Мақсат – халықтың табысы мен тұрмысын жақсарту

0 147

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысының әкімдігінде кеңейтілген мәжілісінде халықтың табысы мен тұрмысын жақсарту мәселесі қаралды.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жыл басынан бері барлық салада оң динамика қалыптасып отырғанын, жыл қорытындысымен де жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қарқынды жұмыстарды жалғастыру керектігін баса айтты.

Жиында облыс әкімінің орынбасарлары әр сала бойынша есеп беріп, өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларға тоқталды.

Жаңа оқу жылына 5 білім нысаны пайдалануға беріліп, 1 апатты,1 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы, 2 тозығы жеткен мектеп мәселесі шешілді.

Жыл соңына дейін 3 жаңа мектеп пен 3 мектептің жапсарлас құрылысы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, облыс бойынша 12 жекеменшік мектеп ашылды. «Асарлатып үй салу», «Таразға тарту», «Жомарт түлек», «Мейірім», «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобалары сәтті жүзеге асуда. Халық арасында өз тиімділігін көрсетуде.

Бірнеше ауданда  кешеуілдеп іске асып жатқан  жобаларды аймақ басшысы жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Облыста биыл құрылыс саласы бойынша 68,7 млрд. теңгеге 230 жоба іске асырылуда. Жыл соңына дейін 172 нысанды тапсыру жоспарланса, қалған 59 нысан келер жылға өтпелі.

Үкімет тапсырмасына сәйкес халық санағын 1 қарашаға дейін аяқтау жөнінде тапсырма берілді.

— Жайылым жерлердің мәселесін шешу қажет. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлығы дерлік өзімізде өндіріледі. Сондықтан, бұл азық-түліктермен өзімізді қамтуға тиіспіз. Оған біздің әлеуетіміз жетеді, — деген аймақ басшысы жауаптыларға осы бағытта нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Бердібек Сапарбаев мемлекеттік бағдарламалар мен «Асарлатып үй салу», «Жомарт түлек» жобаларының орындалуы бойынша бірқатар аудан және ауылдық округ әкімдерінен жеке-жеке жауаптар алды. Кемшіліктерге қатысты сын-ескертпелер айтып, нәтиже шығаруға нақты уақыт берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.