Мойынқұмда 17 елді мекен ауыз сумен қамтылған

0 233

Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. 30 жылда Мойынқұм ауданы әлеуметтік- экономикалық даму жолында талай толайым табыстарға қол жеткізді. Әлеуметтік салада 9 балабақша, 20 медициналық нысан пайдалануға беріліпті. 22-ден астам әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өткізілген. Қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 70 пайызға жетсе, жұмыссыздық деңгейі статистика органдарының мәліметі бойынша 6,8 пайызға төмендеген. «Жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында, аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, тиімді экономикалық климат қалыптастыру бағытында жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Жыл қорытындысымен барлық көрсеткіштерді орындауға ауданның әлеуеті жетеді деген ойдамын», – деген аудан әкімі Мәден Мұсаев ауданда 17 елді-мекен ауыз сумен қамтылғанын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, жобалық құны 1 миллиард 483,3 миллион теңге болатын Мойынқұм ауданы Ақсүйек ауылын сумен жабдықтау және су тарату құрылысы нысаны жұмыстары үшін жобалық сметалық құжаттамалар әзірленіп, ол құжат бүгінде облыстық энергетика басқармасына қаржыландыру мақсатында бюджеттік өтінім ретінде өткізіліпті. Сонымен қатар Ақбақай, Көкжелек, Хантау ауылдарының магистралдық және сумен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізуге жобалық сметалық құжаттамалар әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізуге 31,1 миллион теңге қаражат қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы тапсырыс беріліпті. Ағымдағы жылы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Қарабөгет-Сарыөзек ауылдарын сумен жабдықтау және су тарату құрылысы» нысаны бойынша республикалық және облыстық бюджеттерден 742,9 миллион теңгеге қаржы бөлініп, жұмыстары басталыпты. Аудан бюджетінен Мойынқұм ауылы ішіндегі ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына 100,0 миллион теңге қаралса, Кеңес ауылында да осы бағытта жұмыстар жүргізуге 53,0 миллион теңге қаралып, іс қазір қолға алынған екен.

– Осы жылы Қылышбай ауылындағы ауыз судың ащщы болуына байланысты мембраналық қондырғы орнатуға 25,7 миллион теңге қаржы бөліп отырмыз. Мойынқұм ауданындағы Айдарлы, Бірлік,Биназар, Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай секілді 9 елді мекенді газбен жабдықтау және газ тарату желілерінің құрылысының жобалық-металық құжаттамасын әзірлеуге 47,9 миллион теңгеге бюджеттік өтінім әзірленіп, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына өткізілді, – дейді Мәден Тоқтарбайұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.