Дарханның матрастарына сұраныс көп

0 523

Әрекет еткен адамның ісінде береке болатыны белгілі. Қазіргі заман біреуге қол жайып отыратын заман емес. Бойда бар немқұрайлылықтан арылып, өзгеге масыл болмай, ерінбей еңбек етіп, тер төгетін кез бұл. Өздігінен кәсіп ашып, шағын және орта бизнесті дамыту заман талабы десек, осыған бейімделуіміз қажет-ақ. Ел экономикасының қарқынды дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы соған байланысты.

Бүгінде ел азаматтары жеке кәсіппен айналысуға бет бұрған. Өз кәсібін дөңгелетіп, содан табыс тауып жатқан жандар жетерлік. Біздің ауданда да бизнес идеясын жоспарлап, жүзеге асырып, пайда тауып отқан азаматтар бар. Соның бірі – Қаракемер ауылының тұрғыны Дархан Тутенов. Дарханның іскерлігін ауданға облыстан келген алқалы топпен сол ауылға барғанымызда байқағанбыз. Бізге матрасты күнделікті қалай дайындайтынын көрсеткені әлі есімізде. Онымен жақынырақ танысып, тілдесіп, әңгімесіне құлақ түргенбіз.
Ол тұрғын үйінің ауласында матрас жасаумен айналысады. Бұрындары Тараз қаласындағы матрас дайындайтын жиһаз дүкенінде шебер болған. Сол жерде жүріп бұл істі жетік меңгерген. Алайда белгілі себептермен жұмыстан босап қалған. Содан үйде бос жатпайын деп өзі жақсы білетін кәсібін мықтап қолға алған. Бизнес жоспар құрып, оны жүзеге асырудың жолдарын жан-жақты ойластырған. Бизнесті бастауға, қажетті құрал-жабдықтарды алуға қаражат қарастырған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында бизнесті бастауға берілетін грантты алу үшін конкурсқа қатысқан. Тиісті құжаттарды тапсырған. Бизнес жоспарын ұсынған. Дегенмен грантты ала алмаған.
– Барлық қажетті құжатты, бизнес жоспарымды ұсынғанмын. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі қолдау білдіріп, көмектескен. Бірақ, грантты ала алмадым, – деген ол бізбен әңгімесінде.
Оның айтуынша, бір матрасты жасап шығару үшін екі сағат уақыт кетеді. Ол күніне шамамен бес матрасқа дейін дайындай алады. Кейде одан да көп. Сөйтіп жүріп бір айда санын елуге дейін жеткізеді. Бұдан да көп қылып істейін десе, қолда бар құрал-жабдықтар ескі. Жаңасын алайын десе, қаражат тапшылығы қолын байлап тұр. Кейбір қажетті заттарды Алматы қаласынан алдыртады.
Аудан бойынша Дарханнан басқа ешкім матрас жасаумен айналыспайды. Оның жасап шығаратын матрастарының сапасы жақсы, бағасы өзгелердікінен арзандау (18000-70000 теңге аралығында) болғандықтан, жұртшылық тарапынан сұраныс жоғары. Сәйкесінше тапсырыс берушілер де көп. Кейде тапсырыстың көптігінен үлгере алмайтын кездері де болады. Бұған сатып алушылар түсіністікпен қарайды.
Қазіргі таңда Дархан кәсібін кеңейтуді ойластырып жүр. Заманауи үлгідегі құрал-жабдықтарды, автоматтандырылған станоктарды сатып алмақ ниетте. Бұл өз кезегінде жұмысты жеңілдетеді, өндірістің көлемін ұлғайтуға, тұтынушылардың көбеюіне септігін тигізеді. Сондықтан ол мемлекет тарапынан берілетін грантты алу мақсатында биыл тағы да конкурсқа қатысады. Ендеше, іске сәт!
Аудан тұрғындарына, әсіресе, үйінде жатып алып, «алма піс, аузыма түс» дейтіндерге, Дархан да, оның тиянақты тірлігі де үлгі. Нәсібін кәсібінен көретін азаматтар өңірімізде көп болғай. Солай дейік, солай болатынына сенейік.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.