одан бөлек, тері, сүйектің жоспары болды. Совет Одағында өріс алған нәрсе салық еді. 1928 жылы Сталин Сібірге жасырын сапарға шыққан. Мәскеуден шығып, Омбы, Красноярскты басып, кулактарды жинап, астық өсіретін шаруаларға жинап, Қазақстанның сол кездегі басшысы Голощекинді, біздің губерниялық комитет басшыларын шақырып, Сібірдің басышыларын жинап, жиналыс өткізген. Осы жиналыс құпия өтеді. Оның материалдары жиналмаған.  Осы жерде “Астық тапсыруда қиыншылықтар бар, нан жетпей жатыр” деген мәселе көтеріледі.

Астық Германиядан техника алу үшін керек болды. Басқа елдер бізге техника бермей қойды. Германия “астық берсеңдер, біз сендерге трактор береміз, зауыт салуға көмектесеміз” деді. Ол жақта нан жетіспей жатты, соғысқа дайындалу керек болды. Жан-жағының бәрі капиталистік елдер.

1928 жылға қарай Жаңа Экономикалық Саясат бітті. Ол қазіргі саясат. Шаруа базарға шығып, бидайын сатады, бағасын өзі белгілейді. Осы саясатты тоқтатып, Сталин Азамат соғысы кезіндегі Әскери коммунизм саясатына қайта оралды. Шаруалар астықтарын тығып, бермеуге тырысты. Үкімет базарға нақты баға белгілеп қойған, шектеу қойған. Үкімет қойған бағаға шаруалар астық сатқысы келмейді. Шаруалар астықты үйінде тығып жатыр деп Сталин ашуланып, Сібірде болған жиналыста: “Кімде-кімнің үйінен екі мың пұт тонна астық шықса, соны екі жылға соттап, барлық заттарын тәркілеңдер” деп бұйырады.

Өзі өсірген, шаруаның өз қамбасында сақтап отырған астығы. Оның ішінде тұқымдық қор бар. Голощекин Красноярскіден Мәскеуге телеграмма салады.

“Астық өсіруге байланысты бестік құрыңдар, екі мың пұт астығы бар шаруаларды қамаңдар” дейді. Осылай Қазақстанда зобалаң басталады. Барлық шаруаларды тінтеді. Астықты ол кезде славян халықтары өсіреді. Ең бай деген шаруаның үйінен мың пұт қана астық шығады, бұл 200-500 пұт астық еді. Жоғарыдан түскен астық тапсырудың жоспары бар. Оны орындау үшін астықты бір дәнін қалдырмай, тартып алады. 50 мыңнан астам шаруа қожалықтары тәркіленеді.

Ет дайындау науқаны өрістейді. Оның себебі Ленинград пен Мәскеуде ет жетіспей, халық аш қалды. Қызыл армияға, 12 миллион халыққа ет жоқ. Орталық Азияның Самарқант, Бұхара, Ташкен сияқты қалаларында ет жоқ еді. Ол қалалар мақта өсірумен айналысты, одан мата жасады. Оларды асырау үшін ет керек болды. Кавказ халықтары етсіз қалған уақытта, Қазақстанның батыс аймақтары Кавказды етпен асыраса, ал Оңтүстік аймақтары Өзбекстан, Қырғызстан сияқты аймақтарды асырайды. Орталық пен Солтүстік Қазақстан Ленинград пен Мәскеуді етпен асырайды. Сонымен не керек, ет тапсыру жоспары аспанға шығып кетеді.

Адамнан мал жоғары болды 

1930-жылға дейін 40 миллионға жуық бас мал болса, үш жылдан кейін төрт миллионна асатын мал қалады. 1931 жылы “ертең ашаршылық басталады” деп тұрған кезде Қазақстан үкіметінің басшысы Исаевтың Мәскеуге жазған хаты бар.

“8 миллион мал қалды, жағдай қиын” деп жазады ол. Рысқұловтың хаты да мал туралы еді. Олар адамды айтпауға тырысты, өйткені адамнан мал жоғары болды.

Кеңес үкіметінің басшылары, Сталин үшін ең керегі мал, ет болды. Қырылса қырылсын, малдың басы аман болса, ірі қалаларды асыраса, зауыттарды, Қызыл армияны аман сақтаса деген жоспар болды. Осы орайда ет дайындау науқаны тоқтамады. Мәскеу акционерлік қоғам құрды, «Ет одағы» ашты. Ол бүкіл одақтан ет жинаумен айналысты. “Ленинград мясо”, “Москва мясо” деген қоғамдастықтар болды. Осылардың бәрі Қазақстаннан ет жинады. Менің есебім бойынша, 15 миллиондай мал басы сыртқа әкетілген. Ел ішінде 9 млн-дай қалған.

1928 жылдан бастап Қазақстанда мемлекет жоспарлау комитеті әрбір қазақ, қала адамы, әрбір аудан бір жылда қанша ет жейді соны белгілейді. Бір адамға екі пұтқа жетер-жетпес ет жеуге болады деп белгіленді. Қазақстанда ішкі тұтынуға 10 мың тонна ет қалдырылып отырды. Ол кезде қазақтар саны 4 млн 800 мың теңге болатын. Бұл ет кімге жетеді?

Міне, осындай жағдайлар ашаршылыққа алып келді. Ел босып кетті. 1,5 млн-нан аса адам сыртқа кетті. Оның біразы 33-34 жылы қайтты. Шетелде 300 мыңдай қазақ қалып қойды, қазір олардың ұрпақтары шетелде өмір сүріп жатыр. Өзбекстан, Сібір Ресейге өтті, ал Қытайға өткендер көп емес, 100 мыңға жетер-жетпес.

Әрине, бұдан басқа қосымша себептер бар. Оның ішінде, зорлап отырықшыландыру, колхозға кіргізу, социалистік меншік енгізу. Самогон қайнатқандарды соттады. Халықтың жағдайын төмендеткен, аштыққа әкелген майда себептер көп.

Қазақ мал бағу үшін қажет болды

Етті жалғыз Қазақстан дайындаған жоқ, Сібірдің республикалары, Қырғызстан, Қалмақстан сияқты малмен айналысатын аудандар олар да етті дайындады. Бірақ Қазақстанға берілген еттің жоспары өте көп болды. 40 мың тонна — бірінші жыл, басқаларында — 20-30 мың тоннадан аспады. Қазақ халқын қыру қажет болды ма? Әрине, жоқ.

Себебі қазақ мал бағу үшін қажет болды. Әйтпегенде малды кім бағады, өсіреді? Қазаққа мал баққызып, мал колхоздарын, совхоздарын құрмақ болды.

Қазақтарды зорлап кіргізіп, мал бақтырмақ болған еді.

Бұзау сегіз айға толған соң үкіметпен шарт жасасып, отыз айдан асқанша аман сақтауың керек. Өліп қалса, не сатып жіберсе, сотталады. Отыз ай — 2 жарым жастан асатын мал деген сөз. Оларға ешкім жем, су дайындап бермейді. Содан кейін үкіметке етке өткізуге тиіс еді. Әрине, бұл мүмкін емес нәрсе еді.

Сталиннің Қазақты түгелдей қырып тастауға мүмкіндігі болды

Ашаршылықтың себебін айтқанда, мәселені зерттеп, қарау керек. Қазақты түгелдей қырып тастауға мүмкіндік болды. Қазақстанда 1929-1931 жылы 372 көтеріліс болды. Сталин бүкіл қазақты қырып тастауына болар еді. Бұдан жақсы сылтау жоқ. Ол бәрін атып, қырып тастаңдар десе, оған ешкім қой деп айтпайды. Бірақ Сталин қазақты қыруды мақсат еткен жоқ. Қазақты мал бақтырып қоймақ болды. Малдың артынан жүрген, надан халық деп қабылдады. Ал мал ауадай қажет. Оның арқасында Мәскеу, Ленинград ет жеп отырды

Қазақстан Мәскеу мен Ленинградты етпен асырады

Аспирантурада жүргенде 1978 жылы архивке бардым. Мәскеуде Чертанова деген ауданда пәтер жалдап тұрдым. Бірінші күні кешке архивтен шыққан соң үйдің жанында ет сататын дүкен бар екен. Қарныv ашып, ет сатып алмақ болдым. Ол кезде Алматыда ет тұрмақ, сүйек таппайтын кез. Ет комбинатына еттерін қырып алған сүйектер үшін кезек тұратын.

Осындай кезеңде Мәскеудегі ет сататын дүкенге кірсем, екі жерде «египет пирамидасы» сияқты еттер үйіліп жатыр екен. Сүйегі жоқ таза ет. Осыны көріп көзім алақандай болды. Алматыда ет таппайсың. Ал мында, Мәскеудің шеткі ауданында дүкенде ет үйіліп жатыр. 7-8 әйел кезекте тұр екен, мен де кезекке тұра кеттім. Арада біраз уақыт өтті, кезек жылжымайды. Дүкен иесі орыс жігіт екен, сауда жасамай отыр. Алдымдағы орыс әйелден: «Неге сауда жасамай отыр?» деп сұрадым. Орыс әйел етті күтіп тұрмыз дейді. Мен оған «ет толып тұр ғой» деймін түсінбей. Сөйтсем, «бұл кешегі ет» дейді. Сөйтсем кешегі етті Мәскеу жемейді екен.

Белгілі болғандай, әр 20 минут сайын жаңа ет түседі екен, соны ғана алатын болып шықты. Ішімнен ойладым, Алматыға үш ай бұрынғы етті апарсаң да, өтіп кетер еді. Байқұс, қазағым-ай..

Сөйтіп, дүкен сатушысына барып, маған қойдың етінен бір келі ет бер дедім. Кезектегі әйелдер у-шу болып кетті. Сатушы: «Ол кешегі етті алып жатыр ғой» дегенде, бәрі жым-жырт бола қалды. Біреулер, “ол жапон ғой” деп қояды. Осылай күн сайын кезексіз «кешегі» етті алып жүрдім.  Осы күндердің бірінде сатушыдан қай жақтың еті деп сұрап едім, Қазақстандікі деп жауап берді.

Жылдар өтті, 1991 жылы Гобачевтің кезінде Мәскеуге барсақ, дүкенге кірсек, қала жылан жалағандай. Ет тұрмақ, шұжық таппайсың, конверсі, үндістан шайы да жоқ. Орыстың әйелдері құр алақан отыр. «Кешегі» ет арман болып қалған…

Осыдан Одақ тарағанға дейін Қазақстан Мәскеу, Ленинград сияқты ірі қалаларды етпен қамтамасыз еткенін көреміз. Кеңес Одағындағы саясат осындай болған.

Қазақстанда ашаршылық үш рет емес, екі рет болды

Қазақстанда Азамат соғысы тек батыс аймақтарда болды. 1917-1921 жылды бір ашаршылық деп қарастыру қажет. 1917-1920-ға дейін азамат соғысын кей жазушылар бөлек, 1921-1922 жылды бөлек қарайды. Шын мәнінде 1921-1922 жылғы ашаршылық азамат соғысының (1917-1920) жалғасы, салдары деуге болады.

1917 жылы ашаршылық басталды деп ойлау — қате. Себебі ол кезде Совет үкіметі орнамаған. Ол уақытта билікте Алашорда отырған. Сонда Алашорда ашаршылықты жасаған ба? деген заңды сұрақ туады.

Совет үкіметі шын мәнінде елімізде 1920-жылдан кейін орнай бастаған. Тамыз айында бізге автономия бөліп берді. Қазақстан сөзін тыңдайтын үкімет Алашорда болды.

Азамат соғысында басталған зобалаң 1921-1922 жылдары жалғасты: егін шықпады, казактар атамандармен бірге шетелге өтіп кетті. Астық егетін отырықшы халықтың жағдайы осы болса, астық қалай егіледі? 1917-1920 жылдары болған зобалаң —  қызылдар мен ақтардың текетіресі.

Ол кезде 1 миллионнан астам адам қырылып кетті. Ол уақытта Қазақстанның Семей губерниясы мен Жетісу губерниясы Түркістан Республикасының жеріне қарайтын. Ақмола, Семей облыстары Сібір губерниясына кірді.

Мәселе ашаршылықтың санында, тіпті қырылған қазақтың санында емес

Қырылған қазақ санына байланысты да мәліметтер әртүрлі. Бірі 4, 5 млн қазақ қырылды дейді. Өзі 31 жылы қырылған қазақ саны 4 млн 800 мыңнан сәл асады. Егер бәрі қырылса, сіз бен біз кімбіз?

Кейбір интеллигент ағайындарда мынадай кемшілік бар: қырылған қазақтың санын көп етіп, ауыз толтырып айтсақ, елдің бәрі назар аударып, «сұмдық-ай» деп шошиды дейді. Біздің тарихымызға көңіл аударады, жаны ашиды деп ойласа керек. Өтемақы сұрауға болады дейді. Мұның бірі де дұрыс емес. Одан да біз пайызбен есептеуіміз керек. Мысалы, 1931-33 жылғы ашаршылықта қазақ халқының 49%-ға жуығы жойылды. Мәселе санда емес, қырылғандардың үлесі қанша екенінде.

Адам басына санайтындай ол кезде төлқұжаттық жүйе болған жоқ. Қазақтың 71 ауданының 51 ауданы көшпелі, жартылай көшпелі аудан болды. Әр жылы мал санағы жүргізілді, сол уақытта мал санағанда үйдегі адамдар санын да есептеп кететін. Қазақстанда жыл сайын мал санағы маусым айында өтті, себебі үкіметке оның саны керек болды. Сол бойынша білгеніміз, қазақтың саны 4 миллион 800 мыңның айналасы болған. Ал енді сол қазақтың тең жартысы жоқ. Бұл статистика ресми хаттардың бәрінде тұр. 1937 жылы Қазақстанның санақ басқармасының бастығы Мұхтар Саматовтың Мәскеуге жазған хаты бар. Ауыл халқы үш жылда 3 млн 79 мың адамға кеміген. Бірақ осы халықтың 1 миллионнан астамы тірі, босқындар еді. 2 млн-нан астамы қырылғандар. 1935 жылы Оның орынбасары Масшкеевичтің одан бұрын жазған көлемді хатында да осыған шамалас цифр көрсетілген. 1933 жылы Сталинге жазылған «Алтаудың хаты» бар. Жүсіпбек Арыстанов, Оразалы Жандосов, Ғаббас Тоғжанов, Айбасов сияқты ағаларымыз қол қойып Сталинге хат жазған.

Сонда 800 мыңнан астам шаруа қожалықтарынан 425 мыңдай қалды, жартысынан астамы жоқ деп жазады. 2 млн-нан астамы қырылған деп айтуымызға болады. Әрине, ешкім барып санап шыққан жоқ. Бұл ресми деректер негізінде келген қорытындыларымыз.

Ашаршылықтың жаңа қырлары көп

Ашаршылықты айтуымыз, жазуымыз, ғылыми жоба ретінде зерттеуіміз керек. Өйткені оның жаңа қырлары көп. Сол уақыттағы Сталиндік тоталитарлық жүйенің халықты қанау, қысым жасау механизмі әртүрлі болған.

Мысалы әрбір ауылдың жанынан жуасыту камераларын ашқан. Бағынбайтын, астық, ет салығын тапсырмайтын, үкіметтің уәкілдерін сабап, өлтіріп қойған адамдарды осы камераларға қамаған. Бұл – киіз үй түрінде болған камералар. Қазақстан бойынша қамалған адамдардың саны 1931 жылы 22 мыңға жеткен. Қазақстан басшылары Мәскеуге адамдардың түрмеге сыймай кеткенін айтып хат жазады. Осы себептен үш адам отыратын түрмеде он адам отырған. Түрмелерді жеңілдету тапсырылады. Түрмеде отырғандарды жер аудару туралы тапсырма түседі. Сібірге, Қазақстанның батысына, шығысына аударған. Осындай жағдай халықтың тұрмысына әсер етті. Ірі байларды тәркілеу өз кезегінде қасірет әкелді.

Қазақстандықтар қалай аман қалды

Бірталай қазақ көшіп, көрші аймақтарға барып әрекет жасады. 1932 жылдан бастап босқындарды орналастыру басталды. Голощекиннің Сталиге жазған түсініктемесі бар. Онда ол малдың қырылғанын, жағдайың қиын екенін мойындайды. Бірақ ол кінәні байларға, кулактарға жабады. 1932 жылы 17 қыркүйектегі қаулы бойынша Қазақстанға 2 миллион пұт астық көмек берілген. 2 миллион пұт астық ашаршылық деп емес, тұқымдық көмек береміз деп айтады. 33 жылдың басында Мирзоян Голощекиннің орнына келеді, Сталинге хат жазады. Тағы 2 млн пұт астық сұрайды. Қазақтартарға Қырғызстан, Сібір, Өзбекстан, Повольже басшыларынан көмек сұрайды. Олар өздеріне қаңғырып барған қазақтарға көмек береді. Сөйтіп аман қалды.

 

Не себепті Қазақстан ашаршылықты геноцид ретінде мойындата алмай отыр?

Геноцид деп өзіміз айта беруімізге болады. Себебі халықтың жартысынан көбі қырылды. Ал оны ресми түрде билік те, парламент те мойындай алмайды. Неге десеңіз, геноцидті ұйымдастырған кім, қай халық деген сұрақтар туындайды. Оның артынан тағы бір сұрақ: геноцидте қырылғандардың өтемақысын кім төлейді деген мәселе көтеріледі.

Үкімет геноцид деп мойындаса, оған Ресей қарсы болады. Ресеймен қарым-қатынасымыз нашарлайды. Ары қарай Мәскеу, Кеңестер Одағының мұрагері Ресей қырылған әр адамға өтемақы төлеу қажет болады. Ел Украинаны мысалға келтіреді. Украина геноцид деп мойындады, бірақ оны Еуро парламент мойындамады. БҰҰ Украинаның жіберген хатын архивке салып қойды. Біреулер Украина мықты, геноцидті мойындатты деп ойлайды. Бірақ Украинадағы геноцидті Ресей тұрмақ, Еуропа елдері мойындаған жоқ.

Себебі 1948 жылы БҰҰ геноцид жайлы конвенция қабылдаған. Ол заң әлі өзгерген жоқ. Бұл заңда былай делінген: белгілі бір халықты, руды, тайпаны, қасақана, әдейі, қаскүнемдікпен қырған жағдайда, халықты жер бетінен жойып жіберу мақсатында жасалған шаралар геноцидке жатады.

Ал бізде коммунистік партияның “Халықты қыр” деген ондай шешімі, қолымызда ондай құжат жоқ. Сталиннің, Голощекиннің сөздерінде ондай жоқ. Құжат жоқ болса, дәлел де жоқ. Оны дәлелдегеннің өзінде ақырында Ресейден өтемақы сұрауға дейін барамыз. Осының бәрін жасай алмайтын болсаң, ол әурешіліктен не шығады. Екі ел арасында қарым-қатынасты шиеленістіргеннен басқа ештеңе таппайсың. Біздің билік оған бармайды.

Ресей геноцидті мойындаса, не өзгереді?

Геноцид деген сөзге құмар болудың қажеті жоқ. Әбілғожин, Алдажұманов деген мықты тарихшылар «этносид» деп бағалау керек деп ұсынған. Бұл этносты құрту дегенді білдіреді. Олай болғанмен, оны ұйымдастырған кім деген мәселеге келеміз. Ал Сталинді, Голощекинді моладан тұрғызып ала алмайсың, жауапқа тарта алмайсың. Сонда не істемек керек?

Істейтін жұмыс көп. Геноцид дегенді қоя тұрайық, мүмкін кейінгі ұрпақ мойындатар. Ресей демократиялық елге айналатын шығар. Ресейдің өзі 50-60 жылдан кейін мойындауы мүмкін. Осы Мәскеудің жүргізген саясаты көрші халықтар үшін геноцид болды деп мәлімдеуі де ғажап емес. Сонымен қатар, Геноцид жайлы 1948 жылғы БҰҰ заңы өзгеруі мүмкін. Онда «қаскүнемдікпен қырмаса да, қате  асыра сілтеу реформалар жүргізіп, жергілікті халықтың тұрмыс жағдайын ескермей соған сәйкес келмейтін шараларды өткізіп, ақырында өздері байқамай халықты қырып алған» деген өзгеріс енгізіп, осыны геноцидке жатқызуы мүмкін.

Қазір біз не істей аламыз?

Қазақстан, Ресей өзгеріп, болашақ ұрпақ өздері шешіп алады. Ал қазір не істеуіміз керек?

Ашаршылықты жақсылап зерттеп, том-том кітап шығару қажет. Әрине, куәгерлердің бәрі көз жұмды. Қазір аталарының айтқанын айтып жүрген немерелер бар. Сол естеліктерді жазып алу керек. Архивтегі ашаршылық жайлы құжаттарды реттеу қажет. Оларға ғылыми баға беруіміз тиіс.

Парламент, үкімет ашаршылықтың адам айтқысыз қазақ тағдырында үлкен қасірет болғанын ресми түрде мойындауы тиіс. Геноцид демесе де, мойындауы керек. Қазақ тарихында мұннан асқан қасірет болмағанын мойындайтын ресми заң қабылдау қажет. Барлық ірі қалаларда ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатылуы тиіс. Әр облыста қанша адам қырылғаны жайлы мәлімет жазылуы тіис. Бір күнді белгілеп, сол күні Құран оқып, ашаршылық құрбандарын еске алып, қоғамдық-саяси шаралар өткізіп, ақпарат құралдары осы туралы жазып, жалауымызды төмен түсіріп, қайғыруымыз керек. Қазақстан 30 жылда бір рет қайғырған жоқ.

Қазір 31 мамыр еске алу күні. Қасірет күні деп, президенттен бастап орнынан тұрып еске алса, жалауымыз бір күн төмен салбырап тұрса, мешіттерде Құран оқылса. Ұрпақты соған тәрбиелесек. Қазақстанның жаңа ұрпағы ата-бабаларының қасірет ұмытпау үшін тәуелсіз Қазақстан қандай қиындықпен келгенін білу үшін маңызды. Ең бастысы ата-бабаға деген құрмет сезімін туғызу үшін керек. Қазақстанның патриоты болып қалыптасу, отансүйгіштіке баулу үшін маңызды.

Не үшін ашаршылықты саясиландырмауымыз керек?

Қазақстандықтар ашаршылық кезінде Ресейге, Қытайға көп өткен. Басқалары көрші туысқан мемлекеттер. Қазір біз көрші елдермен қарым-қатынасымызды жөндеуге тырысып отырмыз.

Мұны қаза берсең, саясат шығады. Компартияны жамандау қажет болады. Оның орталығы –  Мәскеу. Сталинді жамандаумен шектеле алмаймыз. Тәркіленген байлардың мал саны архивте жазулы тұр. Соның әрқайсысының өтемақысын алу қажет болады. Ресейден өтемақы сұрап, хат жазу керек. Әрине, саяси жағдай шиеленіседі. Мәулен Әшімбаев ашаршылықты саясиландырмайық деген еді. Оның сөзінше, өзіміздің тарихты жөндеп алайық, саясаттануға айналдырмаңдар деп жатыр. “Тарихты тарихшылар зерттесін” деп Тоқаев та айтқан болатын.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.