Игерілмей жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуда

0 166

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Парламент Палаталарының бірлескен отырысында жариялаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында жайылымдық жерді тиімді пайдалану өте маңызды екендігін ескертті және пайдаланбай жатқан жайылым жерге қатысты шара қолдануды тапсырды.

Ал облысымызда ағымдағы жылдың басынан бері игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, жайылымды арттыру мақсатында жергілікті әкімдіктер тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жалпы облысымызда жыл басында 2021 жылы пайдаланылмай жатқан 82 мың гектар, оның ішінде 74 мың гектар жайылым, 8 мың гектар егістік ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді аудандар бөлінісінде мемлекет меншігіне қайтару бойынша жылдық және тоқсандық жоспар (І тоқсан – 15 мың гектар, ІІ тоқсан – 15 мың гектар, ІІІ тоқсан – 20 мың гектар, ІV тоқсан – 32 мың гектар) бекітілген.

Бекітілген жоспар бойынша облыс көлемінде жалпы 112 100 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жылдық жоспардың орындалуы 137 пайызды құрапты. Облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау  басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, басқарма құқыққа сыйымсыз қабылданған шешімдердің күшін жою туралы сотқа жүгініп, Талас ауданында 1086 гектар, Байзақ ауданында 12,45 гектар, Қордай ауданында 208 гектар жер сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылыпты.Сонымен қатар Жуалы ауданындағы 61 гектар, Қордай ауданындағы 334 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бойынша құқыққа сыйымсыз қабылданған шешімдердің күшін жою туралы талап-арыз сотта қаралып жатқан көрінеді.

– Биыл облыс әкімі Бердібек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес облыс көлеміндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жай-күйін зерделеу үшін әр ауданда жұмысшы топтары құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеу барысындағы түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 269 891 гектар жайылымға мал басы тіркелді. Көлемі 6 124 гектар болатын 120 жер учаскесі иесіз мүлік ретінде есепке алынып, 11 630 гектар жайылымды (Жамбыл – 247 гектар, Мойынқұм – 8 809 гекттар, Талас – 1 014 гектар, Шу – 1 560 гекта) жер пайдаланушылар өз еркімен мемлекеттік меншікке қайтарды.

Зерделеу нәтижесінде жұмысшы топ облыс аумағында барлығы 271 623 гектар жер, оның ішінде 19 346 гектар егістік жер, 252 277 гектар жайылым жер пайдаланбай жатқандығын анықтады. Осыған байланысты Бердібек Машбекұлыныңтапсырмасына сәйкес игерілмей жатқан 271 623 гектар жерді 2022 жылдың соңына дейін қайтару бойынша қайта жоспар бекітілді. Аталған тапсырма белгіленген мерзімде толық орындалатын болады, – деген Әбілхайыр Тамабек Жолдау жүктеген міндеттер аясында жоспар бойынша кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізіле беретінін айтады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.