Қаңтар қырғыны: Әубәкіров билікке сұмдық мәліметті жеткізген

0 1 225

Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров қаңтар оқиғасы басталған кезде Ресей өз әскерін кіргізіп, Қазақстанды басып алмақ болғанын айтқан. Бұл ақпаратты алғаш болып оның өзі ғана білген көрінеді. Батырдың ол сөзін кәсіпкер, меценат Ұзақбай Айтжанов Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында алға тартты.

Айтуынша, кәсіпкер Тоқтар Әубәкіровтен «қаңтар оқиғасы болып жатқанда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы әскерін кіргізу керек деп теледидардан айтқаныңыз қалай? Сізді жұртшылық сатқын деуге дейін барып жатыр, оның астары не?» деп сұрапты. Сонда ғарышкер шерулер енді басталып, әлі қантөгіс, бұзақылық болмай тұрған кезде өзіне Мәскеуден жақсы танитын беделді әскери адамдар телефон соғып, Қазақстанға 9 дивизия кірейін деп жатқанын хабарлағанын айтқан.

«Оның ішінде әуе десанттары да, ауыр артиллерия да бар екен. Жақын күндері біздің елге кіріп, өз тәртіптерін орнатпақ екен. Мен осы ақпаратты ел билігіне айттым. Бірақ олардың тарапынан ешқандай ұсыныс, қимыл байқалмағандықтан, амалсыздан телеарна арқылы ҰҚШҰ әскерін шақыру туралы ұсыныс беруге мәжбүр болдым. Егер ҰҚШҰ әскері кірсе, Ресей билігінің зұлымдық идеясы жүзеге аспай қалады деген пайым тұрды.

Содан бір-екі күннен соң Тоқаев шешім қабылдап, онлайн жиналыс өткізіп, ҰҚШҰ-ны шақырды. Біздің бақытымызға орай оған қазір төрағалық етіп отырған Армения. Содан олар екі-үш сағат ішінде шешім қабылдады.

Осылайша, Кремльдің жоспары іске аспай қалды. Басып кірейін деп дайын тұрған әскердің ішінен таңдап, ҰҚШҰ, яғни басқа мемлекеттердің сарбаздарымен бірге жібере салды», — деп жауап берген Тоқтар Әубәкіров.

Leave A Reply

Your email address will not be published.