«Екі қадам алға жылжыды»: Ресей мен Украинаның Түркиядағы келіссөзі немен аяқталды?

0 814

29 наурыз күні, Түркияда Украина мен Ресей делегацияларының бесінші келіссөзі өтті. 4 сағатқа созылған бұл жолғы келіссөзде қос тараптың келісуге деген беті бері қараған сыңайлы. Екі елдің делегациялары да келіссөздің алғашқы нәтижелерін жария етті.
Ендеше әр тараптың қойған талаптары мен орындауға әзір кейбір мәселелеріне тоқталсақ.
Ресей тарабы
Ресей делегациясының басшысы, РФ президенті В.Путиннің көмекшісі Владимир Мединский «бұл жолғы келіссөздің салқынқанды, сындарлы өткенін» алға тартты.
Оның айтуынша, Мәскеу билігі Киев әкімшілігімен дау-дамайды доғаруға екі қадам алға жылжыған.
«Киев әскери альянстарға (НАТО – ред.) мүше болудан бас тартуға әзір. Украина әскери одақтарға кіруден, шетелдік әскери базаларды, контингенттерді орналастырудан, кепілгер мемлекеттердің, соның ішінде Ресейдің келісімінсіз Украина аумағында әскери жаттығулар өткізуден бас тартуға дайын», — деді Мединский.
Кремль билігіне Украинаның бұл ұсынысы ұнаған сыңайлы. Бірақ есесіне Киев Еуропалық Одаққа кіруге ешкімнің тыйым сала алмайтынын айтқан. Мединскийдің айтуынша, Мәскеу Украинаның бұл ұсынысына да қосылып отырған көрінеді.
«Мәскеу Украинаның Еуропалық одаққа кіруіне қарсы емес», — деді ол.
Украина «Қырым мен Донбасты әскери күшпен басып алуға қарсы екенін әрі өзі де ондайға бармайтынын» айтқан. Мұны да Мединский айтып отыр.
Оның айтуынша, украин тарабы мемлекетіне қауіпсіздік кепілдігін сұрап отыр. Яғни, Украинаның тәуелсіздігіне қол сұқпау мен оның қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуге кепілдік алғысы келеді.
«Ядролық қарудан тыс мәртебені жүзеге асыру үшін Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беретін кепілгер мемлекеттердің тізімі болады. Бірақ Қырым мен Севастополь аумағы қауіпсіздік кепілдігі берілер аумаққа енгізілмейді. Яғни, Украина Қырым мен Севастопольді әскери жолмен қайтарудан бас тартуы мүмкін. Бірақ келісімшартқа қол қойылса ғана… Бұл – Украинаның көзқарасы. Бірақ бұл ұсыныс бізге ұнамайды. Алда көре жатармыз…», — деді Мединский.
Оның айтуынша, Донбасс пен Луганскі облыстары да қауіпсіздік кепілдігі туралы келісімнен тыс қалып, бөлек өңір ретінде қаралуы мүмкін.
Сөз соңында Мединский келіссөз толық аяқталғаннан кейін қос елдің президенттері кездесу мүмкін екенін айтты. Яғни, келісімшартқа қол қоярда ғана кездеспек.
«Ұсынылып отырған формат мынадай: алдымен келісімшарт дайындалады, содан кейін келісімшартты келіссөз жүргізушілер бекітеді, кездесуде сыртқы істер министрлері бұрыштама қояды, содан кейін осы келісімшартқа қол қою үшін мемлекет басшыларының кездесу талқыланады. Бұл оңай мәселе емес, оның үстіне Украинадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік кепілгер мемлекеттерінің қатысуымен көпжақты кездесу болуы мүмкін», — деді Мединский.
Украина тарабы
Украина делегациялары мынандай талаптар қойып отыр. Біріншіден, екі ел де Қырым мен Севастопольді әскери күшпен басып алудан бас тартуы тиіс. Әрі бұл аймақтарды бөлісу үшін 15 жыл бойы бейбіт келіссөз жүруі керек.
Екіншіден, Донбас пен Луганскі облыстарын бөлісу бойынша Ресей мен Украина президенттері кездесіп ақылдасуы тиіс.
Үшіншіден, Ядролық қарудан бас тарту мәртебесін кепілдендіргісі келеді. Сондықтан қауіпсіздігіне кепілдік берілуі тиіс. Кепілгер елдердің тізіміне Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Франция, Түркия, Германия, Канада, Польша мен Израилді қосқан. Украинаға қауіп төнсе, осы елдер көмекке жұмылуы мүмкін.
Төртіншіден, Украина ешқандай әскери қауымдастыққа мүше болмайды, бұл амбициясынан бас тартпақ. Нақтырақ айтсақ, Украина әскери одақтарға кіруден, шетелдік әскери базаларды, контингенттерді орналастырудан, кепілгер мемлекеттердің, соның ішінде Ресейдің келісімінсіз Украина аумағында әскери жаттығулар өткізуден бас тартуға дайын.
Қосымша фактілер
Ресей бұл келіссөзде бұрынғы ультиматумдарының кейбірінен бас тартқан сыңайлы. Мұны Батыс БАҚ-тары жазып жатыр. Мәселен, The Financial Times-тің жазуынша, Ресей арнайы «әскери операция» бастарда «операцияның мақсаты – Украинаның денацификациялау мен демилитаризациялау» деп көрсеткен еді. Алайда Түркияда өткен келіссөзде денацификациялау туралы жақ ашпаған. Нақтырақ айтсақ, Ресей алғашында Украинаға орыс халқының құқығын қорғаймыз деп кіріп, украиндардың ұлттық бірігуіне тоқтатамыз деген сыңайда енген еді. «Денацификация» сөзінің әзірше нақты баламасы жоқ. Тек жоғарыдағыдай түсіндіруге болады.
Ресей Киевке шабуылды тоқтатты
Бұл келіссөзде байқалған тағы бір жайт – келіссөз өтіп жатқан тұста Ресей Киев пен тағы бір бағытта жүргізіп жатқан әскери шабуылдарын тоқтатқаны. Бұған дейін ондай болған емес.
Келіссөздер әлі жалғасады. Алдын ала дерекке қарағанда, келіссөздің жалғасы ертең, 29 наурызда, Ыстамбұлда өтпек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.