Баламасы жоқ интеллектуалды ойын

0 376

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «QazIq» (Qazaq Intelligence Quotient) атауымен Тараз қаласындағы ең алғашқы және баламасы жоқ қазақ тілді интеллектуалды ойын ұйымдастырылды. 7 айдан астам уақытқа жалғасқан ойын кешкілік уақытты достарыңызбен пайдалы өткізу, жаңа таныстық пен достардың ортасын және өз интеллектіңізге шабуыл жасап, өзіңізді тексеру мүмкіндігін сыйлады.

Жастар арасында интеллектуалды ортаны қалыптастыру, қала тұрғындары мен түрлі мекеме қызметкерлерінің білімге деген құштарлығын арттыруды көздеген ойынға тіркелу үшін топтың аты және қатысушылар саны жазылып,  шарты бойынша әр топта 4 – 10 адамға дейін 16 жастан асқан азаматтар қатысуға мүмкіндік арқылы. Ойын құны әр адам басына 2 000 теңгені құрағанымен қатысуға ниет білдіргендердің саны әр ойын сайын артып отырған көрінеді.

Жоба жетекшісі Асхат Олжабайдың айтуынша шараның өткізілетін орны мен уақыты Instagram әлеуметтік желісінде qaz_iq_taraz парақшасында ұдайы жарияланып отырған.

– Жобаның форматын ойластырған кезде басты критери ретінде Жастарға қызықты, ыңғайлы және пайдалы етіп ұйымдастыру көзделді. Жоба биыл бірінші рет бастау алғандықтан кемшіліктер, қателіктер де орын алды.  Алайда әр ойында біз алдыңғы қателіктерді жөндеп жобаны одан да жоғары деңгейге көтеруге тырыстық.  Сұрақтар орташа эрудициялық деңгейді талап етті. Ойын 7 кезеңнен тұрып, әр бөлім сайын сұрақтар қиындай түсті. Онда ұлттық құндылықтарға қатысты да, ең танымал фильмдер мен әндерге байланысты да жеңілдетілген орташа және қиын деңгейдегі сауалдар қарастырылды. Арагідік фотобайқау мен блиц сұрақтар да қамтылды. Қатысушыларға сұрақтардың жауаптарын белгілейтін арнайы бланкілер, қаламсаптар, қағаздар таратылды. Ұйымдастырушылар барлық кезеңнің дұрыс жауаптарын қосып, есептеп шықты. Ең көп ұпай жинаған топтар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Келесі маусымды бұдан да жоғары деңгейде ұйымдастыруға тырысатын боламыз. Айта кетерлігі, жобаны жамбылдық бренд ретінде қалыптастырып республикалық деңгейге шығару жоспары да жоқ емес. Осы орайда аталмыш жобаны алғашқы күннен бастап қолдап келе жатқан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаға және ойынға белсене қатысқан барша қатысушыларға ерекше алғыс білдіргім келеді, – дейді  Асхат Құрышғалиұлы.

Жуырда интеллектуалды ойын өз мәресіне жетті. Маусым қорытындысы бойынша 1-орынды «Асталависта бейба» тобы, 2-орынды «Тараз жастары» тобы, 3-орынды 3-орынды «190» тобы иеленсе, Асылхан Қалмырзаев «Үздік ойыншы» болып танылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.