Кәсіптің көзін тапқан

0 37

Шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Соның арқасында ауданымызда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны күн санап артып келеді. Осыған орай, кезекті мақаламызда «Бастау-бизнес» жобасының арқасында жеке кәсібін өрлетіп отырған көпбалалы ана Индира Әубәкірова жайында сөз қозғағанды жөн көрдік.
Былтыр Қордай ауылының тұрғыны И.Әубәкірова құс фермасын ашуға арналған бизнес-жобасын сәтті қорғап шығып, 4 млн теңге көлемінде несие алған. Бұл сомаға қазіргі таңда елімізде танымал ет және жұмыртқа бағытындағы «Ломан браун» тұқымды балапандары алынған. Бұл тұқымның тауықтары жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Жұмыртқалары ірі, қабығы қалың және қоңыр түсті. Тәулігіне 500 тауықтан 350-ге дейін жұмыртқа алынады. Одан басқа, оларды күтіп-бағу оңай және құстар ерте жұмыртқалай бастайды. Дегенмен, кәсіпкердің айтуынша ауа-райы қолайсыз болған жағдайда тауықтар аз жұмыртқалайды. «Ломан браун» балапандары Қордайға Ресейден жеткізілген, себебі елімізде бұл тұқымды өсіретін фермалар аз. Таңдау барысында Индира үшін олардың төзімділігі де маңызды болды, себебі тауықтарды бағу үшін ауласында кішігірім ғана жер бөлінген. Сонымен бірге көп орынды қажет етпейтін бұл тауықтарды ұстауға мамандар да кеңес берген. Әзірше өнім жергілікті базарларда және Шу қаласының дүкендерінде саудаланады. Кәсіпкер өз ісін кеңейтіп, өзге өңірлердің нарығына шықпақшы. Индира Әубәкірованың айтуынша бұл бизнеске көп күш, уақыт және айналмалы қаражат қажет. Оған қоса өнім бағасы жемнің бағасына қарай өсіп кетуі мүмкін. Мәселен, биыл жем бағасы былтырғыдан әжептәуір жоғары. Бірақ тұрақты клиенттерді жоғалтып алмау үшін бұл сұранысқа ие өнімнің бағасын бұрынғы деңгейде ұстап тұруға тура келеді. Индира ет бағытындағы тауықтарды ұстауды да жоспарлап отыр. Тауық еті қашан болса да сұранысқа ие, ал егер олар үй жағдайында өсірілсе өнімді өткізу қиындық туғызбайды деген ойда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.