Мемлекеттік бағдарламалар құрылыс саласына серпін беруде

0 130

«Бизнестің жол картасы – 2025», «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламалары мен «Ауыл – ел бесігі» жобасының елді мекендердің еңсесін тіктеп, халықтық тұрмыстық жағдайын жақсартуда баламасы жоқ екені дәлелдеуді қажет етпейді.

Басқа да аты аталмаған мемлекеттік бағдарламалар, жарқын жобалар коронавирус індеті күшейіп, елден ес, ерден кеткен кезде еліміздің тұрақты дамуына негіз болды. Керісінше баянды бағдарламалар шеңберінде жұмыс қарқыны еселеп артып, тұрақты жұмыс орындары ашыла бастады. Мәселен бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен Жуалы ауданында мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 2,4 миллиард теңгегені құрайтын 22 жоба іске асырылады деп күтілуде. Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағының айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы берекелі жұмыстар атқарылуда.

– «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында бағдарламаның бірінші (скоринг – айналымдағы қаражатты толықтыруға кепілсіз 5,0 миллион теңгеге дейін толықтыру, өз ісін кеңейтуге кепілсіз 20,0 миллионға дейін несие) және екінші бағыты «Пайыздық ставканы субсидиялау» тетігі бойынша ағымдағы жылдың 4 айының өзінде ауданнан жалпы несие сомасы 484,8 миллион теңгені құрайтын 113 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар жаңа өндіріс құруға және жұмыс істеп тұрған өндірісті жаңғырту мақсатында 2 жоба қолдау тапты. Атап айтсақ, Билікөл ауылдық округіндегі «Береке» шаруа қожалығы мен «Қаралма» тау-шаңғы кешеніне инфрақұрылым (сумен жабдықтау және кәріз жүйесін) жүргізу мақсатында құжаттары толығымен жинақталып, өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралып, оң шешімін алды.

Ал 22 жоба бойынша тиісті жұмыстар басталып, бірқатары пайдалануға беріліп те үлгерді. Сондай-ақ «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен бес елді мекенде (Қошқарата, Көлтоған, Ертай, Шақпақата, Т.Дүйсебайұлы) ауызсу құрылысы жүргізілуде. Ауданда 49 елді мекеннің (10 373 аула) 25 елді мекені (4 978 аула), немесе 51 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Ал қалған 19 елді мекеннің ішінде 10 елді мекенге (Қоңыртөбе, Бәйтерек, Жаңаталап, Ақтоған, Кәріқорған, Тасбастау, Рысбек батыр, Түктібай, Ақтөбе, Бақалы) ауызсу құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптама қарауына ұсынылды. Қалған 9 елді мекен (Күркіреусу, Қызтоған, Ақтасты, Әбдіқадыр, Қаратас, Көктас, Қарасу, Амансай, Қазбастау) 50 аулаға жетпегендіктен су жүйесін салуға тиімсіз.

2019 жылы құны  2,6 миллиард теңге болатын Қошқарата бағытындағы 15 елді мекенді газдандыру жобасы қолға алынған. Бүгінгі күнге 7 елді мекенге 52 шақырым болатын газ құбыры тартылды. Яғни газ кіргізілуі тиіс 486 ауланың 263 ауласына газ кіргізілді. Биыл 7 елді мекенге (Қаратас, Ертай, Көлтоған, Рысбек батыр, Ақтасты, Қошқарата, Қызтоған) газ кіргізу мақсатында бюджеттік өтінім берілді. Ауданда 49 елді мекеннің 38-і газдандырылған немесе 77,55 пайыз. Бұл халықтың 89,56 пайызын құрайды, – дейді Асхат Базарбайұлы.

Жүзеге асып жатқан жобалар шеңберінде жүздеген аудан тұрғыны жұмыспен қамтылған. Ал жобалар іске қосылғанда қосымша тұрақты жұмыс орындары ашылатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.