Өрелі іспен өсіремін өлкемді

0 203

Ел таңдауы алдымен елдің мұң-мұқтажын бес саусағындай білетін адамға түсетіні белгілі ғой. Ауыл әкімін ауылдықтардың өздері сайлай алатын күн де жетті. “Ауылдың басы болмасам да, сайының тасы болайын” деген ұстанымға байланған маған туған ауылымның тізгінін ұстау бұйырғаны-үлкен абырой. Бірлікке байланған берекелі ауылымда “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға” дайын ер-азаматтар баршылық. Сауапты іске келгенде самалдай есіліп, тұлпардай көсілуге дай- ын. Елім дейтін ерлеріміз өзара қор құрып, ауылдағы тұрмысы төмен отбасылардың тұрмыстық мұқтажын өтеуге атсалысып жүргені жан жадыратады. Ауылдықтардың еңбекқорлығы өз алдына бір төбе. Көрші ауылдар біздің ауылдың ағына жарып, қымызын ішіп қуаттанып, айранын ішіп нәр алып отыр десек, артық айтқандық болмас. Тіпті, бапталған, бал татыған қымызымыз еліміздің бас қалаларына асып, сұраныс артуда. “Нан болса, ән болады” демекші, ас атасымен ауылдықтарды асырап отырған наубайханамыз да бар. Шағын кәсіпкерліктің бір жемісі дерсіз, ауылымызда монша, шаштараз халыққа қызмет етуде.

Осы жылы тындырылған оңды істеріміз де баршылық. “Өңірлерді дамыту 2020” бағдарламасы бойынша бөлінген қаражатқа ауылдың кіреберісіндегі қақпа жаңартылып, ауылдың ажары кіргендей. Ал, жергілікті бюджет есебінен әкімшілік ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатыры ауыстырылып, ғимарат сырты қоршалды. Ауылдағы істен шыққан жарық бағандары жаңартылды. Абай ауылының шаруаларын ағын сумен қамтамасыз етіп отырған Қарабас каналына тазалау жұмыстары жүргізілді. Газ тарту жұмыстары да бір жолға қойылған, жақын күндері ауылдықтар көгілдір отынның игілігін көрмек. Біткен іске тоқмейілсу — бізге сын. Бастысы — бағытымыз айқын. Алдағы жылдарға құрған жоспарларымыз ретімен іске асатын болады. Жан жадыратар жақсы іске мұрындық болуға бекініп отырған жайымыз бар. Ордалы елдің отыз жылдығында оңды істерге бет бұрған мемлекетіміздің бесігі саналатын ауылдарда қамал алар қырық жылдыққа дейін қыруар тірлік атқарылады деп бек сенемін!

Санат КАРБОЗОВ,

Өндіріс ауылдық округінің әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.