Ауданда құрылыс жұмысы қарқынды жүруде

0 264

Жылдың алты айында Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің атқарған жұмысы аз емес. Алда атқарылар шаруалар да жетерлік. Мәселен ауданда тұрғын үй кезегінде барлығы 1263 адам тіркелген екен. Осы тұрғындарды кезең-кезеңімен тұрғын үймен қамтамасыз ету аудан әкімдігі «үшін басты міндеттің бірі. Осы үдеден шығу мақсатында Құлан ауылы «Арай» тұрғын алқабынан 2,4 гектар жер теліміне 80 пәтерлі 5 қабатты 4 үйдің құрылысын салу жоспарланған екен. Аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Т.Жапарқұловтың айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында көп қабатты бірінші үйдің құрылыс-монтаж жұмыстарына былтыр бөлінген 80 907,0 мың теңгегенің жұмыстары атқарылыпты. Биыл осы бағытта 512 576,0 мың тенге бөлінсе, оның ішінде 461 319,0 мың теңге республикалық, 51 257,0 мың теңге облыстық бюджеттен қарастырылыпты. Бөлінген қаражатқа қосымша келісім-шарт жасалып, қазіргі таңда жұмыстар қарқынды және сапалы жүргізілу үстінде екен.
Нысанды пайдалануға тапсыру уақыты осы жылдың қазан айына жоспарланған. Жобаның келісім шарт құны – 593 726,0 мың теңге. Ғимаратта бір бөлмелі-20, Екі бөлмелі-40, үш бөлмелі-20 пәтер бар. Тұрғын үйді салатын мердігер «Компания Сырым Блеке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ал техникалық қадағалаушы – «Эльжан-2006» ЖШС, авторлық бақылаушы «Компания Арыстан Сервис» ЖШС.
Екінші үйдің құрылыс-монтаж жұмыстарына ағымдағы жылға бюджеттен 113 298,0 мың теңге бөлінді. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қалған қаражат қарастырылған жағдайда келер жылы нысанды пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Жобаның келісім шарт құны – 673 726,0 мың теңге.
Үшінші үйдің жобасын дайындау үшін аудандық бюджеттен 10925,0 мың теңге қарастырылып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылып, мердігер мекеме «Кантри-М» ЖШС болып анықталды. Жобалық-сметалық құжаттама дайындау ісі толығымен аяқталып, облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының «Сәулеттік бюро» мекемесінен келісім алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.Төртінші үйдің жобасын дайындау үшін, бастапқы құжаттары әзірленіп, алдағы жылы жобалау жоспарлануда – дейді Т.Жапарқұлов.
Ауданда көп қабатты үйлердің кәріз жүйесінің құрылыс-монтаж жұмыстарына 52 676,0 мың теңге бөлініпті. Мердігер мекеме «Интеллект Азыя» ЖШС болып анықталса керек. Құрылыс жұмыстары бүгінде 80 пайызға аяқталыпты. Жобаның келісім шарт құны 45 427,0 мың теңгені құраған. Құрылыс жұмыстары тамыз айында толығымен аяқталады деп күтілуде.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.