ХАЛЫҚ СҰРАНЫСЫ ЕСКЕРІЛДІ: ЖАҢА ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес Қордай ауылындағы Т.Рысқұлов көшесінде заманауи балалар ойын алаңшасы салынып, тұрғындар игілігіне берілді.

Жаңа нысан балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған. Алаңшада сырғанақтар, әткеншектер, карусель, өрмелеу кешендері және ашық аспан астындағы спорттық жаттығу құрылғылары орнатылған. Сонымен қатар, алаң аумағына арнайы жұмсақ резеңке жабын төселіп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды.

Аталған жоба тұрғындардың ұсыныс-тілектері негізінде жүзеге асырылып отыр. Бұл балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және ауыл тұрғындары үшін қолайлы қоғамдық кеңістік құруға бағытталған маңызды қадам.