Әулиеата өңіріндегі ауыр кезең

0 345

Қазақ тарихындағы қара қаріппен таңбаланған қасіретті аштықтың зардабы туралы аз айтылған жоқ. Көптеген тарихи деректе, көркем шығармада түрлі тағдыр иелерінің қайғылы халі, жазықсыз күйі бейнеленді.

Боз даланы бауы­рына басып боздаған, қасірет күйін күңірене шерткен қаралы елдің қалың қайғысы ғаламды теңселтті. Азабы мол ауыр кезеңнің ақиқаты талай жылдардан кейін ғана аршылып, айтыла бастады. Талай уақыт бойы тар қапаста жатқан деректердің дені жалғанның жарығына шықты.

Голощекиннің «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранының кесірінен еліміздің барлық өңірін аштық жайлады. Мұндай қасіретті кезең Әулие­ата өңірінде де орын алды. Жамбыл об­лысының мемлекеттік архивінде сақ­таулы тұрған құжаттарға қарасақ, зұл­маттың зардабы жергілікті халыққа оңай тимегенін көруге болады.

Жалпы, қазақ даласында аштықтың бір емес, бірнеше рет болғаны тарихтан белгілі. Мәселен, 1914 жылдан 1921 жылға дейін созылған аштықтың да ке­сірі елге аз тиген жоқ. Осы қасіретті көтерген Тұрар Рысқұлов 1917 жылы сол кездегі Сырдария облысының басшыларына хат жолдайды. Ұлт қайратке­рі өз сөзінде «Әулиеата уезінде кейбір ауыл­дар тұтастай жойылған, кей жерлерде 2-3, тіпті 4 болыстың басын бірік­тіріп, бір болыс құруға болады. Уездегі қырылып жатқан мал санында есеп жоқ, жүздеген мыңы өлім-жітімге ұшыраған», дейді. Осыдан-ақ сол кездегі жағдайдың қаншалықты ауыр болғаны түсінікті. Сондай-ақ архив деректеріне сүйенсек, 1918 жылы Әулиеата уезінде 390 мың халық болса, 1920 жылы 151 мыңға дейін кеміген. Екі-ақ жылдың арасында жергілікті халықтың тең жартысы аштықтан опат болып, тағдыр тәлкегімен босып кеткен. Бір ғана Сарысу ауданында 1930 жылы жалпы мал басы 472 мың 364 болса, 1933 жылы небәрі 3567 бас мал ғана қалған. Ал аштықтың сол кездегі Әулиеата өңірінің барлық ауданын жай­лағанын ескерсек, қырылған малдың санында есеп жоқ деуге болады.

Аштықтың қасіреті ел арасында «Кі­ші жылан», «Үлкен жылан» деген атаулармен де белгілі. Қазақ даласын отарлау саясатының салқыны отызыншы жылдары халықты тағы да аштық­қа ұшыратты. Бұл туралы біраз дерек Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінің 50-қорында сақталған. «Үлкен жылан» аталып кеткен 1932 жылғы аштық кезін­де де талай ел босып кетті. Аштықтан өл­гендердің санында да есеп жоқ. Сол жыл­ғы аштық туралы Тұрар Рысқұлов Сталин, Каганович, Молотовтарға хат жазып, қазақтардың ауыр халін ашына баяндайды. Хаттың «Қараша айында қонысынан ауғандардың хал-жағдайы Қазақстанның өз ішінде де мәз емес. Көп­теген қалалар (Әулиеата, Шымкент, Семей, Қызылорда және тағы басқа) мен темір жол станцияларында өлген қазақтардың мәйітін күн сайын қала сыртына алып кетіп жатады. Шу ауданында, аудан орталығы Ново-Тройцк ауылында күн сайын 10-12 қазақ өледі», деген жолдарынан да ұлттың басына түскен ауыр нәубетті көреміз. Жантүршігерлік деректер бұдан әрі жалғасады.

Ал 1933 жылғы қаңтар айының екінші бескүндігінің өзінде-ақ 24 адамның сүйегі табылғаны, басы ауған жаққа босқан әйелдердің жолда қарақшылардың ша­буылына тап болып, шарасыздан балаларын суға лақтырғаны, 5-6 қаңтарда Әулиеата шайханаларында үсіп өлген 20 баланың сүйегінің табылғаны, сол кезде 84 ересек адамның аштан өлгені – тарихи шындық. Сондай-ақ Меркі, Талас, Шу аудандарында да мал басы күрт кеміген. Дегенмен архив құжаттарын­да 1931-1933 жылдардағы аштық кезіндегі адам және мал шығыны туралы нақты мәлімет кездеспейді. Бірақ журналист Еділ Әлиевтің архив деректе­рі негізінде жазып шыққан «Жан қай­­ғы» деген кітабына үңілгенімізде, аштық кезеңіндегі орны толмас шығын туралы келтірген деректеріне ұшырастық. Ол өз еңбегінде «Әсіресе 1931-1932 жыл­дар аралығында өлім-жітім мол орын алған. Тіпті шығын 1930 жылы да көп болғаны байқалады. Осы бір есеп-са­нақ мәліметі бойынша 1930 жылмен са­лыстырғанда 1931 жылы мал басы 67,6 па­йызға кемісе, 1932 жылы 1931 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 56,1 пайыз болған. 1933 жылы 1932 жылмен салыстырғанда мал 24 пайызға азайған», деген деректі келтіреді. Сондай-ақ ел арасында аштықтың салдарынан сүзек, оба сияқты қатерлі аурулардың тарағаны туралы да мәліметтер де бар.

Михаил Калининнің және өзге де бас­шылардың халықты аштықтан құтқару керектігін айтып, жаны ашығансып, ко­миссия құрғаны белгілі. Бірақ бұл өз­дерін ақтаудың бір түрі еді. Бүкіл қа­зақ даласы аштықтан зардап шегіп, аштан бұратылып өліп жатқанда, жоға­рыдан келген бұйрық бойынша 1921 жылы әулиеаталықтар «Волга» бойын­да ашыққан екі мың баланы арнайы ашылған Балалар үйінде тамақтандыр­ған, киіндірген деген дерек кездеседі. Өкінішке қарай, мұндай қамқорлықты сол кездегі қазақтар көрген жоқ. Аштыққа қарсы құрылған бұл комиссия 1923 жы­лы таратылады. Дей тұрғанмен, сол ке­зең­дерде аштықтан зардап шеккен аймақтарға аздап мемлекеттік көмек те беріле бастаған екен. Алайда Орталық комитеттен арнайы келген тексеру ко­миссиясының мүшелері Әулиеата же­ріндегі қызмет көрсету орындарының ашаршылықпен қарсы күрес кезеңінде атқарған жұмыстарына сараптама жасайды. Нәтижесінде, аштық салықтарын талауға салды деген себеппен көптеген қызметкер ауыр жазаларды арқалап кеткен. Мәселен, Әулиеата маңындағы Ботамойнақ-Алмалы болысына қарас­ты 4-ауылда орналасқан аш адамдарды тамақтандыру пунктінде небәрі 600 ғана адам қалғаны анықталған. Ал бұл жерде тіркелген адам саны 1850 болған екен. Аз уақыттың ішінде бұл жерден де жүздеген адам жоғалып кеткен. Көп­шілігі тамақтандыру орындарының на­шар болғандығынан күдер үзіп, ха­лық тығыз орналасқан ауылдарға қа­рай бас сауғалаған. Бұл – сол кездегі тамақ­тандыру орындары жұмысының на­шар­лығын көрсететін бір ғана дерек. Архивтен мұндай жүздеген дерек табуға болады. Осындай жағдайлар Әулие­ата өңіріндегі Меркі, Ақыртөбе тамақ­тандыру пункттерінде де кездеседі.

Халықты аштықтан құтқару жөніндегі Тұрар Рысқұловтың еңбегі тарихтан мәлім. Ол адамдарды тамақтандыру үшін 40 миллион рубль бөлгізуді көздейді. Сол сияқты, Әулиеата уезі бойынша құрылған аштыққа қарсы күрес жөнін­де­гі комитеттің қызметкері Үсіпалы Нұршановтың да Алмалы пунктіндегі бес жүзден астам адамның ауыр халін, тамақтың тұрақты берілмейтінін айтып, тиісті орындарға хат жолдауы ерлікпен пара-пар еді. Сол бір қасіретті жылдары елге жаны ашыған талай Нұршанов сынды азамат болды. Өкінішке қарай, көбінің есімі ел жадынан өшіп, уақыттың тасасында қалып қойды. Аштық салдарынан қанша адамның сүйегінің далада қурап қалғаны да белгісіз еді.

Қазақ даласындағы қайғылы кезең­дердің суреті тарих толқынында тұнып тұр. Адамның етін адам жеген уақыттың қасіреті ешқашан ұмытылмайды. Халық­та «Жұт – жеті ағайынды» деген сөз бар. Өзі аштықтан арып-ашқан елдің басынан сол кезеңдерде қара бұлт арылған жоқ. Әулиеата өңірінде аштықпен бірге саяси қуғын-сүргін де қатар жүрді. Мәселен, сол кездегі «Құмжота» колхозы партия ұйымының хатшысы Алтыбек Тілеукеев 1933 жылы үйіне молда шақырып, қайтыс болған әкесіне Құран оқытады. Көп ұзамай оның үстінен арыз-шағым түсіп, ақыры ату жазасына кесіледі. Осы сияқты аянышты тағдырлар көптеп кездеседі. Мұндай кезеңде көптеген құрбандықтың шолақбелсенділердің пәрменімен жүзеге асқанын да айта кету керек. Дегенмен қазақ тарихындағы қаралы кезеңнің бірінен саналатын аштықтың ақиқаты ұрпақ санасынан ешқашан өшпейді. Ғаламның, адамның, қоғамның қасіреті Ұлы даланың қатпар-қатпарында жазулы тұр. Оны уақыттың дауылы да, жауыны да өшіре алмайды.

Хамит ЕСАМАН,
egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.