Сапарбаев сапарлап Шуға барды

0 368

Шу ауданына жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жол инфрақұрылымы нысандарының құрылыс барысын, су және ауылшаруашылығы нысандарының жай-күйін барлап, жергілікті мектептердегі оқу жағдайымен танысты.

Алдымен «Тараз» Химпарк» АЭА-на ат басын бұрған облыс әкімі онда әлі күнге дейін пестицидтер мен өзге де агрохимиялық өнімдер өндіретін «Химплюс»-тен басқа ешқандай кәсіпорын жұмыс істемейтініне көз жеткізді. АЭА басшылығының айтуынша, мұнда «Алтын Алмас» алтын өндіру кәсіпорны шағын өндіріс орнын, ал «Транстелеком» АҚ – деректерді өңдеу орталығын орналастыруды жоспарлауда. Бүгінгі таңда 28 жобаның инфрақұрылым тартуға қатысты 12-сі аяқталған десек, олардың аясында газ, электр энергиясы, теміржол тұйықтары қамтылған.

Жұмыс қарқынына көңілі толмаған Бердібек Сапарбаев арнайы экономикалық аймақ құрылған сәттен бастап оның қызметі туралы есеп, сондай-ақ басқарушы компанияның жалақы қоры бойынша мәліметтер әзірлеуді тапсырды. Шығындардың тиімділігіне де тексеру жүргізілетін болады.

Егер «Тараз» Химпарк» АЭА аумағында жұмыс істеуі тиіс «Қызылша» ЖШС қант зауыты әлі де жобалау және келісу сатысында болса, оған қарағанда жеке шаруашылықты құру бойынша жұмыстар қарқынды жүруде деп айтуға болады. Өндірістік жоспарға сәйкес, бес жыл ішінде «Қызылша» ЖШС суармалы жер көлемін 25 мың гектарға жеткізуді көздеп отыр, оның басым бөлігі қант қызылшасына тиесілі.

Ағымдағы жылы 1562 гектар алқапқа бірқатар дақылдар отырғызылуда. Нақтырақ айтсақ, 765 гектарға қант қызылшасы, 662 гектарға жүгері, 113 гектарға картоп егіледі десек, осы орайда голландиялық «Farm Frites» компаниясының қолдауымен фри картобын өндіру зауытын салынатындығын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, 1100 гектарға арпа, 600 гектарға мақсары отырғызылмақ. Бұдан бөлек 15 гектарға сорттық сынау учаскесі ретінде қант қызылшасының түрлі будандарын тестілеу жүргізілмек. Ынтымақтастық туралы шартқа сәйкес жобаны ғылыми сүйемелдеуді Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және Қазақ өсімдіктерді қорғау ғылыми-зерттеу институты жүзеге асырады.

Инвестиция көлемі 101 миллиард теңгені құрап, 500-ге дейін жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Ирригациялық желілер құрылысына 68,9 миллиард теңге бағытталған. Ұзындығы 26,7 шақырым суару құбырлары салынып, сыртқы және ішкі электрмен жабдықтау желілерін монтаждау жұмыстары аяқталған. Жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылу үстінде. Сыйымдылығы 7,6 мың текше метр болатын ауқымды аванкамераның құрылысы жүруде. Ондағы алты сорғы станциясының көмегімен жаңбырлатып және тамшылатып суару қондырғыларына су жеткізілетін болады Жалпы, биыл компания 1,5 мың гектар алқапты суаруға негізделген ирригациялық жүйелердің құрылысына төрт миллиардқа жуық қаржы бағыттаған.

«Қызылша» компаниясының бас директоры Мұқаш Өскембаевтың айтуынша, айналым төрт өрістен тұрмақ. Қазір тәлімдік жерлерді ылғалдандыру үрдісі орындалуда.

– Қант зауытын қамтамасыз ету үшін шикізаттың 500 мың тоннаға дейінгі бөлігін өзіміз өсіретін боламыз. Ирригация жүйесі сағатына 7,5 мың текше метр ылғал бөлуге қауқарлы алты сорғы станциясымен жабдықталған аванкамераға Тасөткел магистралды каналынан су жеткізуге ықпал етеді. Сорғылар әлемдегі жетекші өндіруші Valmon компаниясынан әкелінген радиусы 401 метр болатын 25 жаңбырлатқыш қондырғыларды сумен қамтамасыз етеді. Олардың әрқайсысы 51 гектар суармалы алқапты қамтиды. Осылайша су шығыны кем дегенде үш есеге азайып, жүйені бір ғана оператор басқаруға мүмкіндік туады. Тек электрмен жабдықтау қондығыларын орнатуға бір миллиардтан астам теңге жұмсалды. Шамамен 10 мамырдан бастап біз алғашқы суды бере бастаймыз. Алдағы жоспарымызға жеке жемшөп базасы болған жағдайда шағын сүт фермасын құруды енгізіп отырмыз, – деп атап өтті Мұқаш Өскембаев.

Аймақ басшысы жергілікті шаруаларды жаңа технологиялармен таныстыру және тәжірибе алмасу мақсатында дәстүрлі егіс күнін осында өткізу идеясын қолдады.

Бұл ғана емес, Меркі-Шу-Бурылбайтал жолына айрықша көңіл бөлінуде десек, оның құрылыс барысы облыс әкімінің тұрақты бақылауында. Осы жолғы жұмыс сапары барысында Меркі мен Шу арасындағы тоғыз көпірге назар аударылды. «Қазавтожол» РМК басшысы Айжан Туғанованың айтуынша, қазіргі таңда көпірлер 70 пайызға дайын. Қыркүйек айына қарай олардың құрылысы толығымен аяқталуы тиіс. Маусымға дейін үздіксіз жұмыс істеу үшін қажетті құрылыс материалдары жеткілікті.

Құрылысшылар жолдың биыл ашылатынын сендірді. Мұнда жұмысшыларға бөлгіш аралықтарды орнату, жақын маңдағы ауылдар мен мал айдауға арналған өткелдерді салу секілді жұмыстарды қатар атқаруға тура келуде.

– Барлық көпірлер жарықтандырылуы керек, жұмысты жандандырып, құрылысқа жергілікті тұрғындарды көбірек тарту маңызды. Әлеуметтік жауапкершілік туралы да ұмытпай, әлеуметтік мәселелерді шешуде жергілікті халыққа барынша қол ұшын созыңыздар, – деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, аудан аумағында орналасқан «Қазсушар» РМК балансындағы Тасөткел шағын бөгеті күрделі жөндеуді талап етеді. 1940 жылдары салынған нысанның тозығы жеткен, көпір бойымен жүретін адамдар мен көліктер үшін қауіпті. Сонымен қатар, екі магистральдық канал осы жерден бастау алады десек, Олар – оң жағалау және сол жағалау каналдары.

ПУИД-2 жобасына келетін болсақ, «NTF Insaat Ticoret Limited Sirketi» түрік компаниясы ирригациялық-дренаж желісін қайта құру шараларын аяқсыз қалдырғандықтан, бүгінде тиісті жұмыстарды жергілікті «ТаразСтройИнвест» ЖШС қолға алған. Жұмыс қызу жүруде, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 1 мамырға дейін Андреевка, Подхоз және Госфонд каналдарын тазарту, қажет жерлерге науалар орнату жұмыстары аяқталуы тиіс. Нәтижесінде Дулат және Балуан Шолақ ауылдық округтерінің тұрғындары алдағы вегетациялық кезеңде суару суымен қамтамасыз етілетін болады.

Облыс әкімі Бірлік ауылындағы құны 1,2 миллиард теңге болатын, сыйымдылығы 30 мың тоннаға дейінгі көкөніс сақтау қоймасының құрылысымен де танысты. Ондағы жұмыстар 40 пайызға аяқталған. Нақтырақ айтсақ, бүгінде қажетті микроклиматты құруға негізделген жылу реттегіштермен және арнайы құрылғылармен жабдықталған үш блоктың біреуі дайын. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және қаптау цехтарын салу жоспарлануда. Өнімнің 70 пайызға жуығы ішкі нарыққа бағытталса, қалғаны экспортталмақ. Жергілікті шаруа қожалықтарының тарапынан сұраныстың артуына байланысты бес мың тонна пияз отырғызылыпты. Сақтау құны – келісіне бес теңге. Жалпы, Шу ауданында жалпы сыйымдылығы 60,6 мың тонна болатын 40 көкөніс қоймасы бар.

Сонымен қатар, аймақ басшысы барған келесін нысан – Шу қаласындағы ауданы 6,5 гектарды құрайтын Теміржолшылар паркі бүгінде қайта түлеуде. Өткен жылы 83,8 миллион теңгеге абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, жұмыстың екінші кезеңі ағымдағы жылға жоспарланған-ды. Бүгінде мұнда орындықтар ауыстырылып, балалар алаңы ашылды, тәулік бойы жарықтандыру, күзет шаралары ұйымдастырылған. Алдағы уақытта стрит-воркаут алаңшалары мен аттракциондар ашылады деп күтілуде.

Облыс әкімі Теміржолшылар саябағында ағаш отырғызу акциясына қатысты. Осы секілді акциялар Бірлікүстем ауылындағы Домалақ ана атындағы және Қонаев ауылындағы Төле би атындағы мектептерде де өтті.

Айта кетейік, Бірлікүстем ауылындағы жаңа мектеп өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілген болатын. Мердігер «СП-Нефть» ЖШС жүргізген мектеп құрылысының құны 704 миллион теңгені құраған. Мұнда барлығы екі ауысымда 407 оқушы білім алуда. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында кесте әзірленіп, соған сәйкес кеш уақытында мектеп спорт залында жергілікті тұрғындардың шұғылдануына жағдай жасалынған. Аймақ басшысы тіпті ашық аспан астындағы география сабағын өткізіп, балаларға әртүрлі табиғи құбылыстар мен оларды өлшеу құралдары туралы танымды қызықты ойларымен бөлісті.

Сол секілді Қонаев ауылындағы мектептің күрделі жөндеуі өткен жылдың желтоқсан айында аяқталған болатын. Оған 472,3 миллион теңге жұмсалыпты. Бүгінде мұнда қазақ және орыс тілдерінде 1253 оқушы білім алуда. Оқу ордасы өз түлектерімен тығыз байланыс орнатқандығын Tulek-kz сайтында 228 адамның тіркелгендігінен байқауға болады. Түлектер аумақты абаттандыруға, акт залын жайластыруға қол ұшын созған.

Өңір басшысы бүгінде дәстүрлі форматта өтіп жатқан оқу барысымен танысты. Жалпы Шу ауданы бойынша оқушылардың 99,1 пайызы қалыпты оқу үрдісіне көшкен.

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.