Баспана мұқтаждығынан құтылды

0 194

Байзақ ауданында былтырдан бастап «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен 14 ауылдық округте тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылар баспаналы болған еді. Осы қайырлы іс биыл да жалғасын тауып отыр. жыл басынан бері 18 ауылдық округте 18 тұрғын үй салу жоспарланған-ды. Ағымдағы жылы Кеңес ауылында мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер елді мекендегі тұрмысы төмен отбасын баспанамен қамтамасыз етсе, бүгін Диқан ауылдық округіне қарасты Аймантөбе ауылында аталмыш жоба бойынша екінші тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл бірлігінің арқасында жасалған еңбектің жемісі ретінде бой көтерген тұрғын үйдің кілтін иесіне табыстау үшін аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың өзі арнайы барды.

– Игiлiктi іс биыл да жалғасын тауып, ауданымыздағы 18 ауылдық окрутегі үй салуға жағдайы келмейтін тұрмысы төмен 18 отбасыға арналып  салынып жатыр. Қазақ қашанда бір-біріне қиын-қыстау кезеңда қарайлсқан. Бұдан да қиын кезеңде бір-бірінің кем-кетігін, жоқ-жітігін түгендеп, бірін-бірі бауырындай көрген. «Асарлатып үй салу» жобасының да мәні осында жатыр. Ауылдықтардың бір-біріне қол ұшын созуы арқылы бүгінгідей жаһандану заманында ұмытылып бара жатқан дәстүрімізді жаңғырту. Елдің бір-біріне деген мейірімін ояту.

Тәуелсiздiктiң 30 жылдығы, Конституция күні мерекесі қарсаңында, Аймантөбе ауылында жаңа баспана пайдалануға беріліп отыр. Және бұл ауыл тұрғындарының бiрлiгi мен ынтымағын көрсетеді. «Асарлатып үй салу» жобасымен баспаналы болып отырған Бейбіт Солтанаевтың әулетін қуанышымен құттықтаймын. Бақыт шамы маңдайына бұйырған баспаналы азаматтар ауданымызда көбейе берсiн, – деді Бақыт Алпысбайұлы.

Салтанатты рәсім барысында ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы, зейнеткер Есаман Телғараев, Диқан ауылдық округінің әкімі Жұман Абдуалиев құттықтау сөз сөйлеп, таудай талабымен тындырымды тірлік жасап, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созған ауыл тұрғындары мен атсалысқан барша қауымға алғыстарын жеткізді.

Шарада асарлатып салынған үйдің көтерілуіне сүбелі үлестерін қосқан бірқатар азаматтар аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ақ жаулықты аналар шашу шашып, тұрғын үйдің лентасы қиылды.  Жалғасын тапқан «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы жасалып жатқан игі шара — жақынына жанашырлықпен қараған байзақтық тұрғындардың ынтымағы мен ырысын арттыратынын тағы бір рет көрсетті.

Баспанаға ие болған үй иесінің де қуанышында шек жоқ өз кезегінде ол аудан, ауылдық окрук әкімі мен демеушілерге, осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.