«Ешкімнің мүлкіне қол сұқпадық, ала жібін аттамадық»: Болат Назарбаевтың қызы ашық сұхбат берді

0 11 963

Қаңтар оқиғасына қатысы бар ма, Алматы облысын алақанында ұстап отырды ма, қасынан шықпайтын әкімдер қазір неге жоламай кетті деген сұрақтарға Болат Назарбаевтың тұңғыш қызы Гүлмира Әбішева жауап берді деп хабарлайды Экспрес К.

Әкеңіз туралы сұқбат беруге не себеп болды?

Шынын айтқанда отбасым, әулет туралы сұқбат бергім келмеген еді. Ел-жұрттың ішінде неше түрлі қауесет жүреді, құбыжық етіп көрсетеді. Бәріне мән бермеуге тырыстық. Себебі неше жылдан бері әкеміздің денсаулығына алаңдап жүрдік. Қазақта «Бәрінің аузына қақпақ бола алмайсың» деген сөз бар. Бізді жақсы көретін де, көре алмайтын да адамдар бар екен. Соған көзім жетті. Бірақ шыдамның да шегі бар екен.

Нақты қандай әңгіме көңілдеріңізге тиді?

Ондай мысал көп. Оның бәрін айту мүмкін емес. Айтылған ауыр сөздер көп болды. Бір Аллаға сенеміз. Әкемнің жағдайын көрдіңіздер. Өлім тілейтіндер де бар. Сұмдық қой. Кім ата-анасын жамандыққа қияды?

Теріс айналып кеткендер бар ма?

Бар. Өте көп. Мысалы ол кісі 2015 жылдан бастап бизнесті қойды. Қасындағы сенімді адамдарға қалдырған. Енді солар бәрін теріс айналдырып, бізге қарсы шығып жатыр. Қазір маған нақты мына адам деп айтуға уақыт керек. Бірақ бір дастарханда отырып, төрімізде ағалап-көкелеп жүр еді. Қазір сол кісілерге менің ренішім бар. Кезінде көп адам «Брат, брат», «Аға», «Көке» деп қақпамызды қағып, шәйімізді ішіп жүрген. Қазір қайда солар? Біреуі жоқ. Танымайтын адам сияқты қасымыздан өтіп кетеді.

Негізі әкем өте көп адамға жақсылық жасады. Қаншама балалар үйіне, жетімдерге қолғабыс етті. Кейде ойлаймын, неге соларды айтпасқа деп? Бәрі қара жағын айтады, жақсылығына көз жұмады. Қазір айтсақ, мақтанғандай боламын. Сондықтан бәрін бір Аллаға тапсырдым.

Кезінде Амандық Батталов, Бауыржан Байбек секілді Алматы маңындағы әкімдер әкеңізбен бірге талай тойда төбе көрсетіп еді. Сол кісілер қазір хабарласа ма?

Маған жеке хабарласқан адам болған жоқ. Соңғы болған жәйттен кейін ешкім келмейді. Облыс, қала әкімі болған жандардың ешқайсысынан хабар жоқ. Тек ауыл әкімі бір рет келді.

Енді бәрі түгел теріс айналып кеткен жоқ шығар?

Әрине, сыныптастары, әскерде борышын бірге өтеген жақын достары келіп тұрады. Нағыз жанашыры кім екені осыдан-ақ белгілі. Дегенмен, бұрынғыдай толастамай келетін делегация жоқ.

Қаңтар оқиғасы кезінде әкеңіз қайда болды?

4, 5 қаңтар күні үйде болды. Ем қабылдап жатқан. Ал қаңтардың 6-шы жұлдызында алдын-ала жоспарланған кезекті ем алу үшін, Қырғыз Республикасы арқылы шет елге шықты.

Осы кезде көп айып сіздің әкеңізге қарата айтылды. Болат Назарбаевтың қаңтар оқиғасына қатысы бар ма?

Елде болған жағдай әрине алаңдатты. Бірақ әкемнің жағдайы дәл сол кезде нашар болды. Сондықтан, бар күш-жігеріміз әкемді аман алып қалуға жұмсалды. Шыны керек, басқаға көңіл бөлуге уақыт та, ниет де болмады. Өздеріңіз көрдіңіздер әлі күнге сол әкемнің жағдайына алаңдап жүрміз.

Қаңтар оқиғасынан соң елге қайта оралуға қорқыныш болмады ма?

Қорқатын несі бар? Біз осында дүниеге келдік, осында өсіп өндік. Ешкімнің мүлкіне қол сұққан жоқпыз. Ешкімнің ала жібін аттаған емеспіз.

Бауырларына қатысты іс қозғалды. Болат Назарбаев тарапынан оған қандай реакция болды?

Көп ақпарды айтқан жоқпыз. Қазіргі болып жатқан оқиғаның біразынан хабарсыз. Өйткені жартылай есін жоғалтқан. Ұмытшақтық та бар.

Рейдерлік әрекетке қатысқан деген әңгіме көп. Қызы ретінде сіз әкеңізді қорғай аласыз ба?

Менің әкемнің бизнесіне еш қатысым жоқ. Дегенмен әр бала өз ата-анасын мақтайды, қорғайды. Айтып жатқан елдің сөзінен шошимын. Әкемді жау қылып қойды ғой. Тіпті, не айтарымды білмеймін.

Бірақ кейбір, кезіндегі сенімді серіктері біз Болат Назарбаевтанбыз деп атын пайдаланған. Оны әкемнің өзі де білмейді. Ал балалары ірілі-ұсақты шаруа бастар алдында әкеме келіп, батасын алады. Бәрімізге — жаманатты болмау керек деген қатал қағида болды. Артыңнан жаман сөз ермесін дейтін.

Құдай басқа мұндай қиыншылық бермесін деймін. Үйдің ішінде не болып жатқанын біз ғана білеміз. Сондықтан әкемнің жағдайын мен жақсы білемін. Ол кісі анау айтқандай қорқынышты адам емес.

Сырқаттанып қалған соң барлық ісін сенімді серіктеріне қалдырды дедіңіз. Қазіргі отбасына, балаларына қандай да бір бизнес қалдырды ма?

Сұрақ менің жеке басыма қатысты болса, әкем маған бизнес қалдырған жоқ.

BN invest компаниясын қазір кім басқаратынын білесіз бе? Оған сіздің бауырыңыз Нұрбол жетекшілік ете ме?

Білмеймін.

Соңғы ауырып жатыр деген ақпар әдейі ұйымдастырылған, жауапкершіліктен қашу деген сыбыс шықты, сіз не дейсіз?

Менің әкем ешқандай жауапкершіліктен қашпаған, сауығып кетсе барлық сұрақтарынызға өзі жауап береді.

Алматы облысын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Әр қыз Болаттың төсегінен табылады деген сөзге не айтасыз?

Қып-қызыл өтірік. Провакация! Басқа айтарым жоқ!

Әкеңіз көп әйел алды. Оған сіздің көзқарасыңыз қандай?

Әрине ер азамат болған соң шешімді өзі қабылдайды. Шариғатта да 4 әйел алады дейді. Жас кезінде мүмкін болған шығар. Бірақ әр қызды қоса беруге болмайды. Мен де баламын ғой. Басында қызғаныш болды. Бауырларым да ренжігені рас. Бірақ әкемнің таңдауына қарсы келе алмадық. Бұрын бірнеше жұбайы болды. Қазір олармен араласым жоқ. Оларға сіздер арқылы айтқым келеді. Әкемнің балаларын әкеліп, араласамын десе есік ашық. Мысалы үшінші әйелі тұрмысқа шықты деп естідім. Жеке өміріне өзі жауап береді, дегенмен балалардың еш кінәсі жоқ. Тегін білуі керек деп ойлаймын.

Қазір Динарамен (Болат Назарбаевтың қазіргі жұбайы) қарым-қатынасымыз өте жақсы. Үйдегі барлық шаруа осы, қазіргі жолдасының мойнында. Бүгінде әулеттегі кез-келген шаруаны Динарамен ақылдасып жасаймыз. (Жұма күні Болат Назарбаевтың отбасылық өмірі, қанша әйелі, қанша баласы бары турасында қазіргі жұбайымен (Динара) эксклюзивті сұқбатты жариялаймыз )

Жалпы әкем қатты қалжыңбас адам. Бірде Динараны қалай ұнаттың деп сұрағанымда, «Мәдина Ералиеваға қатты ұқсаттым, сосын сезім оянды» деп жауап бергені бар. Динараның өзі жақсы әнші, дауысы тамаша. Оған алғыстан басқа айтарым жоқ. Қанша қиындықты бастан өткерсе де, ауыртпалықты бір өзі көтеріп келеді.

Әкеңіз қатал ма?

Өте жұмсақ адам. Бетімізден қаққан емес. Кезінде бізге картоп қуырып беріп, бағып-қағушы еді. Сол қарапайым кезде өте бақытты өмір сүріппіз. Кейде сол заман қайта оралса екен деп те армандаймын.

Сіз үшін әкеңіз қандай адам?

Мінсіз әке. Ең бастысы иманды, адал, парасатты, мейірімді. Мен үшін әкем әрдайым кумир болып қала береді.

Сіз өзіңіз мемлекеттік қызметкерсіз бе?

Мен Қарасай аудандық сотында қызмет еттім. 2018 жылдан бастап бала күтімі бойынша демалысқа шықтым. Кейін әкемнің дерті дендеп, ерекше күтімді талап ете бастаған соң, өз еркіммен жұмыстан кеттім. Содан бері әкемнің қасындамын.

Сұқбатыңызға рахмет!

Leave A Reply

Your email address will not be published.