Биіктен құлау

0 1 474

Баяғыда, бала кезімізде, сол көкшіл мұнара алыстан-алыстан көрініп тұрушы еді.

Ол Жуалының аудан орталығы Борандының  элеваторы болатын. Өзіміз бір уыс бидайға зар заманда осы оппа тәрізді элеваторға арбамен, ат арба, өгіз арбамен, есекпен астық тасушы едік.

Есекпен таситындардың біреуі мен едім. Астымдағы қарны жуан, салпаң құлақ, жүндес мәш есек еді. Соған бір қап бидай артып, оның үстіне мені шоқитып отырғызып қояды. Содан Мамыт дейтін атамызды «Командир» қылып, сол бастаған керуен Боранды элеваторына аттанамыз. Енді азап алда.

Есектен қапты түсіріп, сатымен қапты биікке-биікке көтеріп шығарамыз.

Қапшық емес, кәдімгі қап, өте ауыр, әлі қата қоймаған қабырғаң қайысады, майысады.

Бұралаңдап, теңселіп, қисалаңдап келе жатқан сондай бір сәтте, мен сатыдан ауыңқырап барып, қаппен бірге төменге құлап түсейін.

Құдай жар болғанда, төменде төбедей болып үйіліп жатқан бидайдың үстіне құлап түсіппін. Белуарыма дейін бидайға батып кетіппін. Әлдекімдер келіп, мені бидайдың оппасынан суырып алыпты. Әйтпесе элеватордың астына тартып кетер екен.

Содан бері жетпіс жылға таяу уақыт өтіп кетіпті. Элеватордың алыстан-алыстан көрінетін зау биік мұнарасы да, жермен-жексен  астық қоймалары да құлаған. Қабырғалары  ырсиып-ырсиып, сонау Кайназой тас дәуіріндегі мамонттардың қаңқасы сияқты үрейлі көрінеді.

Елу жылда – ел жаңа. Жүз жылда элеватор өлген. Соны көрген мен әзірше тірі жүрмін.

Биіктен құласам – қара тастың үсті емес, таудай нанның үсті… Қалғанын Алла біледі.

Бір кем дүние.

Leave A Reply

Your email address will not be published.