Баспана – бақыт шамы

0 10

Былтырдан бері құрылыс алаңына айналған Қордай ауданындағы қарқын биыл да лайықты жалғасын табуда. Әсіресе, көп қабатты еңселі үйлер жыл өткен сайын құлпыра түскен Қордай ауылының ажарын ашып, жаңа шағын аудандар көптеген адамдардың арманының орындалуының орайын келтірді. Солардың бірі — аудандық орталық ауруханаға қарама-қарсы бағытта орын тепкен «Батыс» тұрғын үй алқабы. Бүгінде Абай мен Әл Фарабидің муралдары салынған үйлерде баспана бақытын сезінген жандар тұрады.

Қолданысқа беріліп, қоныс тойлар көп болған баспаға қол жеткізу үшін көптеген қордайлықтар ұзақ жылдар үй кезегінде тұрғаны анық. Мемлекет басшысының пәрменімен басталған ауданымыздағы алып құрылыс ауылдастардың үйлі болуына үлкен сеп болғанын ерекше атып өтпеске болмас. Бүгінде өзінше шағын аудан болып, ауласындағы алаңшаларда балалар шулап, ересектер жұмыстан кейін бір сәт дем алып отыратын арнайы орындары бар бұл тұрғын үйлерде қоныс тепкен жандардың мемлекет, облыс, аудан басшылығына айтар алғыстары жетерлік.
«Көп балалы ана ретінде кезекке тұрғаныма біраз жылдың жүзі болды. Жақсылықтан күдер үзбедік. Пәтер жалдап, өзгенің үйін паналап жүру әсіресе көп балалы отбасы үшін оңай емес. Үмітіміз ақталып, осы үйден пәтерге ие болдық. Балалардың қуанышында шек жоқ. Мұнда лайықты өмір сүру үшін барлығы жасалған. Үйімізге аурухана, мектеп жақын орналасқан, сонымен қатар, орталыққа да тиіп тұр. Президентімізге, облыс басшылығына, аудан әкімдігіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әсіресе, үй аларда құжаттарымызды реттеп, оны заңды етіп рәсімделуіне үлкен көмек көрсеткен аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мамандарына рахметімізді айтамыз. Аталмыш бөлім қызметкерлері әлі күнге арнайы келіп, тұрғындармен кездесіп, туындаған проблемаларды шешуді бірге қарастырып жүргені», — дейді «Батыс» ықшам ауданы тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Рашида Сатыбалдиева.
Құрылыс мәселесіне қайта оралар болсақ, кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында аудан бойынша көп қабатты тұрғын үй құрылысын 2023 жылға дейін дамыту картасы әзірленіп, бекітілген. Онда Қордай ауылында 22 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл 1270 пәтер беріледі деген сөз. Атап айтқанда, «Батыс» тұрғын алқабында 18 үй (1070 пәтер), Жібек жолы көшесінде 2 үй (120 пәтер) және Цемзауыт ықшам ауданындағы Орталық көшесінде 2 үй (80 пәтер). Осының барлығы ойдағыдай аяқталса қордайлықтар жасайтын Қоныс тойлар әлі алда болмақ.
Биыл 5 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның ішінде 1 тұрғын үй құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы, 4 тұрғын үй «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы жүзеге асуда. Қордай ауылында 4 көп қабатты үй және Гвардейск қалашығында бір 4 қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Аталмыш құрылыстар аяқталғанда ағымдағы жылдың қорытындысымен 196 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.