Облысымызда бірегей ойын алаңы бой көтерді

0 147

Тараз қаласының туған күніне және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыс орталығындағы «Жайлау» ықшам ауданының Сейфуллин және Қонаев көшелерінің қиылысында жас ұрпақтарға  және түрлі жастағы балаларға арналған жаңа, заманауи жабдықтармен жабдықталған жалпы ауданы  1500 шаршы метрді құрайтын кешенді балалар ойын алаңшасы ашылды. Шараға қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көпшілікті мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

– Сіздермен алаңы 1500 шаршы метрді құрайтын, заманауи қондырғылармен жабдықталған және әр түрлі жастағы балаларға арналған ең үлкен ойын алаңының ашылуында жиналып тұрмыз.

Осы пайдалануға берілгелі тұрған ойын кешені Тараз қаласында балалардың демалысын толығымен қамтамасыз ететін бірден-бір алаң.

Мұнда гимнастика, спорт және ойын алаңдары, аттракциондар, әткеншектер, баланс бөренелері, алтыбақандар, сырғанақтар және 1 жастан 12 жасқа дейінгі қаланың жас тұрғындары үшін басқа да құрал-жабдықтар орнатылған. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балалардың талаптары да ескеріліп, олар үшін арнайы ойын алаңдары орнатылып, бүкіл аумаққа зақымданудан сақтайтын резеңке жабын төселген. Нысанды «Таразға тарту» жобасы аясында «Сәби» Қайырымдылық Қоры барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, шаһарымызға сыйға тартып отыр. «Сәби қоры еліміздің барлық аймақтарында балаларға арналған спорттық нысандар тұрғызуда және ең үлкен алаңның құрылысын киелі Тараз қаласында жүргізгені үшін қордың негізі ққалаушы әрі прездиенті Әсел Иманғалиқызы Тасмағамбетоваға  алғысымды білдіремін.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Жамбыл облысында да ілкімді істер қолға алынуда. Айталық, облыс орталығында биылғы жылы «Таразға тарту» жобасы бойынша 14 спорт алаңы пайдалануға берілді. Ал үш жылдық жоспарға сәйкес облыс орталығының аумағында көп қабатты тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру көзделуде.

Осы орайда баса айта кетерлігі, бұл тек орталықтағы ғана емес, шет жақтағы көшелерді де қамтитын болады. ,– деді аймақ басшысы.

Құны 44,5 миллион теңгеден асатын спорттық алаңша «Сәби» қайырымдылық қорынан  Тараз қаласына қайтарымсыз негізде беріліп отыр. Осы орайда баса айта кетерлігі «Сәби» қоры «Спорт — денсаулық – жетістіктер» бағдарламасы аясында 20 жыл ішінде Қазақстанның 14 өңірінде 48 спорт нысанын салып, жөндеуден өткізген. Қор жетекшілерінің айтуынша, алдағы уақытта жаңа алаңның маңында бос тұрған жерге дәл осындай ойын кешені бой көтеретін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.