Комиссия мүшелері марапатталды

0 301

Үстіміздегі жылдың 10 қаңтарына тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауы ауданымызда өз деңгейінде өтіп, ауданда орналасқан 39 сайлау учаскелерінің 287 және аудандық аумақтық 7 комиссия мүшелері сайлау науқаны кезінде тығыз жұмыстар атқарғаны белгілі.
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтіп, оған аудан басшысы Нұржан Нұржігітов төрағалық жасады. Аталмыш жиынға облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, аудандық сайлау комиссия және сайлау комиссиясы учаскелерінің төраға — төрайымдары мен мүшелері қатысты.
Басқосуды ашып, күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырған Нұржан Молдиярұлы аумақтық сайлау комиссиясына саяси партиялардан 45 кандидат, 196 сенімді өкіл тіркеліп, жұмыстар атқарғанын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне 1 кандидат, облыстық мәслихатқа 5 кандидат ұсынылғанын, нәтижесінде облыстық мәслихатқа ауданнан 3 депутат, аудандық мәслихатқа 17 депутат сайлау нәтижесі бойынша өтіп, қазіргі таңда қызметтерін атқаруда екенін жеткізді.
Кеңейтілген отырыста күн тәртібіне сәйкес, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Абдан Тулепбергенов жылдық есебін және өткен сайлаудың қорытындысы туралы баяндамасын жасады.
— Аудандық сайлау комиссиясы 2020 жылы өз жұмысын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының нормативтік — құқықтық бұйрықтары мен нұсқаулықтарына, Орталық сайлау комиссиясының инженерлік-техникалық орталығы, облыстық сайлау комиссиясының шешімдерін басшылыққа ала отырып, жұмыс жоспарына сәйкес атқарды, — деп сөзін бастаған Абдан Баяуұлы іс-қағаздары, құжаттар істер номенклатурасына сәйкес жүргізіліп, облыстық сайлау комиссиясынан келіп түскен сұраныстар, айлық, тоқсандық, жылдық есептер уақытылы жіберілгенін атап өтті.

Есеп беру кезеңінде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 заңы 36-1 — бабына сәйкес, 6 ауылдық округте, Темірбек, Суханбаев, Дихан, Қызыл жұлдыз, Үлгілі, Бәйтерек ауылдық округтері әкімдерінің кезектен тыс сайлауы өткізілген.
Аудан әкімі аппаратының ғимаратында сайлауға қатысты қажетті ақпараттарды алу үшін Call – орталығы құрылып, хабарлама бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, Call — орталығына 58 сайлаушыдан сұраныс түскен. Облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында «Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу, өткізу кезіндегі сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында көшпелі семинар — кеңес өткізіліп, семинар кеңеске 85 сайлау комиссия мүшелері қатысқан.
Қашықтықтан оқытуға барлығы 294 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері қатысып, ҚР ОСК арнайы сертификатын алған. «Сайлауды ұйымдастыру мен өткізу кезінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын-алу жөніндегі алгоритмді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік дәрігерінің Қаулысына сәйкес, сайлау учаскесінің үй-жайы зарарсыздандыру құралдарымен, комиссия мүшелері жеке қорғану құралдарымен жарақтандырылып, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауға толық жағдай жасалынған.

Аудандағы 39 сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға қолайлы жағдайлар жасалынып, қызмет көрсету бұрыштары арнайы компьютерлер, лупалар және арнайы нұқсаулықтармен қамтылып, сайлау күні мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға 34 жеке көмекші, 3 ымдау тіл маманы (сурдопереводчик) және 2 инватакси қызмет көрсеткен.
Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдардың 80 байқаушысы, 35 сенімді өкілдер, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары (ОБСЕ, Өзбекстан) сайлау процесіне қатысқан. Байқаушылар тарапынан тиісті сайлау комиссиясы және оның мүшелерінің шешімдеріне, іс-қимыл әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссияларына, сотқа шағымдану деректері болмаған.
Баяндамашының айтуынша, аудан бойынша сайлаушылар тізіміне 57 672 азамат енгізіліп, олардың 44 447-сі, яғни 77,07 пайызы үстіміздегі жылдың 10 қаңтарында өткен Парламент Мәжілісінің және әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасаған.
Аудандық мәслихат депутаттары сайлауына 4 саяси партия қатысып, «Nur Otan» партиясы өзінің көшбасшылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Аудандық мәслихат депутаттарын сайлау нәтижелері туралы хаттамалар негізінде «Nur Otan» партиясы 36 924 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыстарының 85,8 пайызын иеленсе, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 5 780 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыстарының 13,4 пайызына ие болған. «ADAl» саяси партиясы — 172 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыстарының 0,4 пайызы, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы — 164 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыстарының 0,4 пайызын құраған.
Бұдан кейін сөз алған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы: «Еліміз Тәуелсіздік алған отыз жыл көлемінде қалыптастыру кезеңінен өтті. Біз Ата Заңымызды жетілдіре отырып, Заң аясында жас мемлекетіміздің басқару жүйесін кезең-кезеңмен қалыптастырып келеміз. Өткен сайлаудың жоғары деңгейде өткенін Ұлыбритания елінен келген бақылаушылар да мойындап отыр» — дей келе, сайлаудың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан сайлау учаскелерінің төраға — төрайымдары мен мүшелеріне шынайы алғысын жеткізді.
Отырыс соңында ауданда аталған сайлауды дайындау мен өткізу барысында жоғары белсенділік танытқан бір топ азаматтарға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев пен облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловтің Алғыс хаттары салтанатты түрде табыс етілді.

Мұхтар Манекеев

Leave A Reply

Your email address will not be published.