Бесағашта бірегей футбол алаңы ашылды

0 142

Жуырда Жамбыл ауданы Бесағаш ауылында кіші футбол алаңы қолданысқа берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Сәкен Арубаев, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев, Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Қасымов, облыстық мәслихат депутаты, «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев арнайы қатысты.

Құны 11 млн теңгеге бағаланған нысанның  ені 22, ұзындығы 44 метрді құрайды.

Алаңның ашылуына сөз алған өңір басшысы бесағаштықтарды қуанышымен құттықтады.

– Бүгін ауылдарыңызға арнайы ат басын бұрып отырмыз. Есептік кездесулер мен қоғамдық қабылдауларда Бесағаш ауылының жастары спорт алаңының қажеттілігі туралы бірнеше рет сауал жолдап, мәселе көтерген болатын.  Менің тапсырмама сәйкес ауыл әкімі Бейбіт Нигматуллаев алаңның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, ұсынды.  Бүгін міне футбол алаңы пайдалануға беріліп, көпшілікті қуантып отыр. Сондықтан әрдайым осы ауыз бірліктеріңізден танбаңыздар. Осы орайда, бұл жұмыстарға білек сыбана кіріскен аудандық мәслихат депутаты Дәурен Ахметжаевтың да еңбегін ерекше атап өткен жөн. Бұдан бөлек алдағы уақытта  әмбебап спорт кешенін салу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарына қаражат қарастырылып, құны 480 млн теңгенің көлеміндегі спорт нысанын тұрғызуға облысқа өтінім бердік. Жаңа нысанның игілігін ауыл тұрғындары көретін күн жақын. Сондай-ақ сапалы ауыз судың мәселесі де өз шешімін тапты. Айталық, бұған  республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге қарастырылып, Түрксіб пен Бесағаш ауылдарын ауыз сумен қамту жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар екі жылға жоспарланғанын атап өткім келеді. Бүгінде мердігер өкілі құрылыс жұмыстарына қажетті құрылғыларды орналастыруда, – деді Сәкен Қаланұлы.

Бұдан кейін Бесағаш ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жетібай Бөрібеков алаңның лентасын қиып, ізгі тілегін жеткізді.

Шара барысында аудандық мәслихат депутаты Дәурен Ахметжаев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Жекпе-жек» ұлттық спорт федерациясының Жамбыл облысындағы спорт клубының басшысы Елдос Далабай, Қазақ күресінен облыстың аға бапкері Руслан Мұхаметқалиев, Абай атындағы орта мектептің директоры Қайыржан Сейсенғалиев салмақты сөз сабақтады. Сонымен қатар аудан басшысы спорттық додаларда мерейі үстем болып, ел абыройын асқақтатқан бірқатар саңлақтарға аудан әкімінің Алғыс хаты мен спорттық кимдерді, естелік сыйлықтарды табыс етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.