Берік Уәли Бесқарағай ауданына қоныс аударған отбасымен кездесті
Аймақ басшысы Берік Уәли «Қаладан – ауылға» жобасы аясында Бесқарағай ауданына қоныс аударған отбасылардың тұрмыс-тіршілігімен танысты.

Облыс әкімі Семей қаласынан Бесқарағай ауданының Башкөл ауылына көшіп келген көпбалалы ана Жадыра Жұматаевамен жүздесті. Бес бала тәрбиелеп отырған ана жеке кәсібін бастауды, яғни, дүкен, наубайхана ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта округ әкімдігі тарапынан ғимарат берілген.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, «Қаладан – ауылға» жобасының жүзеге аса бастағанына 4 айға жуықтап қалды. Қазіргі таңда Бесқарағай ауданы көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда келеді. Бесқарағай – тоғыз жолдың торабында орналасқан, қалаға жақын, табиғаты көркем аудандардың бірі. Содан да болар, осы ауданға сұраныс өте жоғары. Осындай тамаша мекенге қоныс аударып, келіп жатқандарыңызға қуаныштымыз. Жұмысыңызға табыс тілеймін. Заң аясында барлық көмекті көрсетеміз», – деді Берік Уәли.

Аталған отбасыға көшіп келу жол шығындары өтеліп, отын-көмір және азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, бір ірі қара мал берілді.
«Биылғы жылдың сәуір айында «Қаладан – ауылға» жобасы бойынша Бесқарағай ауданының Башкөл ауылына көшіп келдім. Негізгі мақсатым – ауылды көркейту, жеке кәсібімді ашып, үлесімді қосқым келеді», – деді Жадыра Жұматаева.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ