ОТАН АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗДЫ ӨТЕУ – ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ МІНДЕТІ

0 249

Елдің қауіпсіздігін қорғау үшін әскерге алынған әрбір азаматтың өміріндегі ең маңызды рәсімдердің бірі – әскери ант қабылдау. Ант қабылдаудың мақсаты – Отан алдындағы борышын өтемес бұрын жас сарбаздан серт алу. Ол нендей серт? Ол – жауынгердің Отанына, халқына, еліне, әскери борышына адалдығы турасындағы серті. «Жігіттің екі сөйлегені – өлгені» дейді халқымыз. Әскери ант бір рет беріледі, ал оны бұзу – өліммен тең.

Қызыларық ауылдық округінде орналасқан 91678 әскери бөліміне ағымдағы жылдың көктемгі шақырылымында келген 50 жас сарбаз санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып әскери ант қабылдады. Олар бір ай бойы жас сарбаздар курсынан өтіп, әскери қызметке бейімделу кезеңінен өтті. Келгендеріне аз уақыт болғанына қарамастан сарбаздар қарумен саптық қозғалыстар және қоян-қолтық ұрыстың элементтерін көрсете білді.


Бұл жылы да салтанатты шараның ерекшелігі, карантиндік шектеулерге байланысты ант қабылдаушылардың туған-туыстарының қатысуынсыз өтті.
Салтанатты шарада әскери бөлімнің жеке құрамы және жас сарбаздар сапқа тұрғызылып, ортаға Мемлекеттік Ту әкелінді. Мемлекеттік Әнұран әскери оркестрдің сүйемелдеуімен шырқалды.
Шара барысында әскери ант қабылдаған әскери қызметшілерге Отанға адал қызмет ету және әскери анттың маңызы мен жауапкершілігі туралы айтылды.
Әскери ант қабылдау – сарбаз өміріндегі ұмытылмас оқиға, олар өздерінің конституциялық борышын абыроймен орындауға, ата-аналарының, халқының және ел Президентінің сенімін ақтауға дайын екендігін көрсетеді. Осы ретте, аталған әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеуге келген жас сарбаздар кезегімен «Мен Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деп ант қабылдады.
Салтанатты шарада әскери ант қабылдау күнімен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары, полковник Дәурен Хамитов құттықтап, Отан алдындағы борыштарын жоғары деңгейде атқарып, еліне, отбасына мақтанышпен оралуларына тілек білдірді. Жас сарбаздарға жігер беріп, еліміздің болашағы, елімізді қорғау жолында аянбай тер төгуге шақырды.
-Сіздерді әскери ант қабылдауларыңызбен құттықтаймын! Құрметті сарбаздар бүгінгі күн сіздердің өмірлеріңіздегі жауапты кезең әрі мерекелі ұмытылмас сәт. Ата-бабамыз қорғап қалған жерімізді, елімізді, тілімізді қорғау – біздің міндетіміз. Даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген қанатты сөзін өмірлік ұстаным ретінде ұстаныңыздар. Отан отбасынан басталады. Баршаңызға Отан, ата-ана алдындағы үмітті ақтап, әскери тәртіпке үйреніп, машықтануға тілектеспін. Әскери антқа адал, сертке берік болыңыздар, — деді ол.
Сонымен қатар, әскери ант қабылдаған жас сарбаздардың атынан Асылболат Беркінбаев және Даниал Немытов ортаға шығып, өз құттықтауларын жеткізді.
«Полковник мырза және офицерлер мен сержанттар, бүгінгі күн біз үшін өте маңызды. Өйткені, біз салтанатты түрде ҚР Қарулы Күштер қатарына қабылдандық. Отанды қорғау — біздің қасиетті борышымыз. Ал, борышымызды өтеуді азаматтық міндетіміз деп білемін. Қарулас достарыма тілерім, Отан алдындағы қасиетті боршымызды абыроймен атқарып, отбасыларыңызға аман-есен қайтуларыңызды тілеймін. Біз осы құрамда әскери борышымызды өтеп жатқанымызға өте қуаныштымыз. Бізге бір ай бойы қол ұшын созған офицерлер мен сержанттарға алғысымызды білдіреміз. Баршаңызды әскери ант қабылдау күнімен құттықтаймын» деді жас сарбаздар.
Одан кейін салтанатты шеру басталып, әскери оркестр патриоттық әндерді орындады. Саптық көрсетілімдер көрсетілді.
Әскери ант қабылдаған жас сарбаздардың ата-аналарымен бөлім командирі онлайн-режімде сұхбаттасты.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Leave A Reply

Your email address will not be published.