Қазақстан Конституциясында жер және табиғи ресурстар туралы ереже өзгереді

0 374

Ақорда резиденциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге арналған кеңес өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Кеңеске Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын ұсынатынын мәлімдеді.

Түзетулер негізгі заңда жер мен табиғи ресурстардың меншік иесі халық екендігі туралы норманы бекітеді, деп хабарлайды Ақорда сайты.

Тоқаев қоғам мен мемлекет үшін түбегейлі маңызы бар жерге меншік мәселесін шешу қажеттілігіне жеке тоқталды.

— Халықтың жер мен табиғи ресурстардың меншік иесі екендігі туралы норманың Конституцияда түпкілікті бекітілуінің келешекте қандай да бір қайшылықтарды жойып, үлкен саяси маңызы бар осыған байланысты Негізгі Заңның 6-бабын жаңа редакцияда енгізу ұсынылады: «Жер мен оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халық меншігінде. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады, – деді президент.

Ол жұмыс тобы мүшелеріне аз уақыт ішінде атқарылған ауқымды жұмыстарға ризашылығын білдірді.

— Бүгін мен Конституциялық Кеңеске Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын енгіземін. Бұл біздің негізгі заңымыздың талабы. Конституцияға енгізілген өзгерістер Тәуелсіз Қазақстан тарихында жаңа тарау ашатынына сенімдімін. Бұл Жаңа Қазақстан құрылысындағы маңызды кезең, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан Конституциясының 6-бабының 3-тармағы келесідей:

«Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде. Жер заңда белгіленген негіздер, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін».

Leave A Reply

Your email address will not be published.