Депутаттар елорданың бұрынғы атауын қайтармақ

0 1 153

«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Экспресс К.

Біріншіден, біз Қазақстан Республикасы Президентін жеті жылға бір мерзімге сайлау бастамасын қолдаймыз. Екіншіден, Конституцияға өзгерістерді қазір енгізіп, Президент сайлауын жаңа талаптарға сәйкес осы жылдың күзінде өткізу қажет деп санаймыз,

— делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ депутаттық топ бұл мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, елімізді орнықты дамытуға жол ашатын маңызды қадам деп санайтынын айтты.

«Үшіншіден, Конституциямызға өзгеріс енгізетін болсақ, онда осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ата Заңға тағы бір аса маңызды мәселені енгізу керек. Ол — елорданың атын қайта қайтару. Адамның көзі тірісінде қалаға оның есімін берген дұрыс деп есептемейміз және де қаланың жаңа атауын халық та қабылдамады. Сондықтан Тұңғыш Президенттің өзі ұсынған Астана атауын қайта қалпына келтіру тарихи әділдік болар еді», — делінген «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мәлімдемесінде.

Бұл Тұңғыш Президенттің бас қаламыздың құрылысын салдырудағы еңбегін де бағалау және халқымыздың ұсыныс-пікірін де ескеру деп санайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.