Бокс залы ашылды

0 165

Жуырда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырылып  ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, білікті бапкер Көпбосын Сыдығалиевтың құрметіне бапкердің өзі туып-өскен әрі алғашқы еңбек жолының бастауы болған Жуалы ауданы Жаңаталап ауылындағы №26 Жаңаталап орта мектебінің қабырғасынан бапкер атындағы бокс залы ашылды. Аталған бокс залын жабдықтауға ауыл азаматтарымен бірге, досы Сейсен Айхожаев пен оның ұлы Ұлан Сейсенұлы демеушілік жасаған екен.  Аталған шараға білікті бапкердің отбасы мүшелері және аға-жеңгелері мен әпке, іні-бауырлары, жалпы спорттағы үзеңгілес достары мен шәкірттері жиналды.

Шара барысында сөз алған белгілі жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков әріптесі жайлы жылы  естелігімен бөлісті.

–  Көпбосын Мәуленқұлұлы талай жастың қанатын қатайтып, бокс өнеріне баулыды. Оның тәлімін алған қаншама өреніміз әлемдік  аренада атой салып, көк Туымызды көкте желбіретіп жүр. Сондықтан да оның есімі тек Жамбыл ғана емес жалпы қазақ боксының тарихында алтын әріптермен қалары сөзсіз.

Таулардың алыстаған сайын биіктейтіні тәрізді әріптесіміздің де есімі уақыт зымыраған сайын жұлдыздай жарқырай түсуде.

 Біраз жыл бойы бокстан облысымыздың жастар және ересектер құрама командасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарды. Жаттықтырушы ретінде жақсы жетістіктерге де қол жеткізді. Атап айтқанда Әлем чемпионатының жүлдегері Ғани Жайлауов, Азия чемпионы Алдияр Тұрсыналы, ел чемпионатының жеңімпаздары Мұхит Амантаев, Арбек Абдуғаниев, «Астана арландары» сапында бүкіләлемдік бокс сериясының чемпиондары атанған Жанболат Қыдырбаев, Мирас-Әлі Сәрсенов, Халықаралық турнирлердің жеңімпаз-жүлдегерлері Бауыржан Көшкінбаев, Жарас Сиқымбаев, Әсет Мырзабаевты тәрбиелеп шығарды.
Ол облыс спортының дамуына ерен еңбек сіңірді. Әріптестері арасында адамгершілігімен, адалдығымен, еңбекқорлығымен, табандылығымен ерекшеленді. Көпбосын Сыдығалиевтың жарқын бейнесі оны танитындардың жүрегінде мәңгілікке сақталады.  Бүгін міне бокс залының ашылуы – соның жарқын көрінісі. Бұл бір жағынан мемлекет тарапынан спортқа жасалып жатқан кең қолдаудың да көрінісі екені анық. Осы залдан келешекте ел намысын қолдан бермейтін жолбарыс жүректі, сом білекті былғары қолғап шеберлері түлеп ұшады деген сенімдемін, – Нұрлан Сәкенұлы залдың кермесін қиып, көпшілікпен бірге ішін аралап көрді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.