Көпқабатты үйлердің ауласы абаттандырылуда

0 201

Ауыл ұлтымыздың бүлкілдеп соққан алпыс екі тамыры іспеттес. Ал осы елді мекендерді көркейту, сайып келгенде елдің дамуына серпін беретіні тағы рас. Мәселен, қазіргі таңда Жуалы ауданының айнасы саналатын Б.Момышұлы ауылын көркейтуге мән беріліп отыр. Оған қажетті қаражат та бөлінуде.

Б.Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары Мақсұт Орымбаевтың мәліметінше, елдімекенде абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары атқарылуда. Яғни, Жанқожа, Шоқан Уәлиханов және Ақжол көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп,  аудандық қаржы бөлімі арқылы ашық конкурсқа койылған. Нәтижесінде «Арсенал» жеке кәсіпкерлігі жеңіп алып, жұмыстар атқарылып, қазіргі таңда нысан тұрғындарға пайдалануға берілуде.

 Сонымен бірге, Б.Момышұлы ауылдағы көпқабатты тұрғын үйлердің аумағын абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда төрт көпқабатты үйдің ауласына асфальт салынды. Ендігі кезекте аула маңына қоқыс тастайтын жәшік қойылатын болады. Аталған жұмыстарды «Жасыл Жуалы» КММ-сі жеңіп алып,  атқаруда.

8 Наурыз көшесі және Зиябек Толымбаев, Бауыржан Момышұлы көшелері аралығындағы жаяу жүргіншілер өтетін көпірді жөндеу және қайта жаңарту  жұмыстарына қаржы бөлініп, «Досқұлов Қаныбек» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасалған. Келісімшарт негізінде жеке кәсіпкер жұмыстарды толық орындаған.

Еркінбек Сауранбекұлы көшесіне де көптен күткен қуаныш орын алып, жарық орнатылды. Тұрғындар мұндай игілікті іске дән риза.

-Мен осы көшенің байырғы тұрғынымын. Көпбалалы отбасымыз. Қаншама жылдан бері көшемізге жарық келуін күтіп келеміз. Көшеде жарық шамдары бар болғанымен әр жерде ғана орнатылған болатын. Ал, міне жақында көшемізде жарық орнатылып, пайдалануға берілді. Әрине, қуаныштымыз. Жарқырап жанып тұр. Көпшілік көшеде емін-еркін жүруде. Ауылға осылай көп көңіл бөлініп, тұрғындардың қажеттілігін жасағанына ризамыз. Өте дұрыс. Тәуелсіз ел болғандықтан еліміз дамып, өркендеуі тиіс. Оның бастауы осындай кішкентай ғана ауылдан, көшеден басталады, — дейді Гаухар Сабыралиева.

Ал, Латикант көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындары көп жылдан бері көтерілген мәселенің шешімін тапқанына қуанышты. Көпқабатты үйдің ауласына асфальт төселіп, пайдалануға берілген. Айналасы теп-тегіс жолға айналып, тұрғындар алғысын білдіруде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.