Беларусь ауыл шаруашылығы академиясын алғашқы бітірген қазақ

0 148

1953 жылы көпбалалы отбасында дүниеге келген Нұрахан Ибраимов Шу ауданының орталығы Төле би ауылындағы (бұрынғы Новотроицкі) Бекмаханов атындағы орта мектебін озаттар қатарында тәмамдайды. Жастайынан ата-анасы мен бауырларына қолғабысын тигізіп, үй іргесіндегі бау–бақшаны күтіп-баптап, суару жұмыстарымен айналысқан Нұрахан Нүпбайұлы 17 жасында Ресейдің азулы патшасы Петр іргетасын қалаған Белоруссияның Горки қаласындағы Қазан революциясы, Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы академиясының гидротехник–инженерлік мамандығына 1971 жылы оқуға түседі. Қазақ ССР-нен оқуға қабылданған он адамның біреуі ғана қазақ еді. Ол — Нұрахан Нүпбайұлы Ибраимов болатын. Сол кездері Нұраханның суретін Академияның Құрмет тақтасына іліп, «Первый казах-студент» деп жазып қояды екен. Ерекше таңданарлық жайт, сол кездерде дәл сол Академияда Беларусь елінің қазіргі Президенті А.Лукашенко Нұраханмен қатар оқыған. Бірақ бірін-бірі танымаған.

Нұрахан Ибраимов 1976 жылы жоғары оқу орнын үздік бітірген соң туып-өскен атамекені – киелі Шу өңіріне қызмет етуге бел шеше кіріседі. Еңбек жолын 1976 жылы екі-ақ жыл бұрын ел игілігіне берілген Тасөткел су қоймасы пайдалану мекемесінің инженерлігінен бастайды. Содан бермен 40 жылдан астам уақыт шалғайдағы Беларусь елінде алған білімін сарқа пайдаланып, аға инженер, бөлім бастығы, бас инженер, басқарма басшысы сияқты қызмет баспалдақтарынан қарапайымдылығының арқасында сатылап өтіп, құрметті еңбек демалысына шыққанша «Тасөткел» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоы қызметін абыроймен атқара алды. Атап айтқанда, 1990 жылдан бастап ондаған жылдарға созылған қиыншылықты дағдарыс кезеңінде жасыратыны жоқ көптеген ғалымдар, ұстаз-дәрігерлер мен өз ісін жетік білетін мамандар тіршілік тауқыметіне төзе алмай, басқалай пайда көздерін іздеп, өзге кәсіптерге ауысып жатқанда Нұрахан Нүпбайұлы бар ауыртпашылықтарға төтеп беріп, бөтен саладағы жоғары қызметтерге шақырылғанымен лауазымды шенеуніктік шенді хош көрмей, тапжылмастан сүйікті мамандығынан қол үзбеді.
Сонымен қатар қаржы тапшылығы өз әсерін тигізбей қоймады. Бірнеше ондаған жылдар бойы тазалау, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, Шу мен Мойынқұм аудандарының бірқатар елді мекендерін ағын сумен қамтамасыз ететін оң жақ және сол жағалау күре каналдарының жағдайлары өте нашарлап, «Тасөткел» су қоймасы да қауіпті жағдайда қалған еді. Н.Ибраимовтың жан-тәнімен шырылдап, тыным таппай қиналғанын назарға алып, сол кездегі аудан әкімі Б.Қарашолақов пен Жамбыл облысының әкімі Б.Жексенбин қалың жұртшылыққа жанашырлық танытып, 2007 жылы оң жағалау күре каналын аршып, тазалатуға республикалық бюджеттен 26 миллион теңге қарастырып, халықтың ризашылығына бөленді. Сондай-ақ келер жылдары Тасөткел су қоймасын күрделі жөндеуге қомақты қаржы бөлініп, атқарылар жұмыстар ойдағыдай аяқталды. Көптен қараусыз қалған «Қарабас» каналын «Тасөткел» КМК өз қарамағына алып, күрделі жөндеуге 17,2 млн теңге бөлініп, Абай ауылы тұрғындары ағын судың тапшылығын көрмейтіндей болды. Облыс әкімі Б.Жексенбиннің тікелей көмегімен өте ауқымды жұмыстар атқарылып, Бірлікүстем ауылы тұрғындарының үй іргесіндегі жерлері мен бау-бақшалары да ағын сумен қамтамасыз етілді. Шу өзенінің жағасына орналасқан «Тоғай» мөлтек ауданы, Шу қаласы мен Төле би ауылы маңындағы қауіпті деген ернеулерін биіктетіп, күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 645 миллион теңге қарастырылуына да «Тасөткел» КМК-ның директоры қызметін атқарып жүрген Ибраимов Нұраханның қажымай-талмай еңбектенгенін айта кеткеніміз жөн шығар.
Әлі де шешімін таппаған қыруар жұмыстар күтіп тұрғандықтан Нұрахан Нүпбайұлы түн ұйқысын төрт бөліп, сол жағалау күре каналын тазалатып, қалыпқа келтіріп, Ақтөбе ауылы тұрғындарын ағын сумен тұрақты қамтамасыз етуге Қорағаты өзеніне бөгет (плотина) салуға жоба жасаттырып, оны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 9,6 млн теңге қарастыруға күш салып, Еңбек ауылына да ағын су жеткізуге тыным таппай еңбектенді. № 8 Қорағаты сайлау округінен Шу аудандық мәслихатының депутатына екі мәрте сайланған Нұрахан Ибраимовтың ел игілігі жолындағы қажырлы еңбегін бағалаған аудан әкімі Б.Қарашолақов оның талабын қолдап, республикалық су ресурстары комитетінің басшысын қайта-қайта мазалай жүре сол жағалау күре каналының күрделі жөндеу жұмыстарына ел бюджетінен 246 миллион теңге бөлгізіп, түбегейлі тазалатуға қол жеткізді.
Ондаған жылдар бойы өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына төтеп беріп, тіптен айлап еңбекақы-жалақысыз уақыттарды бастарынан өткерсе де Нұраханның жанынан табылған қызметтес әріптестері Аманбай Шәуенов, Ибраимов Қылышбек, Гасанов Агабала, Ақшабаев Геннадий, Топашева Гүлжаһан, Қадірбекова Бағдагүл, Керімқұлов Құрманқұл, Ниязәлиев Мият, Толымбеков Қойшыбай, Қайназаров Серікхан, Бахриева Наташалардың еңбектері ерен. «Тасөткел» КМК –дей іргелі ұжымды ұйыстырып қана қоймай, өзге аудандардың бірінде жоқ өзіндік өндірістік базасын техникаларымен қоса шоғырландыра алған еді. Нұрахан Нүпбайұлы болашақ маман кадрларына да баса көңіл бөліп, Толымбеков Қойшыбайға Қарасай ауданындағы арнаулы оқу орнын сырттай оқып аяқтауға, ал, Жүмәділ Мерейге Тараз қаласындағы жоғарғы оқу орнында мекеме атынан оқытып, су-инженер-технигі мамандығын алып шығуға қамқорлық көмек танытты.
Ел игілігі жолындағы ауқымды іс-шаралармен қажымай-талмай тер төге еңбектенген, бүгінгі құрметті еңбек демалысындағы Нұрахан Ибраимовтың үлгілі де өнегелі әрі өрелі қасиеттерін біз бүгінгі жастарымызға үлгілі тәлім-тәрбиеге айналдыруымыз аса қажет. Әсіресе Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Нұрахан Нүпбайұлының қажырлы еңбектерін бағалап, оны Жоғарғы мемлекеттік марапатқа ұсынып, ауданның Құрметті азаматы атағына да әбден лайық деуге болады.

Мәкен УАҚТЕГІ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Шу ауданының Құрметті азаматы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.