Өңір экономикасы жақсарып келеді

0 313

Қазіргі эпидемиологиялық ахуалға қарамастан Жуалы ауданында әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталған. Барлық негізгі салаларда өсім байқалады. Ағымдағы жылдың сегіз айында аудан экономикасын өркендетіп, әлеуметтің әлеуетін арттырып, тұрмысын жақсарту мақсатында бас бармақпен бағалауға тұрарлық жұмыстар атқарылған.

Жуалы ауданының әкімі Олжас Қаржауовтың айтуынша, ауданның жалпы өңірлік өнімінің көлемі есепті мерзімге 35 294,1 миллион теңгені құрап, (2020 жылы 8 айда 32 936,2 миллион теңге) былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,1 пайызға артық орындалған.

– Жалпы ішкі өнімнің құрылымында өнеркәсіп үлесі 22,8 пайыз, ауыл шаруашылығы жалпы шығарылымы 53,9 пайыз, құрылыс жұмыстарының көлемі 8,0 пайыз, сауда айналымы 15,3 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында 8 068,3 миллион теңгені құрап, (2020 жылы 8 айда 5 696,0 миллион теңге) өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 100,2 пайыз. 9 айдың қорытындысымен 100,4 пайызға орындалуы күтілуде. Аудан бойынша 2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында 2 022,6 миллион теңгенің (2020 жылдың 8 айында 1807,9 миллион теңге) бөлшек саудасы жасалып, 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 104,4 пайыз.

Сондай-ақ көтерме сауда тауар айналымы 8 айда 3 330,6 миллион теңгені құрап (2020 жыл 3 010,6 миллион теңге), нақты көлем индексі 103,5 пайыз, – дейді Олжас Қаржауов.

Олжас Еселханұлының сөзіне сүйенсек, құрылыс саласы да қамшы салдырмас екпінмен алға озған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 8 айда 2 835,4 миллион теңгені құрап, (2020 жылы 2 809,7 миллион теңге) былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100,2 пайыз. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 8 айда 4 867,3 миллион теңгені құраған. 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 89,0 пайыз орындалған.

Жеке тұрғын үй салушылардың есебінен жалпы алаңы 8 айда 9 348 шаршы метрге құрайтын тұрғын үйлер аула құрылыстарымен бірге қабылданып (2020 жылы 8 533 шаршы метр), 109,6 пайызға орындалған.

Олжас Еселханұлы сегіз айда атқарылған жұмыстар аз екенін, тиісінше алдағы міндеттер де ауқымды екенін айтады.

– Ел Тәуелсіздігінің нығаюына үлес қосу әрбір қазақстандықтың міндеті. Жуалы халқы да Президент Жолдауларында айтылған міндеттерді межеге алып жұмыс атқаруда. Алда атқарылатын жұмыстар өте көп. Мемлекеттің сындарлы саясатын басшылыққа ала отырып атқарып жатқан жұмыстарымыздың барлығы халықтың игілігіне бағытталуы тиіс деп білемін, – дейді О.Қаржауов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.