Экологиялық сенбілік өтті

0 191

Адамдардың қоршаған ортаға немқұрайдылығының алдын алу, жұртшылықтың назарын қоқыс тастамау, айналаны ластамауға аудару мақсатында түрлі сипаттағы көпшілік іс-шаралар жыл он екі ай өткізіліп тұрады. Соның бірі – табиғат жанашырларының «Бірге – таза Қазақстан!» атты ұранымен өткізілетін жалпыреспубликалық экологиялық сенбілік.

Өткен сенбіде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған осынау экологиялық акцияға барша жуалылықтар өз үлесін қосты.
Тазалық шаралары таңертеңнен ауданның барлық өңірлерінде бір мезгілде бастау алды. Қызыларық ауылдық округіне қарасты «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының жағалауындағы демалыс орнында аудан әкімдігінің бірқатар бөлімдері мен мекемелердің еңбек ұжымдары, Көкбастау, Қызыларық және Нұрлыкент ауылдық округтері әкімдіктерінің жауапты мамандары мен қоғамдық ақылы жұмысқа тартылған жұмысшылар, «Жасыл Ел» жасақшылары құрал-саймандарымен жиналды.
«Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының жағалауына демалуға келушілер сусыннан босаған пластик ыдыстарды, сыра бөтелкелерін, басқа да қалдықтарды бей-берекет шашып кеткен. Акцияға қатысушылар аудан әкімінің бас инспекторы Бақыткүл Жексекееваның басшылығымен жағалауды бойлап, тазалық шараларына қызу кірісті. Мұнда әкімдіктің бөлім басшыларынан Қалима Мықтыбекова, Қадірхан Жарасұлы, Қуаныш Ғалиұлы, аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Әнуарбеков, Жастар ресурстық орталығының директоры Мейіржан Телеушов, ауылдық округтер әкімдері Нұржігіт Бөлекбаев, Ермұхамед Сүгірбеков және басқалар еселі еңбектің үлгісін көрсетуде.
Жалпы, сенбілікке келгендер өздерін сергек сезінеді. Көңіл күйі де көтеріңкі. Бос жүрген бір адам көзге шалынбайды. Қолдарындағы бос қапшықтарға шашылған қоқыстарды жинап, екі тұсқа қойылған жүк автокөлігі мен трактордың тіркемесіне әкеп, тастауда.
– «Тазалық сақтаған жерде». Бүгінде осы халық мәтелінің байыбына терең бойлай бермейтін болдық. Табиғат-Анаға келтіретін орасан залалына қарамастан, қолымыздағы қоқысты, тамақтың немесе кез келген бұйымның қалдықтарын кез келген жерге тастап жүре береміз. Енді бұған жол беруге болмайды. Демалыс орнына келген азаматтар осыны мықтап ескеруі қажет. Мұнда келешекте ауылдық округтер әкімдері мен учаскелік полиция инспекторлары рейдтер ұйымдастырып, табиғатты ластағандар тиісті жауапкершілікке тартылатын болады. Баршаңызға тазалық науқанына белсенді қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын! – деді сенбілік барысын көруге келген аудан әкімі Жалғас Мұртаза.
Акция соңында тазалық шараларына белсене қатысқан мекеме қызметкерлеріне ұйымдастырушылар тарапынан Алғысхаттар табысталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.