Қарулы Күштер – ел қорғаны

0 155

Қазақстан Республикасы Қа­рулы Күштерінің құрылуын егемен­дігімізді еншілеген сәттен бері қол жеткізілген ең басты табыс­тарымыздың бірі ретінде қарас­тырамыз. Осы орайда Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысының басшы­лы­ғымен еліміздің Қарулы Күштері уақыт талабына сай қарқынды дамып, әлеуетін арттыра түскенін ерекше атап өтуіміз керек.
Жалпы, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде өзінің дербес әскерін құру ісін 1992 жылдың 7 мамырында Президенттің «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» жарлықтары шыққаннан кейін бастап кетті. Осы күні еліміздің аумағындағы КСРО әскери күштерінің есебіндегі мекемелер, бөлімдер, құрамалар, ұйымдар, полигондар, сақтау базалары, қоймалар, жылжитын және жылжымайтын әскери мүліктер Қазақстан құзыретіне берілді. Тағы бір еске түсіре кетер жайт, генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетов еліміздің Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
Содан бергі аралықта ел әскерін қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Бұл орайда, дәлірегі Қазақстан әскерін заманауи тұрғыда дамыту мәселесінде жаңа талаптар мен қазіргі таңдағы қауіп-қатерлер барынша ескерілді. Сондай-ақ әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті сақтау шараларына еліміздің белсене қатысуын қамтамасыз ету бағытына ден қойылды. Бұл жұмыстарды нәтижелі жүргізу, Қарулы Күштеріміздің заманауи сипатын анықтау, оның нормативтік-құқықтық негізін құру және басқа да аса маңызды міндеттерді іске асыру үшін 1993 жылы ақпанда еліміздің бірінші Әскери доктринасы қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.